«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОСПАРДА — Т-РТ ЖОБА

Елімізде бюджет шығынын қысқартып, кәсіпкерлікті өрістету мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Үстіміздегі жылы облыстық білім басқармасы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында төрт жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Олардың алғашқысы – Солтүстік Қазақстан кәсіптік даярлау және сервис колледжінде “Ара өсіру” мамандығы бойынша инклюзивті білім беру негізінде кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру. Жеке меншік иесінің материалдық және еңбек ресурстарымен қамтылған, ұзақ мерзімге жалдау құқығы бар нысаны мемлекеттік-жекешелік әріптестікке жатады. Меншік иесі жобаны бастауға және баламалы ұсыныстар болмаған жағдайда конкурс өткізбестен, тікелей келіссөздер негізінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында келісімшарт жасауға құқылы.
Келесі жоба Петропавл қаласындағы оқу орындарына мектептегі асханалардың мүлкін сенімді басқаруға беруге қатысты. Мектеп асханаларын жаңғырту және қайта жабдықтау үшін қаржы қажет. Бұл бюджет үшін үлкен жүктеме болады. Сондықтан жоба бюджеттік қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді.
Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында Петропавл қаласындағы мектептердің 31 асханасын кәсіпкерлерге беруді жоспарлап отырмыз. Ол жергілікті атқарушы органдарға бюджетті оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Петропавл қызмет көрсету саласы колледжі үшін 244 орындық жатақхана салынады. Бұл үшін арнайы жер телімі бөлінді. Осылайша, ауылдық жерден келіп білім алып жатқан студенттердің баспана мәселесі шешіледі. Бұл үшін құрылыс жұмыстарын жүргізушінің жекеменшік қаражаты пайдаланылады немесе екінші деңгейдегі банктерден қарыз алуы мүмкін.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында балабақшаларда да өзгерістер орын алады. Облыс орталығындағы үш балабақшаны жаңарту үшін сенімді басқаруға берілмек. Бұл жоба аясында ауылдық жерлердегі балабақша тапшылығын шешуді көздеп отырмыз. Оның үстіне жобаны жүзеге асыру аясында жеке әріптес еңбек тәртібі мен талаптарын бұзбай, аталмыш нысанды қосымша қаражат көзі ретінде пайдалана алады. Мәселен, қосымша ақылы топтар ашып, демалыс күндері ақылы түрде балаларға арналған мерекелік бағдарламалар өткізуге болады.

Гүлмира КӘРІМОВА, облыстық білім басқармасының басшысы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp