Талшық ауылының тұрғыны, «Бахытов» ЖК-нің жетекшісі Азамат Мұхаев “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасына қатысушы ретінде 1,5 миллион теңге несие алып, жылыжай салды. Зайыбы Зәуре Төлеубайқызы екеуі енді көкөніс егумен айналысуда. Бүгінде таза, экологиялық талапқа сай тағамдарды тұтыну – денсаулық кепілі, өмір қауіпсіздігі. Ал Мұхаевтардың тауарларында ешқандай бір улы, зиянды заттар жоқ. Таза су, таза органикалық тыңайтқыш. Сондықтан ел тұрғындары бұлардың көкөнісін ештеңеден қауіптенбей, сатып алады.
– Биылғы жылы өнім мол болды. Сондықтан келесі жылы да осы кәсіппен айналысуға бел будық. Мүмкін, жылыжай аумағын да кеңейтерміз. Өйткені, қазіргі кезде жылыжайға қажет құрылыс материалдарын сатып алу еш қиындық туғызбайды. Осылай өз кәсібіңді ашу өте тиімді, қызанақ пен қиярдың пайдасы мол екеніне көз жеткіздік. Шыққан шығынды санаулы уақыт ішінде қайтарып алуға болады. Жер жеткілікті. Тек ерінбесең болды. “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” деген осы болса керек, – дейді Азамат Мұхаев ағынан жарылып.
Болат ӘМРИН.
Ақжар ауданы.