«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жылы ұя

Адам тағдырын таңдамайды. Оған мен қаламыздың Уәлиханов көшесінде орналасқан “Жеткін-шектер үйінде” болғанда тағы бір рет көз жеткіздім. Мұнда әке-шешесі бар, бірақ тасжүректік танытып тастап кеткендер, яғни, ата анасының қайда екендігін ер жетсе де, білмей өсіп келе жатқан тұл жетімдер тұрады.

2000 жылы “Отбасылық үлгідегі балалар ауылы және жеткіншектер үйі туралы” Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, 2001 жылдың 12 мамырында “Бөбек” қорының президенті Сара Алпысқызының қатысуымен қаламызда “Жеткіншектер үйі” ашылған болатын.

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің бесқабатты жатақханасының үштен бір бөлігін алып жатқан бұл үйде 1 бөлмелі 24 пәтер бар. 4 пәтерде 4 адамнан, қалғандарында 2 адамнан тұрады. “Жеткіншектер үйінде” тәрбиеленетіндер кәмелеттік жасқа толғанға дейін қаламыздағы отбасылық үлгідегі балалар үйінде, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың облыстық мектеп-интернатында, Айыртау ауданының Саумалкөл, Лобаново, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шөптікөл балалар үйлерінде тәрбие алған балалар. 37 жеткіншектің 28-і тастандылар қатарында, қалған 9-ы – ата-аналары маңдайынан иіскеп, тұлымшағынан сипамаған тұл жетімдер.

Тағдыр тәлкегіне түскен оларға жағдай жасап, қамқорлық көрсетуді мемлекет мойнына алған. Киімдері бүтін, жатар орындары жайлы, тамақтары тоқ, білім алуларына, еңбек етулеріне жол ашық және бастысы дендерінің сау болуы олардың ертеңгі күні қоғамға пайдалы азамат болуларына зор ықпал етуі тиіс.

– Жеткіншектерімізді білімің болмаса, биікке қол соза алмайсың деп тәрбиелейміз. Сегіз баламыз бүгіндері – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік унивеситетінің студенттері. 17 жеткіншек қаладағы колледждерде оқып жатыр. Сегіз адам тұрақты жұмыс істейді. Қаламыздағы 21-ші орта мектептің жанында оқу-өндірістік комбинат бар. Міне, сонда бірнеше тәрбиеленушілеріміз аяқкиім тігуші, шаштараз мамандықтарын үйренуде, – дейді “Жеткіншектер үйінің” директоры Жұқаш Қосыбаев.

Жастар оқып, жұмыс істеумен қатар, отбасын құрып, соның бақытына ие болуды да мақсат етеді. Бұл орайда, әр адам үшін тұғыры саналар тұрғын үй мәселесін шешу қажеттігі туындайды. “Жеткіншектер үйінің” тәрбиеленушілері пәтер алу үшін қалалық әкімдікте кезекке тұрғызылған. Қазір кезекке тұрғандардың саны қалада – 36, ал аудан орталықтарында – 5 адам. Бір атап кетерлігі сол, баспаналы болғандар саны жылдан-жылға көбейе түсуде. 2015-2016 жылдардың өзінде ғана – 17 адам, оған дейін әр жылдары 16 адам баспана алу бақытына ие болған. Олар бүгінде “Береке” шағынауданында, Жәлел Қизатов көшесіндегі тұрмысқа қолайлы да жайлы заманауи баспаналарда тұрып жатыр. Асыраушысынан айрылғандар тобына жататын оларға бұған дейінгі 3 жыл қатарынан қалалық мәслихаттың шешімімен тұрғын үй жәрдемақысы төленіп келген.

Жеткіншектер өз теңдестерінен қалмай, солардың қатарында “Ел қорғаны – ер жігіттер” деген атақты биік ұстап, соған лайық болғылары келеді. Олар бұған дейін әкешешелерінің қиын тағдырларына байланысты әскерге шақырылмай келген екен. 2015 жылы қаламызға Мәжіліс депутаты, генерал Бақытжан Ертаев келгенде бұл мәселе көтеріліп, ол кешікпей шешімін тапқан. Сол жылы – 2 жігіт, келесі жылы 5 жігіт әскери борыштарын өтеп қайтқан.

“Жеткіншектер үйінің” тағы бір тәрбиеленушісі өтініш айтып анда да барған, мында да барған. Тіпті болмаған соң, облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атына Отан алдындағы азаматтық борышын өтегісі келетіні жөнінде хат жазған. Мәселе кешікпей шешіліп, ол өз міндетін абыроймен атқарып қайтқан. Қазір күзет саласында қызмет етіп жүр.

“Жеткіншектер үйінің” іші ұядай болғандықтан жылылық сезіледі, жағалай тап-тұйнақтай тазалық. Міне, үлгілі бөлмелердің бірінің иесі Вера Григорьева деген қыздың пәтеріндеміз. Екі кісілік. Жатын бөлмесі де, асүйі де жайнап тұр. Күнделікті тұрмысқа не қажеттінің бәрі бар. Көзіме мұқабасында Вераның суреті бар кітап түсті. Бұған дейін ол жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың облыстық мектеп-интернатында тәрбиеленіпті. Поэзияға 10 жасынан әуес оның “Первые ступени волшебства” деп аталатын өлеңдер кітабы 2015 жылы жарық көріпті. Келесі кітапты қолыма алдым. Өткен жылы шығыпты. “30 февраля” деп аталады.

Осынау жылылық ұялаған үйдің басшысы, жеткіншектер арасында “көпбалалы әке” атанып кеткен Жұқаш Қанапияұлынан күнделікті атқарылатын жұмыстары жайлы да сұрап-біліп жатырмын. Негізгі жұмыс әлеуметтік тәрбиешілерге жүктелетіндіктен олар таңертең ертелетіп сағат 7-ден келеді. Жеткіншектерді сабаққа жіберу, одан әрі сабағын, тамағын, барлық ішкі тәртіпті қадағалау солардың мойнында. Ерінбей еңбек етіп, ұйымшыл ұжымда абырой, беделге ие болып жүрген әлеуметтік ұстаз Валерий Сартин, тәрбиешілер Алтын Оразалина және Зәуре Тәшімованың есімдері әр кез жылы лебіз білдіріле аталады.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp