Жыл басынан бері “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамының қарамағындағы нысандарда жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Петропавл №2 жылу-электр орталығына баспасөз туры ұйымдастырылып, компанияның сараптама кеңесінің мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Орталықта 2009 жылдан бері жүйелі жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді. Нысанда биыл №6,7 және 12 жылу қазандықтары күрделі жөндеуден өткізіліп, тозығы жеткен №4,1 және 5 турбоагрегаттар жаңартылған. Петропавл №2 жылу-электр орталығының бас инженері Вадим Ягодин, ең алдымен, жылу өндіретін нысанның аумағында орнатылған электрмен жабдықтаушы қондырғылардың жұмысымен таныстырды. Бұдан кейін журналистер серіктестік қызметін бастан-аяқ бақылайтын басқару қалқанының жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болды.
– Жалпы, үстіміздегі жылы №2 жылу электр орталығында жаңғырту жұмыстарын жүргізуге 1 млрд. 200 млн. теңге бөлінді. Жаңғырту жұмыстары жыл бойы жүргізілуде. Бүгінде орталықтың электр цехында “ОРУ-110 кВ” жобасына жаңғырту шараларын жүргізу аяқталды. №7 турбоагрегаттың “7АТ” автотрансформаторы ауыстырылуда, – деді Вадим Ягодин.
Маңызды нысанда кадр тапшылығы жоқ. Жас мамандар негізінен облыс орталығындағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің инженерлік және сандық технологиялар факультеті мен Б.Әшімов атындағы Петропавл теміржол көлігі колледжінің “Электр энергетикасы” және “Жылу-техникалық қондырғы мен жылумен қамтамасыз ететін жүйелер” мамандықтарын игерген түлектер.
Шара соңында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, “Петропавл жылу желілері” ЖШС-і бас инженерінің міндетін атқарушы Виталий Холоша тілшілердің сауалдарына жауап берді. Басшының айтуынша, жыл басынан бері 11,9 шақырым құбырға жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Ал 12,4 шақырымды құрайтын құбыр жаңасына ауыстырылды. Жылдық жоспар 104,1 пайызға орындалған. Бұл жұмыстарға 444 млн. теңге бағытталған. Күрделі жөндеу жұмыстары аясында 4215 метр жылу оқшаулығышы қалпына келтіріледі. Қазіргі кезде жылдық жоспар 119,8 пайызға асыра орындалды.
Кәсіпорынның өз қаражаты есебінен пенополиуретан қолдану арқылы 197 метр жылу оқшаулағышын қалпына келтіру жоспарлануда. Бүгінгі таңда орындалғаны – 8008 метр.
Виталий Холошаның айтуынша, облыс орталығында жылыту маусымы ойдағыдай жүргізілуде. 173 мың тонна көмір қоры бар.
– Бүгінгі күні облыс орталығындағы Маяковский көшесінде орналасқан жатақханадан өзге 1171 тұрғын үйдің барлығына жылу берілді. Жылуы жоқ жалғыз үйде құбырларды жуып-шаю жұмыстары жүргізілмеген. Соның салдарынан қысқы маусымға дайындығы жөнінде төлқұжат алмады. Бүгін-ертең ол баспанаға жылу беріледі. Сонымен қатар үстіміздегі жылы “Береке” шағынауданы, теміржол вокзалы және Жұмысшы кентінің тұрғындары үшін №3 жылу магистралі салынып жатыр. Оның ұзындығы 3,5 шақырымды құрайды, – деді Виталий Холоша.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”