«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛҚЫНЫ ТҮГІМЕН ЖАЛМАҒАНДАР

Түн жамылып, үш ауылдың жылқыларын үйірімен “жұтқан” барымташыларды Ақжар аудандық соты бес жылға бас

бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Аудандық сот үкімінің ақпаратына қарағанда, барымта Уәлиханов ауданының Телжан ауылындағы “Қайнар” шаруа қожалығының директоры Б.Махатовтың басшылығымен жүзеге асқан көрінеді. Көрші ауылдың жайылымдарымен жақсы таныс әрі жылқылардың қыс мезгілінде қараусыз жүретініне де қанық қожалық басшысы сыбайластарына “тиімді” ұсыныс жасаптымыс. Арам істен арланбаған Павлодар облысына қарасты Майқоңыр ауылының жылқышылары М.Егімбаев пен Е.Шохановқа қолды болған жылқыларды өз өңірлеріне айдап әкету міндеттеледі. Осылайша білек сыбанған барымташылар Уәлиханов ауданына қарасты Кішкенекөл, Мортық, Қондыбай ауылдарының қылқұйрықтарына ауыз салады.

Алдын ала келісім бойынша әрекет еткен топ өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында аш қасқырдай жортып жүріп, уәлихановтықтардың 63 жылқысын барымталайды. Асқанға тосқан бар. Оларға 15 260 000 теңгенің шығынын келтірген аса ірі көлемдегі ұрлық жасады деген айып таққан Ақжар аудандық соты 7 тамызда үкім шығарды. Б.Махатовқа бар мүлкін тәркілей отыра 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру, жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтеу, ал М.Егімбаев мен Е.Шохановтың әрқайсысына жалпы режімдегі түзеу колониясында 5 жыл 3 айға дейін жазасын өтеу және мүліктерін тәркілеу туралы үкім кесілді.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp