Мен алпысты еңсеріп қалған қариямын. Осы жасқа келгенше өмірдің талай қызығын көріп, қиындығын бастан өткердім. Әрине, денсаулығың мықты, күш-қуатың болған кезде өмірге деген көзқарасың басқаша болады. Бірақ аумалы-төкпелі мына заманда бәрі де бір күнде өзгеріп шыға келуі әбден мүмкін екен.
Оған менің көзім жетті. Жас кезімде медицина саласында қызмет етсем, адамдарды емдеп, қолымнан келгенше жақсылық жасасам деп ойлайтынмын. Оған да қолым жетіп, арманым орындалды. Біраз жыл медбике болып еңбек еттім. Қатарластарыммен қатар оқуымды оқып, жұмысымды істеп жүріп, тұрмыс құрудың да сәті түсті. Өмірлік жарым Жаслан Қабиденұлы екеуміз екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген қос құлыншағым бүгінде өмірден өз жолдарын тауып, түтіндерін түтетіп отырған жайлары бар. Қазір қыздардан үш жиен сүйіп, әже атандым. Бір жағынан алып қарасақ, кез келген қарапайым қазақ әйелінің басынан өтетін өмірдің кезеңдері сияқты мұның бәрі. Бірақ өмірде біз күтпеген тосын “сыйлықтар” толып жатыр ғой. Солардың бірнешеуі менің де басыма “бұйырды”. Зейнет жасқа шығып, енді жиендердің қызығына кенелеміз деп жүргенде кенеттен отағасы өмірден өтті. Жарты жолда жалғыз қалған мен үшін бұл өмірдің қиын соққысы болды. Одан кейін де етжақын адамдардың бірнешеуінен қапылыста айрылып қалып, қайғымның үстіне қайғы жамылып, зар еңіреп қала бердім. Жүрек шіркін шыдасын ба, қабырғам қайысып, еңіреп жылай берген соң жүйкем сыр бере бастады. Оған алғашында мән бермедім. Қолда бар дәрі-дәрмекті ішіп, өз-өзімді жұбатып, ем-дом қолданған болдым. Бірақ “ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады” дегендей, бір сырқаттанғаннан әсте жазылып кетуім оңайға соқпады. Сөйтіп, осылай жүре берсем бойдан әл кетіп, қауқарсыз қалатынымды сездім де, дәрігерлерге барып көріндім. Емделдім, бірақ оның өзі де мен ойлағандай оң нәтиже бермеді. Ақырында “үшінші топтағы мүгедек” деген қағаз алдым қолыма. “Осымен айығып кетермін” деп жүргенде ескі сырқат қайта белгі беріп, ауруханаға тағы да жатып емделуге тура келді. Осылай өмір үшін күресіп жүргенде денсаулығым нашарлап, енді үшіншіден, екінші, одан кейін бірінші топтағы мүгедек болғаным медициналық тексеріс кезінде дәлелденді. 2008 жылдан бері осындай жағдайдамын. Үйде шамам келгенше жүріп-тұрамын. Бірақ жұмыс істеуге қауқарым жоқ.
Дәрігерлердің айтқанын орындап, өзімді күтуге тырысамын. Менің көмекшім, қолқанатым болып жүрген Арман есімді жиенім бар. Оның “жиен” дегені болмаса, өзімнің туған баламдай. Белгілі себептерге байланысты алты айлығында бауырыма салғанмын. Қазір он алты жаста. Оныншы сыныпта оқиды. Кішкентайынан атасы екеуміз “өскенде үлкен азамат болсын” деп тәрбиеледік. Шүкір, қазір еңбегімді ақтап келеді. Менің аяғым да, қолым да осы балам десем, артық айтқаным болмас. Себебі, ол үйдің барлық шаруасын істейді. Мен қасында ақыл айтып, бағыт беріп қана жүремін. Мені ренжітпейді. “Апам менің, апатайым, аман болшы”, – деп бетімнен мейірлене сүйгенде, көзіме еріксіз жас аламын. Бұл, әрине, бақыттың жасы. Қиналғанда қасымнан табылатын ботақаным маған “аман болшы, ауырмашы, апашым” деп елжірегенде, мен ішімнен оның амандығын тілеп отырамын. Міне, осылай екі жүрек бір тілек тілеп, өмір сүріп жатқан жайымыз бар.
Денсаулығымды үнемі бір қалыпта ұстап отыру үшін жылына екі рет ауруханаға барып, ем-дом алып отырамын. Сол кезде Арман мені жетектеп апарып, аяқкиімімді шешіп, кереуетке отырғызып, басыма жастығыма дейін салып береді. Соның бәріне сыртынан қарап отыратын медбикелер: “Балаңызға қандай жақсы тәрбие бергенсіз, барлығы қарттарға осындай қамқорлықпен қараса ғой”, – деп сүйсініп отырады. Сондай кезде түн ұйқымды төрт бөліп, мазасыз өткізген күндерімнің далаға кетпегеніне, Арманымның жақсы жолмен жүріп келе жатқандығына көзім жетіп, шүкіршілік етемін.
Ниетіме қарай менің өмір жолымда жақсы адамдар көп кездесіп келеді. Басымнан қанша қиындықты өткізіп, сыннан сүрінбей өтіп келе жатқандығымның да бір сыры осында шығар деп ойлаймын. Қиналғанға қол ұшын беріп, мүмкіндігінше мүгедектердің жағдайын жасап жүрген жаны жақсы азаматтардың бірі – Мереке Мұхамедияров. Ол Петропавл қаласындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы болып қызмет етеді. Мереке Тілеужанұлы басшымын деп өзін басқалардан биікке қоймайды. Үнемі телефон соғып, хал-жағдайымды сұрап отырады. Ал егер қажет болса мен де онымен байланысып, көмек сұраймын. Басқа адамның көмегінсіз үйден шығып, бір қадам басудың өзі қиынға соғатын біз сияқты адамдарға қандай көмек керек дейсіз? Кейбір кездерде құжат дайындау үшін белгілі бір жерлерге барып-келу қиындық туғызады. Сондай сәттерде Мереке Тілеужанұлына хабарласып, көлік сұраймын. Мені бұрын-соңды танымаса да, өтінішімді бір рет те жерге тастап көрген емес. Қашан телефон соқсам да алдымен денсаулығымды, хал-жағдайымды сұрайды. Содан кейін көлікпен қамтамасыз етіп, діттеген жеріме апарып-алып келуге жағдай жасайды. Мұндай жақсы істер 2006 жылдан бері жалғасып келеді. Осы аралықта ол маған ғана емес, басқа да мүгедек жандарды қанатының астына алып, қамқорлық көрсетуде.
Осы орайда аптасына үш рет үйімді жинап, керек-жарағымды дүкеннен сатып алуға арнайы жеке келіп жұмыс істейтін қызметкерлер қатынап тұратынын да айтып өткім келеді. Қиналған кезде қол ұшын беріп, істеуге мүмкіндігім болмай тұрған шаруамның басын қайырып, маған біраз жеңілдік жасайтын жаны жайсаң жандарға шексіз ризамын. Осы ретте маған біраз жыл көмектескен әлеуметтік қызметкер Гүлнар Саликоваға алғыс айтқым келеді. Қазір ол белгілі себептерге байланысты мекенжайын ауыстырды. Енді оның орнына Сәуле Байменова деген қызметкер келіп жүр. Оның жұмысына да көңілім толады. Әрдайым менімен хабарласып, келгенде емен-жарқын сөйлесіп, денсаулығымды сұрап, көңілімді көтеріп кетеді. Бізге одан артық не керек дейсіз? Жаныңда осындай жақсы адамдардың жүргенінің өзі қуаныш пен жұбаныш деп ойлаймын. Осындай игі істерді көргенде жабырқап жүрген көңілің бір сейіліп қалады. Біз үшін мұның өзі де дертімізге ем, жанымызға шипа емес пе?!
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дегендей, мендей кембағал жандардың жағдайын ойлап, ісімен де, сөзімен де жан-жағына жақсылықтың нұрын шашып жүрген осындай адамдар қатары қалыңдай түссе жақсы болар еді. Сол үшін де аналық жүрегімнен барлық әлеуметтік қызметкерлерге алғыс айтамын.
Адамгершілік, кішіпейілділік қасиетімен ерекшеленіп, бір ауыз сөзімен жүрекке жылылық сыйлайтын осындай адамдардың қоғамда барына өз басым дән ризамын. Арманыма да иманжүзді азаматтардан үлгі ал деп жиі айтып отырамын.
Жалғанды жалпағынан басып жүргенде денсаулықтың қадірін түсіне бермейміз. Бәрі бір орында тұра береді деп ойлайтын шығармыз, бәлкім. Бірақ олай емес екен. Сондықтан да бір-бірімізге барынша қамқорлық жасап, істеген жақсылықты қадірлей білу керек деп ойлаймын. Өмірде керегі де осы.
Бақыт СЫЗДЫҚОВА.
Петропавл қаласы.