Жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тарту индустриялық-инновациялық даму стратегиясы негізінде жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының инновациялық саясатымен байланысты болып отыр.
Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін әкелуге, сондай-ақ, жұмыс күшін әкетуге байланысты қызмет заңнамалық және нормативтік актілермен реттеледі.
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін квота шеңберінде ғана Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат етіледі. Шетелдік жұмыс күшін тартуға квота экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың санына пайыздық қатынаста немесе басым жобалар және шетелдік жұмыс күші келген елдер бойынша абсолюттік сипатта белгіленеді. Ол келесі жылға санаттар, кәсіптер, мамандықтар бөлінісінде шетелдік жұмыс күшінің қызметін жүзеге асыру жоспарланып отырған жер бойынша 1 қыркүйекке дейін жергілікті атқарушы органға жұмыс берушілер жыл сайын жіберетін өтінімдердің негізінде жасалады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстанда шетелдік қызметкерлердің жұмысы белгілі бір жағдайларда жұмысқа тиісті рұқсат алуды талап етеді.
Рұқсаттың екі түрі бар:
1) шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға рұқсат;
2) жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат.
Заңнамада жоғарыда аталған рұқсаттарды алу талап етілмейтін шетелдіктердің кең тізбесі белгіленген. Бұл тізбеге, бұлардан басқа, мына тұлғалар енгізілген:
Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан келген қызметкерлер;
шетелдік заңды тұлғалар филиалдарының немесе олардың өкілдіктерінің бірінші басшылары;
Қазақстан Республикасының Үкіметімен 50 миллион АҚШ долларынан астам сомада инвестиция шартын жасасқан ұйымдардың бірінші басшылары және қызметтің басым түрлерінде инвестициялық қызметті жүзеге асыратын және инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен шарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының бірінші басшылары болып жұмыс істейтін шетелдік қызметкерлер.
Шетелдік қызметкерлерге жұмысқа орналасуға рұқсат Қазақстан Республикасында шетелдік қызметкерлердің өз бетімен жұмысқа орналасуына арналған мамандықтар тізбесіне сәйкес беріледі. Тізбе 30 мамандықтың (кәсіптер) атауларын, соның ішінде инженерлердің кейбір санаттарын, ақпараттық технологиялар, авиация, космос саласындағы мамандықтарды қамтиды.
Жұмыс берушіге рұқсаттың жоғарыда аталған екінші түрі Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы шегінде беріледі.
Аталған екі рұқсат түрін жергілікті атқарушы орган береді.
Рұқсат алу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 қаңтардағы №45 қаулысымен бекітілген шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің қағидалары мен шарттарымен реттеледі (бұдан әрі – Қағида).
Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің шарттары мен тәртібі.
Қағида рұқсаттың аталған түрін беру мақсаттарына қызметкерлердің 4 санатын анықтайды:
1) бірінші санат – бірінші басшылар және олардың орынбасарлары;
2) екінші санат – құрылымдық бөлімшелердің басшылары;
3) үшінші санат – мамандар;
4) төртінші санат – білікті жұмысшылар.
Тартылатын шетелдік жұмыс күшінің қай санатқа жатқызылуына байланысты Қазақстан Республикасы азаматтарының белгілі бір санына қатысты жұмыс беруші тарапынан орындалуға тиісті ерекше шарттар анықталады.
Ерекше шарттарды орындау жұмыс беруші үшін міндетті шарт болып табылады. Оларды орындаудан жалтару келешекте рұқсат беруден немесе оның мерзімін ұзартудан бас тартуға негіз болуы мүмкін.
Жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру туралы өтінішті бергенге дейін олар жұмысқа тартып жатқан 1-ші және 2-ші санаттағы шетелдік қызметкерлер 1-ші және 2-ші санатқа жататын қазақстандық қызметкерлердің жалпы санының 30%-ынан; ал 3-ші және 4-ші санаттар бойынша қазақстандық 3-ші және 4-ші санаттағы қызметкерлердің жалпы санының 10%-ынан аспайтынына көз жеткізуі қажет.
Егер жұмыс беруші ол үшін белгіленген ерекше шарттарды, жоғарыда баяндалғандай кадрларға жергілікті мазмұнды сақтаса, сондай-ақ, Қағидамен белгіленген басқа да шарттарды орындаса және ішкі еңбек нарығында қажетті біліктілігі бар мамандар болмаса, оған шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беріледі.
Осындай рұқсат 1-ші санат үшін шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын жұмыс берушіге жыл сайын 12 айға ұзарту мүмкіндігімен 3 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Шетелдік жұмыс күшін бірінші санат бойынша тартуға арналған рұқсат шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын жұмыс берушілерге екі реттен асырмай ұзартумен, он екі ай мерзімге беріледі. Жұмыс беруші шағын кәсіпкерлік субъектісі болса 1-ші санат үшін 2 реттен аспайтын ұзарту мүмкіндігімен 12 ай мерзіміне дейін беріледі. 2-ші және 3-ші санаттар үшін он екі ай мерзімге екі реттен асырмай ұзартумен он екі айға беріледі. 4-ші санат үшін рұқсат ұзарту құқығынсыз 12 айға дейінгі мерзімге беріледі.
Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында берілген рұқсаттар бойынша “Сұлтан элеватор диірмен-макарон кешені” АҚ, “Сүт өнімдері” ЖШС және “Сұлтан кондитерлік өнімдер” АҚ-да 3 шетелдік маман жұмыс істейді.
Осы мәселе бойынша толығырақ кеңесті Абай көшесі, 64-үй мекен-жайында орналасқан “Солтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы” ММ-нен алуға болады.
Ержан БЕЙСЕНБИН,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы.