Петропавл қаласында жылыту маусымы басталды. Бұл туралы қала әкімі Болат Жұмабеков әлеуметтік желідегі жеке парақшасында хабарлады.
– Петропавл қалалық әкімдігінің 2020 жылғы 17 қыркүйектегі №881 қаулысы негізінде 2020-2021 жылдардағы жылыту маусымы 18 қыркүйектен басталды. Бірінші кезекте жылу әлеуметтік маңызы бар нысандарға, одан соң көпқабатты тұрғын үйлерге берілуде. Кейін әкімшілік нысандар, оқу орындары, театрлар жыл жүйесіне қосылады, – деп жазды Болат Серікұлы.
Бүгінгі таңда облыс орталығында 1090 көпқабатты тұрғын үй бар. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, олардың тек 1022-інде құбырларды жуып-шаю жұмыстары жүргізілген. Соның өзінде дайындық құжаты және жылу қуатын есептегіштері бар баспаналарға басымдық берілмек. Ал бұл жұмыстарды уақытында жүргізбеген 68 тұрғын үйге жылу тек соңғы кезекте беріледі. Петропавлдағы нысандарға кезең-кезеңімен жылу беру жұмыстары он күнге дейін созылады деп күтілуде.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.