«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ ҚАЛАЙ?

Бүгінде постколониализм, деколониализм тақырыбы қазақ қоғамында жиі талқыға салынатын мәселеге айналған. Метрополияға жүздеген жыл тәуелді болып келген ұлтымыздың ес жиып, етек жиған шағында өткеніне қайта оралып, өз басынан өткен небір қиындық, қасіретті ой елегінен өткізіп, тиісті қорытынды шығаруы ең алдымен ұрпақ келешегі үшін керек.

Көпе көрінеу отарлау болған жерде кейіннен отарсыздану үрдісінің басталуы заңдылық. Егемендік алған жылдары «Қайтсек қазақтың қалғыған ар-ұятын оятамыз?», «Ұлттық санамызды бодан­дық бұғауынан қалай арылтамыз?», «Отаршылдық жылдары халықтың бо­йына жиылып, қанына сіңіп кеткен кер­тартпа мінездермен қалай күресеміз?» деген тақырыпта түрлі зерттеулер жазыл­ды. Әлем ғалымдарының өзі Ресей импе­риясының Орталық Азияға жүргізген отарлық саясатының астарына үңіліп, салдары туралы тұжырым айтты.

Отарсызданған шаруашылық

Соңғы 30 жылдағы постколониал қоғам туралы зерттеулерден ұққанымыз, отарлау үрдісі ұлттың саясаты, ғы­лымы, білімі, әдебиеті, тұтас санасына ғана емес, дәстүрлі шаруашылығы мен өмір салтына да өзгеріс әкелген екен. Кеңес одағы уағында қазақ даласында мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруашылық жойылып, жаңа тұрмыс орнады. Тек егемендік алған тұста ғана отарлауға дейінгі шаруашы­лық қалпына орала бастады. Кеңестің мал шаруашылығы жүйесі күйрегеннен кейін ауылдағы халық байырғы дәстүрлі шаруашылыққа қайта бет бұрды. Мы­салы, кеңес кезінде көп өсірілген мери­нос қойының саны күрт азайып, оның орнын жергілікті климатқа бейімделген етті қазақы қой басты. 1990 жылдан кейін ұсақ және ірі қара малдың басы күрт азайып кетті. Күні бүгінге дейін бұл көрсеткіш кеңестік кезеңдегі деңгейге жеткен жоқ. Ал жылқы саны 2020 жылы 3,2 миллионға жетіп, 1990 жылғы көр­сеткіштен екі есе асып түсті. Егер осы өсім сақталса, келер жылы жылқы басы тоқсаныншы жылдан 3 есеге, түйе саны екі есеге артық болады. Ал шошқа үш онжылдықта 8 есеге азайған. Осылайша қазақ мал шаруашылығының өзі «отар­сыздану» кезеңінен өтуді бастады. Бұл ретте баба жолын жоғалтпай, дәстүрлі жылқы шаруашылығын қалпына келті­руге үлес қосқан ауылдағы ағайынның еңбегі зор. Осының арқасында Қазақ- стан жылқы саны бойынша әлемде жетінші орын иеленіп, тізімде Моңғо­лиядан кейін Ресейдің алдында тұр.

Тарихта мыңдап жылқы айдап, сәй­гүлік баптап, желіге құлын байлаған байлардың болғаны мәлім. Алайда со­лақай саясат өңірдегі жылқы шаруашылығын да аянышты күйге түсірді. 1929 жылы Петропавл округінің халық шаруашылығы бойынша баяндама­сында бұл жерде 440 мың жылқы бол­ғаны көрсетілген. Алайда 1991 жылы Қызылжарда небәрі 110 мың жылқы ғана қалған. Екі мыңыншы жылдары бұл көрсеткіш 60 мыңға дейін азайды. Ұлттық статистика бюросының дерек­теріне сүйенсек, бүгінгі таңда өңірде 145 мың жылқы бар. Оның басым бөлігі Уәлиханов, Ақжар, Тайынша ауданда­рында.

