«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ КЕЛДІ, бірақ нысандар толық дайын емес

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асу жайы талқыланып, су нысандарын жөндеу және жылыту маусымына дайындық мәселелері пысықталды.

Энергетикалық кәсіпорындардың жылыту маусымына дайындығы жоспарға сай жүзеге асып жатқанын айтқан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Антон Федяев биыл бұл мақсатқа 11 миллиард теңгенің қаражаты бөлінгенін мәлімдеді. Жыл басынан бері облыс орталығындағы ЖЭО-2-дегі 9 қазандық агрегаты жөндеуден өтіп, №8 агрегатты орнату жұмысы аяқталған. Көмір қоры да жеткілікті. Ал Алтынсарин көшесі бойындағы торапты жүйені қайта жаңарту, “Черемушки” шағынауданындағы жылу жолын ауыстыру жұмыстары осы айдың соңына дейін аяқталуға тиіс. 1 қазанға дейін жылу жүйелеріне қатысты барлық жөндеу жұмыстарын аяқтап қана қоймай, оларды сынақтан өткізіп, іске қосу қажеттігін қадап айтқан өңір басшысы Ерік Сұлтанов өзінің орынбасары Владимир Бубенкоға бұл мәселені бақылауға алып, жұмысты тәулік бойы ұйымдастыруды тапсырды.

– Менің тапсырмаларыма сәйкес барлық нысандар дайындық төлқұжаттарын алуға тиіс болатын. Өкінішке қарай, 73 нысан жылыту маусымына мүлдем дайын емес. Қала әкімі 1 қазанда қаладағы барлық нысандардың жылыту маусымына қосылуына жауапты, – дей келе облыс әкімі аудан басшыларына да жылыту маусымына қатысты барлық мәселелерді қатаң бақылауға алуды міндеттеді.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Шарық су торабы 12 жылдан астам уақыт бойы апатты жағдайда тұр. Оны қалпына келтіруге 325 миллион теңгенің қаражаты қажет. Есіл ауданындағы Есіл су торабы да 584 миллион теңгенің жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Ол жайында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасов мәлімдеді. Өңір басшысы Есіл және Шарық су тораптарын қалпына келтіру жұмыстарын ерекше назарға алып, Есіл су торабын қазан айының ішінде мемлекеттік меншікке өткізуді тапсырды.

“Қолжетімді тұрғын үй – 2020” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы жайында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ратмир Ахметов баяндады. Оның мәлімдеуінше, биылғы жылдың 9 айының ішінде 59,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгелі отыр.

– Бүгінде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында 45 және 93 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Көпқабатты тағы 2 үйдің құрылысы басталып кетті. Ал кезекте тұрғандарға арналған жалдамалы-коммуналдық тұрғын үй құрылысына 1279,5 миллион теңге қаржы бөлініп, жалпы аумағы 14,4 мың шаршы метрді құрайтын 5 үйдің құрылысы жүргізілуде. Олар да биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек. Ал жас отбасыларға арналған жалдамалы-коммуналды 2 тұрғын үй жыл соңына дейін “Береке” шағынауданында бой көтеретін болады. Мемлекеттік бағдарлама аясында Аққайың ауданының Смирново ауылында бір пәтерлі 10 тұрғын үйді салу жоспарланып отыр, – деді Ратмир Ахметов.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp