Құқықтық статистика органдарында мемлекеттік қызметті электронды форматқа көшіру мақсатында қызметтің үш түрін автоматтандыру және оңтайландыру үшін бірқатар жұмыстар жүргізілді.
Сонымен “Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама беру” мемлекеттік қызметі толық автоматтандырылды. Анықтама беру “Электронды үкімет” веб-порталы (әрі қарай – портал) және “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетіледі. Сонымен бірге “mGov” порталының мобильдік қосымшасы арқылы да анықтама алуға болады.
Енгізілген жаңашылдықтың тағы бірі – шетелге шығуға қажетті анықтаманы алу үшін тұрғындар “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорация филиалының мекенжайын таңдай отыра электронды тапсырыс берсе, қағаз түрінде жауап беріледі. Бұрындары азаматтар міндетті түрде мемлекеттік корпорацияға барып, анықтамаға тапсырысты қағаз үлгісінде жіберуі керек еді.
Электронды анықтаманы “EgovKzBot” Telegram-каналының көмегімен де алуға болады. Анықтама алу үшін “Мобильді азаматтар базасына” тіркелу қажет. Бұл үшін “eGov.kz” порталына жеке деректеріңізді енгізуіңіз керек. Сондай-ақ, порталда электронды анықтаманы ЭЦҚ-сыз, яғни “бірреттік құпиясөздің” көмегімен алуға болады.
Аталған порталда үшінші тұлғаларға анықтама алу қызметі де көрсетіледі. Енді жұмыс берушілер қарамағындағы адамдардың келісімімен соттылықтың болуы немесе болмауы туралы электронды сұрау жібере алады. Осындай қызметті алу үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу керек. Тіркелу үшін қызмет алушыға порталдағы “жеке кабинетте” “телефон” деген бағанда нөмірін көрсету керек немесе оны мемлекеттік корпорацияның кез келген фронт-офисіне барып ЖСН-ге тіркету қажет.
“Комитеттің және оның аумақтық басқармаларының мұрағаттары шеңберінде мұрағаттық анықтамаларды немесе мұрағаттық құжат көшірмелерін беру” мемлекеттік қызметі ішінара автоматтандырылды. Қызмет алу үшін электронды сауалдарды жіберу сервисі портал арқылы іске қосылды. Қазіргі уақытта бұл қызметке портал немесе мемлекеттік корпорация арқылы тапсырыс беруге болады. Қызмет көрсету мерзімі 30-дан 10 күнтізбелік күнге дейін қысқартылған.
Тек қана “Прокуратура тергеу және анықтау органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою” мемлекеттік қызметі автоматтандырылмаған. Ол мемлекеттік корпорация арқылы қағаз түрінде көрсетіледі. Қызмет көрсету мерзімі – 5 жұмыс күні. Прокуратура органдарынан шығатын апостилдендірілген құжаттардың 99 пайызы соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама болып отыр.
Комитеттің қызметін 100 пайыз электронды форматқа көшіру мақсатында, апостильдендіру бойынша қызметтер толық электронды форматқа ауыстырылады.
Динара ӘЖІБАЕВА,
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу
жөніндегі комитеттің облыстық басқармасының
аға прокуроры.