Қолдау бағдарламасы жоқ

Ондаған жылдар бойы бұл өсім мем­лекеттік қолдаудың емес, шаруалар мен халықтың күшімен жүргенін ескеруіміз керек. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына сұрау салғанымызда ве­домостваның баспасөз хатшысы Алек­сандра Рудина: «Өңірде жылқы шаруа­шылығын қолдайтын ешқандай мемле­кеттік бағдарлама жұмыс істемейді. Об­лыста жылқы өсірумен айналысатын 710 шаруашылық бар», – деп қысқа ғана жауап берді.

Ешқандай бағдарламаның жоқтығы­на қарамастан өңірдегі жылқы басы ай­тарлықтай өсіп отыр. Тіпті кей сауда орындарында жылқы етінің құны сиыр етінен де арзанға сатылып жатыр. Бұл аталған шаруашылықтың тиімділігін көрсетеді. Дәстүрлі табынды жылқы шаруашылығы айтарлықтай инвести­цияны қажет етпейді. Қамбар ата тұқы­мына қысқы қоражай салып, тонналап азық дайындап, инфрақұрылым тартып қажет емес. Сондықтан жылқы өсіру өзге түлікке қарағанда арзанға түседі. Өкінішке қарай, жылқы еті бата мен тойда ғана болмаса, жаппай тұтынылып жатыр деп айта алмаймыз. Осы мәсе­лені көтерген халық қалаулысы Аман­жол Әлтай Мәжіліс жиынында жылқы етін мемлекеттік сатып алу тізіміне енгізіп, оны балабақша, мектеп балала­ры мен әскерилердің ас мәзіріне қосу керектігі туралы бастама көтерді. Егер бұл мәселе оң шешілсе, жылқы өсіруші­лердің жұмысы жанданары анық.

Кең байтақ қазақ даласын табын-та­бын жылқысыз елестету мүмкін емес. Ақын Олжас Сүлейменовтің «Эй, поло­вецкий край, Ты табунами славен» деп жырлауы да бекер емес. Ботайдың бауы­рынан басталған жылқы шаруашылығы жоғалмай бүгінге жетті. Қазақ даласы­ның табиғи жағдайы, климаты мен геог­рафиясы жылқы өсіруге қолайлы екенін білген бабаларымыз оны дамыту үшін көп тер төкті. Ботай сынды мыңжыл­дық ескерткіш қалған өңірде Қамбар ата тұқымын өсіруді қолдайтын бір бастаманың болмауы қынжылтады. Қазақс­танда жылқы өсіру ауыл шаруашылығы саласының басым бағыты болып келе жатқаны туралы өңірдегі Ботай тақыры­бына байланысты өткен конференция қонақтары да айтты. Өңірге келген Қа­зақстан жылқы өсірушілер одағының төрағасы Мұрат Нұрышевтің ойынша, елдегі жылқы басы әлі де арта бермек.

– Мемлекет басшысының тапсыр­масына сай Қазақ жылқы шаруашылы­ғы институты қалпына келтіріліп, қайта ашылды. Жылқы шаруашылығын да­мыту бағдарламасы қабылданды. 2020 жылы Қазақстан жылқы өсірушілер одағын құрдық. Біз әр өңірдің ерек­шелігін ескере отырып, салаға озық тәжірибелерді енгізіп, жылқы саны мен өнім көлемін арттырғымыз келеді. Жылқы еті, қымыз өндіру мен ат спорты түрлерін дамытуды көздеп отырмыз. Саланы өркендету жоспарын жасау кезінде 2050 жылға дейінгі жылқы са­нының болжамын жасадық. Алдағы 5 жылда елдегі жылқы басы 4,7 миллион­ға жетіп, төртінші орынға көтерілуіміз керек, – дейді ғалым.

Ғалымның айтуынша, қазақ елі 2040 жылы 7,6 миллиондық межені бағындырса, үшінші орынға тұрақтай­ды. 2045 жылы мал басы 9,2 миллион­ға жеткізілсе екінші орынға табан ті­ремекпіз. Бұл уақытта көшбасшы АҚШ-та жылқы саны 10,7 млн. бола­ды деп болжанған. Егер 2050 жылы да­ламызда 10,75 млн. жылқы өргізе ал­сақ, бұл салада алда тұрған АҚШ, Мексика, Бразилия сияқты елдерді басып озып, әлемдегі ең жылқылы мемлекет атануымыз мүмкін.

«Жылқылы ауыл неге жабырқайды?»

Бүгінгі күні бұл мәселені ашық ай­тып, еркін көтере алып отырғанымыз­дың өзі – жетістік. Әйтпесе кеңес зама­нында мыңғыртып мал айдамақ түгіл бұл мәселені қаузаудың өзіне тыйым салынған еді. Бұл туралы 1986 жылы баспасөзде қызмет еткен жазушы Нұр­ғали Ораз былай деп жазады: «Целиноградтағы «Есіл» қонақүйінде отырып жа­зып әкелген «Жылқылы ауыл неге жа­бырқайды?» атты очеркіме Шер ағаң сол күні қол қойды да, сол аптадағы нөмірге жарқ етіп шыға келді. Одан соң оны тездетіп орыс тіліне аударып, «Из­вестия» газетіне жолдаймыз деп отырға­нымызда жоғарғы жақтан «бұл мәселені осымен тоқтатыңдар» деген бұйрық жетті…». Осылайша содыр саясат ұлтты өз жылқысынан да айыруға тырысқан екен. Өкініштісі, өткен ғасырдағы қиын-қыстау жылдары қазақ жылқысы­ның тұқымы азайып кетті.

Есіл ауданындағы Николевка ауы­лында кәсібін дөңгелетіп отырған Тоқ­тарбек Алашбек әңгіме барысында тағы бір мәселенің шетін шығарды. Оның сөзінше, жылқы санын көбейту­ге жайылымдық жер тапшы.

– Мен бұл шұрайлы мекенге бірне­ше жыл бұрын Қытайдан көшіп келдім. Қызылжар – ауыл шаруашылығына қо­лайлы өлке. Төрт түлік жемшөптен та­рықпайды. Ауылда Қытай мен Ираннан келген он шақты отбасы бар. Жергілікті билік өкілдері жағдайымызды біліп, ке­ңесіп тұрады. Өзім тағы бір қандас аза­матпен бірге мал қараймын. Әйелім бие, сиыр сауады. Ауылдағылардың ма­лынан бөлек, өзімнің он шақты жылқым бар. Жаз бойы үйімізден қымыз үзілмейді. Көктем келе жайлауға киіз үй тігеміз. Мұнда келіп, қымыздан дәм та­тушы қонағымыз көп. Өкінішке қарай, біз мал жаятын жерге соқа салғысы ке­летіндер бар. Айтуларынша, жайылым олардың меншігінде екен. Көктемде Есіл тасығанда да көп аумақты су алып, жыл­қыны тек дөңде бағуға мәжбүр болдық, – дейді кәсіпкер.

Жыл сайын өңірімізде мыңдаған бас­қа арналған сиыр, қой фермалары мен құс фабрикалары салынады. Мемле­кеттік қолдаудың қаржысына тұрғызыл­ған бұл фермалардың нарық жағдайын­дағы тиімділігін уақыт көрсетер. Алайда мыңдаған жылдар бойы өз тиімділігін дәлелдеп, қазақ өмірімен біте қайнасып кеткен жылқы шаруашылығы да мемле­кеттік қолдау шарапатынан шет қалмауы керек. Тауықтың санын кеміріп, жылы­жайда өскен көкөністі азық еткенше ұл- қыздарымыздың қымызға тойып, жылқы етін жеп өскені жақсы емес пе? Қаны­мызға сіңген қасиетіміз Ботайдан бастал­ған жылқы бағу өнерін осы күнге аман алып келді. Енді осы шаруашылық ер­теңгі күні де өсіп-өркендесе деген тілек қой біздікі.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp