«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОҒАРЫ БІЛІМ ТАБЫСТЫҢ КІЛТІ МЕ?

Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының мәліметіне сәйкес, биыл наурыз айындағы ҰБТ-ға қатысқан 159 мыңнан астам талапкердің 75,5 пайызға жуығы шекті балды жинаған. Бұл – жастардың жоғары білімге ұмтылысының көрсеткіші дейді сарапшылар. Жастар мен ата-аналары үшін жоғары оқу орнына түсу – болашақтың кепілі екенін айғақтайды.

Қоғам санасында терең орныққан «Диплом – жарқын болашақтың кілті» деген сенім үлкен үміттің бастауына айналғалы қашан. Өйткені жоғары білім – жоғары лауазым мен тұрақты табыстың кепілі ретінде қарастырылып келді. Алайда бүгінгі еңбек нарығы бұл қағиданы түбегейлі өзгертіп отыр. Қазір диплом – мәртебе емес, тек өз қабілетіңді дәлелдеуге рұқсат беретін құжат қана. Себебі жұмыс берушілер үшін бастысы – адамның қабілеті мен тәжірибесі.

Бұл әсіресе ІТ, медиа, бизнес және креатив салаларында анық байқалады. Осы салаларда қабілетті адам жоғары оқу орнын бітірмесе де, жұмыссыз қалмайды. Мұндай ұстаным Батыс елдерінде бұрыннан бар. Мәселен, АҚШ пен Канадада жұмысқа орналасарда дипломнан гөрі нақты біліктілік пен тәжірибе бағаланады. «Google», «Apple», «Tesla» сынды ірі компаниялар кейбір бос орындарға аларда «жоғары білім міндетті емес» деп ашық айтады. Ал Германияда кәсіби колледждерге басымдық берілетін дуалды білім беру жүйесі қалыптасқан. Бұл елде нақты кәсіп иесі болу – жоғары оқу орнын бітіргеннен артық саналады және мемлекет бұл бағытты белсенді қолдап отыр.

Кәріс және жапон қоғамында да дәстүрлі түрде жоғары білімге деген құрмет ерекше болғанымен, соңғы жылдары жастар арасында бұл түсінік өзгеріп келеді. Жоғары оқу орнын бітірушілер саны артқан сайын, жұмыс орындарының тапшылығы байқалуда. Осыған байланысты жастар кәсіпкерлікке бет бұра бастаған. Ал Финляндия, Нидерланды және Аустралияда мектеп кезінен бастап оқушының санасына «жоғары білім – міндетті емес, бастысы – өз ісіңнің шебері болу» деген қағида сіңіріледі. Мәселен, Финляндияда техникалық колледждер университеттермен тең бағаланады екен.

Біздің елде жоғары білім алған азаматтар саны артып келеді. Ресми дежылында елімізде 624,5 мың стуректерге сүйенсек, 2023-2024 оқу дент білім алып, оның 147,4 мыңы оқуын тамамдаған. Ал жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 82,8 пайызды құраған. Бұл жақсы көрсеткіш, бірақ барлығы бірдей жоғары жалақы ала бермейді.

«Freedom Life» сараптамасына сүйенсек, ең жоғары бастапқы жалақыны АҚШ, Франция және Біріккен Араб Әмірліктері ұсынады. Мысалы, АҚШ-та жас маман орта есеппен айына 1 млн. 800 мың теңге табыс тапса, Францияда – 1 млн. 780 мың теңге, БАӘ-де – 1 млн. 640 мың теңге көлемінде жалақы алады. Германия мен Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 1 млн. 400 –1 млн. 500 мың теңге шамасында. Ал Азия елдерінде: Жапонияда – 749 мың, Кореяда – 479 мың, Қытайда – 371 мың теңге. Қазақстанда болса, жас түлектің орташа жалақысы 250 мың теңге.

Айырмашылық тек елге емес, жас мөлшеріне де байланысты. Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы дерегі бойынша, 25-34 жастағылардың орташа айлық табысы – 347 985 теңге, ал 35-44 жастағыларда – 397 468 теңгені құрап отыр. Бұл тәжірибе мен жас ұлғайған сайын табыс арта түсетінін көрсетеді. Сонымен қатар табыс деңгейі адамның білім деңгейімен де тығыз байланысты. Орта білімділердің айлығы – 262 238 теңге болса, жоғары білімділер – 438 005 теңге, ал магистрлік немесе одан жоғары деңгейдегі білім иелері – 558 882 теңге шамасында табыс табады. Осы деректер жоғары білімнің табысқа әсерін көрсеткенімен, барлық салаларда жалақы жоғары емес. Білім, денсаулық сақтау мен мемлекеттік қызмет салаларында еңбекақы деңгейі 300 мың теңгеден аспайды. Мысалы, балабақша тәрбиешілерінің жалақысы – 162 мың, медицина саласындағы қызметкерлер – 292 мың, мемлекеттік қызметкерлер – 313 мың теңге алады. Ал ең жоғары табыс – қаржы, сақтандыру, ІТ және көлік-логистика салаларында. Бұл салада жалақы 800 мыңнан бастап, 1 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Осы теңсіздікті жою және сапалы білімді барлық бала үшін қолжетімді ету мақсатында мемлекет бірнеше қаржылық бағдарламаларды іске асырып отыр. Соның бірі – мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі. Бұл жоба арқылы ата-аналар сақтандыру компанияларымен келісімшарт жасап, баласының болашақ оқуына қаражат жинай алады. Егер ата-ана күтпеген жағдайға тап болса, сақтандыру компаниясы оқу ақысын толық жабады. Ал егер бала грант жеңіп алса, жиналған қаржыны басқа мақсатқа пайдалануға мүмкіндік бар. 2025 жылы бұл жүйе жаңартылып, «Келешек» жобасына айналды. Енді мемлекет 5 жасқа толған балаларға 60 АЕК (шамамен 236 мың теңге), ал ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға – 120 АЕК (472 мың теңге) көлемінде бастапқы қаражат ұсынады. Жыл сайын ата-аналар аударатын жарна шекті мөлшермен бекітілген.

Рас, жоғары білім табысты өмірдің жалғыз жолы болмауы мүмкін, алайда соған апарар маңызды баспалдақтың бірі. Дұрыс оқу орнын және өзіңізге лайықты мамандықты таңдай білу, еңбек нарығын зерттеу және қаржылық жоспарлауды ерте бастау – табысты болашақтың кілті. Бірақ ең бастысы – таңдаған салаңызға деген қызығушылық пен қажырлы еңбек екенін ұмытпаған жөн.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp