Кадрлар қатарын толықтырып отыру кез келген кәсіпорын үшін маңызды. Осы орайда “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамы жастарды өндіріске тарту үшін олармен жұмыс істеудің салалық бағдарламасын жасады. Оның аясында жақында Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысуға шақырылды.
Аталмыш мектептің 9-сынып оқушылары акционерлік қоғамға қарасты “Петропавл №2 жылу тарату желілері” ЖШС-нің жұмысы қалай ұйымдастырылып, жылу мен электр қуаты қалай өндірілетінін өз көздерімен көріп, мамандар айтқан ақпараттарды тыңдады. Оқушылар өндіріс басында еңбек ету үшін физика, математика, химия сияқты пәндерді жақсы білу қажеттігін түсінді. Анастасия Любых осы саяхаттан кейін: “Үлкен құрылғылардың қуаттылығы таңғалдырады. Ол құрал-жабдықтарға қарап, мұндағы мамандардың біліктілігіне көз жеткізесің. Жылу орталығындағы жұмыс оңай емес екен”, – деді.
Ал олардың ұстаздары болса, бұл шараның оқушылардың оқу үлгеріміне оң әсер ететініне сенімді. Энергия өндіретін кәсіпорынның жұмысына қарап, оқушылар пәндерді зерек оқу қажеттігін түсінген сияқты, дейді олар.
Александр СЕМЕНЧУК,
жұртшылықпен байланыс жөніндегі бөлім
басшысының міндетін атқарушы.