«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР жаңа биіктерге жетуге жігерлендіреді

Өткен жыл солтүстікқазақстандық спортшылар үшін жеңіске толы болды. Жерлестеріміз республикалық және халықаралық додаларда топ жарып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанды.

Атап айтқанда, жылдың басында Ресейде әлемнің жүзден астам мемлекетінің басын біріктірген байрақты дода – қысқы Олимпиада ойындары өткен болатын. Аталмыш дүниежүзілік жарысқа спорттың он түрі бойынша ел намысын қорғауға 52 қазақстандық спортшы аттанған. Солардың сапында жерлес конькишілер, халықаралық санаттағы спорт шеберлері – Роман Креч пен Дмитрий Бабенко да өнер көрсетті. Роман Ресей жерінде 500 метр қашықтықта 7-орынды иемденіп, ұлттық рекордты жаңартты. Ал жерлесіміздің командалық әріптесі Дмитрий Бабенконың Олимпиадада жолы болмаса, Күншығыс елінде өткен Азия чемпионатында бағы жанып, алтыннан алқа тағынды. Паралимпиада ойындарына Қазақстан жеңіп алған 5 жолдаманың екеуі – солтүстікқазақстандық шаңғышылар Қайрат Қанафин мен Елена Мазуренконың еншісінде.

Табысты болған Азия чемпионатында Алексей Луценко мен Маргарита Мұқашева ел үмітін ақтап, жеңістің бірінші сатысына көтерілсе, Олеся Колышева Малайзияда көркем гинастикадан өткен халықаралық додада биік белестен көрінді. Ал өңір тарихында орын алған елеулі оқиғалардың бірі – Оңтүстік Кореяда жасөспірімдер арасында самбодан өткен әлем біріншілігіндегі Назгүл Маратованың тамаша жеңісі.

Болгарияда студенттер арасында грек-рим күресінен өткен әлем біріншілігінде жерлесіміздің бағы жанды. Еліміздің намысын қорғауға аттанған Ақан Баймағамбетовтің бағы мен бабы қатар шауып, 59 килограмм салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болды.

Әлем біріншілігінен күміспен оралған тағы бір мақтантұтар жерлесіміз бар. Он екі жасар Виталий Дельдің Америка Құрама Штаттарының Дайтонэ-Бич қаласында өткен акробатикадан әлем чемпионатында жұлдызы жанып, күміс медаль алып қайтты. Ал саясат пен спортты қатар алып жүрген жерлесіміз Владимир Эрман мүгедек спортшылар арасында жүзуден Польшаның ашық чемпионатында екі мәрте жеңіске жетті. Тартысты өткен сайыста солтүстікқазақстандық спортшы 50 және 100 метрлікте брасс әдісімен топ жарып, алтын медальға ие болды.

Бұған қоса, бокстан да табысымыз аз емес. Кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов күзде Беларусь пен Австралия елдерінде өткен екі жекпе-жекте жеңімпаз атанған. Сөйтіп, шаршы алаңда екі кездесу өткізген жерлесіміз кәсіби бокстан “WBC” нұсқасының “Eurasia Pacific Boxing CounciI” тармағы бойынша Еуропа чемпионы атанды. Австралияның Квинсленд қаласында осы атағын қорғау үшін 28 жастағы филиппиндік Роберто Лерионы нокаутқа түсіріп, жеңіске жеткен жерлесіміз оған дейін Беларусьте Гаги Эдишерашвилимен кездескен болатын.

Сонымен қатар, облыс орталығында футболсүйер жасөспірімдерге арнап облыс әкімінің тапсырмасымен 15 шағын футбол алаңы тұрғызылды. Ал Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені тарту етілді.

Иә, 2014 жылы спортшыларымыздың қол жеткізген табыстары аз емес. Ендігі кезекте Қой жылында да спортшыларымыздың жарқын жеңістеріне куәгер боламыз деп үміттенеміз.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp