«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жоғары білім берудің жаңа деңгейі

Аризона университеті өкілдерімен кездесу барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов делегация мүшелеріне студенттерге сапалы білім беру мәселесі және қос дипломды бағдарламаның маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту және білім беру сапасын жоғарылату жайлы да сөз қозғалды.

– Біз төрт жыл бойы сіздер­мен тығыз жұмыс істеп, үлкен мақсатты жүзеге асырудамыз. Халықаралық стандарттағы са­палы білім берумен қамта­масыз ету бағытындағы жұмыс­тарымыз нәтижесіз емес. Қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да қос диплом және бір­лес­кен білім беру бағдарлама­лары бойынша 1 мыңға жуық студент білім алуда. Бұл – жақсы көрсеткіш, – деді өңір басшысы.

Жергілікті жоғары оқу орны базасында жұмыс істейтін Ари­зона университетінің филиалы биылғы жылы студенттердің үшінші легін қарсы алды. Осы­ған байланысты облыс орта­лығына шетелдік оқу орнынан арнайы делегация келді.

– Біз М.Қозыбаев атындағы СҚУ-ға қос диплом бағдарлама­сы бойынша түскен студенттер­дің 3-ші тобын қарсы алуға ар­найы келдік. Кеше мен студенттермен кездестім, олардың бо­лашаққа деген ұмтылысы мен жігерін байқадым. Білім және ғы­лым саласындағы нәтижелі ын­тымақтастығымыздың 4 жыл­ды­ғы туралы жоспарымыз бар. Бірлескен жұмыстың игілігін бірге көреміз деген ниеттеміз, – деді Аризона университетінің вице-президенті Дженни Ли.

Сондай-ақ кездесуге Ғы­лым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек қатысты. Ми­нистр алдағы жоспарларды талқылап, бірқатар мәселелер­дің басын ашты. Ол Аризона уни­верситетінің филиалы ашыл­­­ған сәттен бастап М.Қозы­баев атындағы СҚУ-ға жыл са­йын келетінін айтты.

Бұрын түлектердің дені шет­елде, атап айтқанда, Ресейде білім алуға ұмтылған болса, қос диплом бағдарламасы аясында олардың басым бөлігі Қызылжарда оқуға қызығушылық та­нытуда.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp