Өңірімізде жыл сайын кинолог мамандардың жарысын өткізу дәстүрге айналған. Биыл сайыс ішкi iстер департаментiнiң кинология орталығының базасында өтті.
Жарысқа “Шило” есімді төрт аяқты досымен қатысқан облыстық қылмыстық-атқару жүйесi департаментiнiң “ЕС-164/1” мекемесiнiң кинологі, әдiлет сержанты Жомарт Қадыров үздік деп танылды. Аталмыш департаменттің қызметкері Қанат Сүлейменовтің айтуынша, жоғары кәсіби шеберлігін жетілдіруді, қызметтік иттердің үйретілу деңгейін анықтауды және қылмыстардың ашылуын жақсартуды көздейтін шараға 20-дан астам маман қатысты.
Есірткіні іздеу, адамды жүрген іздері бойынша табу, кедергілерден өту, қаруланған қылмыскерді ұстау – қызметтік-иісшіл иттердің иелеріне осындай төрт сын ұсынылды. Жеңімпаз солардың бәрінен сүрінбей өтті.
Жанаргүл МЕЙРАМ,
“Солтүстік Қазақстан”.