Өз елінің, халқының ортасында өмір сүре отырып, оның әдет-ғұрыптарынан тысқары тұратын адам жоқ, сірә! Бұл, әсіресе, жаһандану заманында керек дүние. Өйткені, әлемдегі ұлттар мен ұлыстардың денінің жаһандану үрдісіне ұлттық ерекшеліксіз, салт-санасыз, әдет-ғұрыпсыз еніп бара жатқанын көріп отырмыз.
Ел мен елдің, ұлт пен ұлттың шекаралас, қанаттас, көп жағдайда өзара аралас-құралас өмір сүріп, жақсы қарым-қатынаста болуы да дәстүрдің дамуына әсер етеді. Сондықтан олардың өзіндік салттарында айырмашылықтар ғана емес, ұқсастық, төркіндестік те кездеседі. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Қазақ халқының үйлену тойларында бүгіндері бір қаға беріс сәттерде қалыңдықтың кебісін немесе өзін ұрлап алып кетіп, оған айыппұл сұрап, тойды азан-қазан у-шуға айналдырып, ақыр аяғында ұрыс-керіс басталып, қуаныш тойына кірбің келтіріп жататынын қайтерсің?! Бұл біздің салтымыздың көрінісі ме? Әрине, жоқ. Сынықтан өзгені жұқтырып алып, ұлтымыздың дәстүрлерін жөнсіз істермен былғағанымыз емей, немене?!
Қазір не көп, той көп. Қазақ қарыз алып болсын қуанышын ұлан-асыр той жасап атап өтуде. Әрине, алыстағы жамағайынның басын бір дастарқан басына тоғыстырып, ет жақындарға құрмет көрсеткеннің сөкеттігі жоқ. Мәселе сол салтанат үстінде жасалатын жоралғылардың мағынасыздығында болып отыр. “Құдаңды Құдайдай сыйла” дегенді желеу етіп, қадірлі меймандарға арақ ала жүгіретін болдық. Содан кейін алдымыздағы дәмнің, табақтағы еттің үстіне рөмкедегіні төгіп-шашып “сен іш”, “мен іш”, “мені сыйламайсың ба”, “құда деп құрметтесең, осыны түбіне дейін іш” деп қолқа салатынын қайтерсің?! Содан кейін “арам су” төгілген адал асты жеп көр, әрине, көңілің тартпайды. Осындай жиындардың үстінде егде тартқан ер адамның “Табаққа арақ төкпеңдер”, – деп дауыс көтергеніне үйдің иесі “Бұл да астың бір түрі, онда тұрған не бар?”, – деп жауап қайтарды.
Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің 2019 жылғы 25 шілдедегі №85 санынан оқи аласыздар.