Тарихшылардың айғақтауынша, Жошыдан бастап қазақ ұлысында әр кезеңдерде жетпіске тарта хандар болған екен. Әрине, олардың барлығы бірдей ел аузында еленіп жүретіндей еңбек сіңірмеген. Небәрі екі-үш жылдың айналасында тақ иеленгені болмаса, ақыл-парасатымен, ерлігімен, көрегендігімен ел-жұрттың жадында қаларлықтай игілік жасай алмағандары жоқ емес.
Соған, керісінше, Қазақ хандығының іргесін бекітіп, үстінен жау қылышын жалаңдатқан тұстарда тұтастықты сақтаған, халқымыздың қадір-қасиетін дұшпандарына таптатпаған салқамдары мен әздері де бар.
Біз осы шежіреде қазақтың ең белгілі хандарының есімдерін атауды ұйғардық.
Қасым хан (1445-1518) – Әз-Жәнібектің ортаншы ұлы. Қасым – өте ұстамды, ақылды, парасатты, жаужүрек, ел қорғаған қолбасшы. Ол әкесінің Керей ханмен бірге құрған ұлысын жаулардан қорғай білген. Өз кезіндегі аса қуатты әскерді басқарған. 1511-1522 жылдар аралығында хандық құрған.
Қасым хан Әбілқайыр ұрпағы, оның немересі, өзбек ұлысының ханы Мұхаммед Шайбанидің қазақ даласына жасаған сансыз жорықтарының бетін қайтарып, ақыры қазақтардың осы қас жауынан Сауран, Созақ, Түркістан қалаларын босатып алған және Шайбанидің ауған жеріне ойысып, сол жақта қаза табуына жетіскен.
Әз-Жәнібектің ұлы ел билегенде “Қасым ханның қасқа жолы” деген заң шығарған, ел ішінде өте беделді басқарушы болған.
Хақ-Назар – Қасым ханның ұлы. Ол 1538 жылдан бастап, 42 жыл бойы хандық құрған. Қазақ елінде одан ұзақ ел басқарған өзге хан жоқ. Бұл жылдар елдегі ең бір тиыш, бейбіт тұрмыс кезеңі. Хақ-Назар асқан қажырлылығымен, қабілетімен ішкі-сыртқы мәселелерді үнемі оңтайлы шешіп отырған.
Тәуекел хан (туған жылы белгісіз – 1598). 1582-1598 жылдары хандық билік тізгінін қолында ұстаған. Оның әкесі – Шығай хан.
Тәуекел Хақ-Назардың жақсы мұрагері бола білген. Ол өмірін өзбек хандарымен үнемі майдан жағдайында өткізген. Осы ретте өзбек хандығынан есе қайтару үшін орыс империясымен саяси, сауда-саттық қарым-қатынастар орнатқан. Ел әскерінің қуаттылығына жетіскен. 1598 жылы Бұқар хандығымен соғыста қаза тапқан.
Есім хан – Шығай ханның екінші ұлы. Ағасы Тәуекелдің тәлім-тәрбиесін алған. Туған жылы белгісіз, 1628 жылы қайтыс болған. Есім аса ержүрек қолбасшы. Сондықтан қазақ жұрты оған “Еңсегей бойлы ер Есім” деген атақ берген. Ол 1598 жылы ағасы Тәуекелмен бірге Мауреннахрда болған соғыста үлкен ерлік көрсеткен.
Халық оның хандық құрған кезінде “Есім ханның ескі жолы” деп мадақ таратқан.
Салқам Жәңгір (1608-1680). Есім ханның ұлы. Оған халық “Салқам” деген атақ берген. Бұл асқан ержүрек деген мағынаны білдіреді. 1643-1652 жылдары хандық құрған. Бұл кезең жоңғарлардың күшейіп, тұтқынға түскен орыстардың және еуропалықтардың көмегімен отты қару, әсіресе, зеңбірек иеленген тұсы. Осылайша, қаруланған қалмақтар 1643 жылы қазақ жеріне Баатыр қонтайшы бастаған 50 мың адамдық қолымен тұтқиылдан шабуыл жасаған. Бұл соғыс “Орбұлақ шайқасы” деген атаумен тарихта қалған. Небәрі 35 жасар Жәңгір хан қалмақтарға қарсы бар болғаны 600 адамдық жасақ жинай алған. Бірақ тар шатқалда ор қазу әдісін алғашқы болып қолданып, жаудың қисапсыз әскерін бөгеген. Осы уақытта оған Самарқанның билеушісі алшын Жалаңтөс батыр (Әйтеке бидің арғы атасы) 20 мың адамдық қолмен көмекке келіп, Баатырдың 50 мың адамдық әскерін тас-талқан етіп қиратқан. Осы майдандағы асқан ерлігі үшін халық Жәңгірді “Салқам!” деп атап кеткен.
Тарихты зерттеушілер Жәңгір ерлігі жөнінен әкесі Есім ханнан асып түскенін айғақтайды.
Тәуке хан (1626-1718). Ол – Салқам Жәңгірдің ұлы. Есім ханның немересі. 1680-1715 жылдары хан тағында отырған. Асқан парасатты, ақылман, көреген хан болған. Оның тұсында қазақ даласында “Билер мектебі” үстемдік еткен. Тәукенің данышпандығын байқаған билер бас болып, оған “Әз” – дана деген атау берген.
Тәукенің тұсында Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Қожаберген жырау “Жеті Жарғының” нұсқасын жасаған.
Әз-Тәуке өзге жұрттармен тату көршілік саясат ұстанып келген. Әсіресе, жоңғарлардың қимыл-әрекетін бақылап, аңдап отырған барлаушылар ұстаған. Алайда, ол дүниеден озғаннан кейін ізбасарлары Әз-Тәукенің жолын жалғастыра алмай, ел ішіне бүлік кіргізген. Мұны жоңғарлар жақсы пайдаланып, қазақтар “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” қасіретіне душар болған. Есім ханның ұрпағы Қайып хан, одан кейінгі Тәукенің өз ұлы Болат хан 1715-1729 жылдардың аралығында қазақ жұртын әбден жұтап, жаудың езгісіне душар болуына дейін жеткізген.
Әбілмәмбет – Болат ханның ұлы, Тәукенің немересі, туысы Абылай сұлтан Көркем Уәлиұлының көмегімен 1729 жылдан 1771 жылға дейін ел билеген.
Абылай ханның (1711-1781) өмірі мен ерлігі баршаға аян. Ең көп және анық зерттелген хан. Ол Үш жүздің ханы болып, 1771 жылы бауыры Әбілмәмбет өмірден өткенде ғана сайланған. Оған дейін таққа таласпаған. Қазақ халқы өзінің елінің тұтастығы мен мемлекеттігінің сақталуы үшін Абылай ханға мәңгілік борышты. “Сол күнде ел қорғаған Абылайдың қылсаң да аз қанша тәуеп моласына” деген Мағжаннан ешкім асырып айта алмас, сірә!
Кенесары хан (1802-1847). Абылайдың немересі, Қасым сұлтанның ұлы. Қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының басшысы, соңғы ханымыз. Орыс отарлаушыларының қимыл-әрекеттеріне қарсы бас көтеріп, үш жүздің ханы ретінде қол бастаған. 1847 жылы орыс патшасына сатылып кеткен қырғыз манаптарының қолынан Іле Алатауының Кекілік деген жерінде қырғыздың Орман манабының қолынан асқан қатыгездікпен, айуандықпен қаза тапқан.