
Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының аяқталуына екі тур ғана қалды. Бұған дейін өткен 24 ойынның нәтижесі бойынша петропавлдық “Қызылжар” командасы топ бастап тұр. Кезінде еліміздің ұлттық құрамасы сапында жасындай жарқылдаған, Алматының “Қайратын” алға сүйреген, Түркияда доп тепкен Әли Әлиев жаттықтыратын команда он бес ойында жеңіске жетіп, екеуінде ғана қарсыластарына есе жіберді. Жеті матч тең аяқталған.
Қызылжарлықтардың өкшесін басып келе жатқан Ақтаудың “Каспийінің” еншісінде 50 ұпай, ал үшінші орындағы Өскеменнің “Алтайы” жерлестерімізден үш ұпай қалып келеді. Дәл осы үшінші орындағы команда өткен турда Петропавлға қонаққа келді. Күннің суықтығына қарамастан “Қарасай” стадионына жиналған жанкүйерлер қарасы қалың болды. Бұл матчта жеңген жағдайда жерлестеріміз қарсыластарынан қара үзіп кетер еді. Бірақ білікті бапкер Сергей Тимофеевтен тәлім алатын шығыстың жігіттері қорғанысқа табандап жатып алды. “Қызылжар” қанша шабуылдағанымен, қарсылас қақпасынан саңылау табылмады. Есеп: 0-0.
Бірінші лиганың бас жүлдесінен үмітті тағы бір команда бар. Төртінші орындағы Оралдың “Ақжайығының” да еншісінде 49 ұпай. Осы төрт команда жүлделі орындарды да, Премьер лигаға берілетін жолдамаларды да сарапқа салатыны қазірдің өзінде белгілі, себебі, бесінші орындағы “Мақтаарал” алдында тұрған командадан бақандай 11 ұпай қалып келеді. Соңғы екі турда жеңген күннің өзінде қоржынына 6 ұпай ғана түседі.
Қазақстан чемпионатының ережесі бойынша бірінші лигада алғашқы екі орынды еншілеген команда Премьер лигаға жолдама алады, ал үшінші орын алған ұжым жоғары топтың оныншы командасымен кездесіп, екі ойын нәтижесі бойынша тағы бір жолдаманы сарапқа са-лады.
“Қызылжар” командасына араға екі жыл салып, жоғары топқа қайтадан өтетін мүмкіндік туып отыр. Ол үшін чемпионаттың қалған екі турында ұпайдан шашау шығармау қажет. 27 қазан күні турнир кестесінде тоғызыншы орындағы “Академия Оңтүстік” командасымен сырт алаңда кездеседі. Ал бірінші лиганың соңғы матчын “Қарасай” стадионында 3 қараша күні “Байқоңырмен” өткізеді. Жерлестерімізге қалған екі ойында сәттілік тілейік.