
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні болып жарияланды. Биыл екінші мәрте аталып отырған бұл күн – мейірімділік пен қазақстандықтардың бір-біріне деген достығының жарқын көрінісі. Алғыс айту күні барша халықты қайырымдылыққа шақыратын, үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсететін күн. Оның Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен дәлме-дәл келуінің өзі атаулы мерекеге ерекше рең береді.
– Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев құрған бірегей институт қазақстандық біртектілік пен жалпыұлттық “Мәңгілік ел” патриоттық идеясының негізін қалайды. Тәуелсіздік алғаннан бергі Мемлекет басшысының жүргізіп келе жатқан саясаты көпэтносты Отанымыз – Қазақстан Республикасы халқының бірлігі мен келісімін сақтауға бағытталған. Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздің тұтастығын, бірлігі мен этностар арасындағы достықты сақтаудағы рөлі зор, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Ерік Хамзаұлы елдегі тыныштық пен татулықты сақтауда, төзімділік пен достықты нығайтуда, қазақстандық патриотизмді дамытуда Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы мен оның ардагерлерінің, жастар ұйымдарының атқарып отырған істері ұшан-теңіз екеніне тоқталды.
“Алғыс айту күні солтүстікқазақстандықтарды одан әрі де ортақ мақсатқа жұмылдыра түседі. Барлығымыз бірге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында алдымызға қойған мақсаттарды табысты жүзеге асыратынымызға сенімдімін”, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
“Қазақстан кәрістері қауымдастығы” республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Евгений Хан биыл күзде кәрістердің Қазақстанға жер аударылғанына 80 жыл толатынын жеткізді. “Біз осыдан 6 жыл бұрын қазақ халқына ризашылығымызды жеткізу үшін Үштөбеде “Алғыс тасын” орнатқан болатынбыз. Елбасының Алғыс күнін жариялауы бекер емес. Осы елге келіп, аман қалған әр этностың ұрпағы қазақ жұртшылығына алғыс айтқаны артық болмайды. Қазір Қазақстанды мекен етіп жатқан 100 мыңнан астам кәрістің ел экономикасына сіңіріп жатқан еңбегі сол көмектің қайтарымы”, – деді Евгений Хан.
Осы сияқты, лебіздерін “Видергебурт” мәдени орталығының төрайымы Э.Ковзаль мен “Вайнах” шешен-ингуш қауымдастығының төрағасы С.Байдуев те білдірді. “Қазақстанға аш-жалаңаш келген біздің ата-бабаларымыз қазақ халқы болмаса қырылып қалар еді. Бұл алғыс айтуға тұрарлық жайт емес пе?!” – деп тебіренген олар қазақстандықтар қазір де өздерінің мейірбандықтарынан айнымағанын айтты. “Сирия, Ауғанстан, Африка құрлығы елдеріне көрсетіліп жатқан қайырымдылық осының айғағы”, – деді.
Қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға еріксіз жер аударылғандарды қазақ халқының қалай қарсы алғаны, өздерінің ауыр тұрмыс жағдайына қарамай, қолында барын бөле жеп, үстеріне киім, астарына төсек беріп, мейірбандық танытқандығы жайлы “Құрт – қымбат тас” атты қойылым көрсетілді. Онда “халық жауы” атанып, жастық өмірін “Алжирде” өткізген Гертруданың қазақтар тас ретінде лақтырған құртты жеп, ажалдан аман қалғаны жайлы айтылады.
Форум барысында әр этнос өкілдері өнер көрсетті. “Балқадиша” вокалдық-фольклорлық халық ансамблі, “Звонница” хор ұжымы, “Алтын бесік” балабақшасының “Еркемай” би тобы, украин, корей, татар этностарының концерттік нөмірлері ерекше қошеметке ие болды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.