«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖӘНЕ ТУРИЗМНІҢ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында энергетика, әлеуметтік сала нысандары мен көпқабатты тұрғын үйлерді қысқы маусымға әзірлеу, туризмді дамытуға арналған шеберлік жоспарын орындау мәселелері қаралды. Оған Петропавл қаласы мен аудандардың әкімдері, ведомстволар мен ұйымдардың басшылары қатысты.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Антон Федяевтің айтуына қарағанда, Петропавл қалалық және аудандық әкімдіктердің әзірлеген жоспары бойынша коммуналдық шаруашылық нысандары мен әлеуметтік сала мекемелерін қысқы маусымға әзірлеуге бюджеттен 1 млрд. 82 млн. теңге, кәсіпорындар мен мекемелердің өз қаражатынан 2 млрд. 746 млн. теңге қарастырылған. Есепті кезеңде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарындағы және әлеуметтік сала мекемелеріндегі 544 қазандықтың 60 пайызы жөндеуден өткізілді, 680 білім нысанының – 60 пайызы, 607 денсаулық сақтау мекемесінің – 66 пайызы, 241 мәдениет мекемесінің 60 пайызы қысқы маусымға әзір етілді. Облыс аумағындағы 1148 көпқабатты тұрғын үйдегі жылыту жүйелерінің 12,4 пайызы жуу және сығым сынағынан өткізілді. Бюджет ұйымдарына жылыту маусымына 182 мың тонна көмір қажет. Соның 91,7 мың тоннасы станцияларға жеткізіліп, 78,7 мың тоннасы тасып алынды.

Облыс әкімі көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйелерін жууға және сығым сынағынан өткізуге, әзірлік құжаттарын дайындауға, станцияларға келген көмірді дер кезінде алып кетуге байланысты жұмысты жеделдетуді аудандар мен қала басшыларына тапсырды.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Айдын Керімбек өңірде туризмді дамытуға арналған шеберлік жоспарының орындалу барысын баяндады. Аталмыш жоспарды жүзеге асыруға арналған шаралар 89 тармақтан тұрады. Мысалы, Айыртау ауданындағы Шалқар көлінің маңына балшықпен емдеу мекемесін, 1-ші этноауыл, “Айғаным қонысына” 2 қонақүй, Имантау көлінде “Әлемнің кереметі” кешенін салу көзделген. Соған орай инвесторлар іздестіріліп, тиісті жұмыс атқарылуда. Облыстық әкімдікте туризмді дамыту бойынша үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Өңір басшысының тікелей тапсырмасы бойынша кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары, Айыртау аудандық кәсіпкерлік бөліміне туризмді дамыту бойынша бас маман лауазымдары енгізілді.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp