Бүгінде постколониализм, деколониализм тақырыбы қазақ қоғамында жиі талқыға салынатын мәселеге айналған. Метрополияға жүздеген жыл тәуелді болып келген ұлтымыздың ес жиып, етек жиған шағында өткеніне қайта оралып, өз басынан өткен небір қиындық, қасіретті ой елегінен өткізіп, тиісті қорытынды шығаруы ең алдымен ұрпақ келешегі үшін керек.
Көпе көрінеу отарлау болған жерде кейіннен отарсыздану үрдісінің басталуы заңдылық. Егемендік алған жылдары «Қайтсек қазақтың қалғыған ар-ұятын оятамыз?», «Ұлттық санамызды бодандық бұғауынан қалай арылтамыз?», «Отаршылдық жылдары халықтың бойына жиылып, қанына сіңіп кеткен кертартпа мінездермен қалай күресеміз?» деген тақырыпта түрлі зерттеулер жазылды. Әлем ғалымдарының өзі Ресей империясының Орталық Азияға жүргізген отарлық саясатының астарына үңіліп, салдары туралы тұжырым айтты.
Отарсызданған шаруашылық
Соңғы 30 жылдағы постколониал қоғам туралы зерттеулерден ұққанымыз, отарлау үрдісі ұлттың саясаты, ғылымы, білімі, әдебиеті, тұтас санасына ғана емес, дәстүрлі шаруашылығы мен өмір салтына да өзгеріс әкелген екен. Кеңес одағы уағында қазақ даласында мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруашылық жойылып, жаңа тұрмыс орнады. Тек егемендік алған тұста ғана отарлауға дейінгі шаруашылық қалпына орала бастады. Кеңестің мал шаруашылығы жүйесі күйрегеннен кейін ауылдағы халық байырғы дәстүрлі шаруашылыққа қайта бет бұрды. Мысалы, кеңес кезінде көп өсірілген меринос қойының саны күрт азайып, оның орнын жергілікті климатқа бейімделген етті қазақы қой басты. 1990 жылдан кейін ұсақ және ірі қара малдың басы күрт азайып кетті. Күні бүгінге дейін бұл көрсеткіш кеңестік кезеңдегі деңгейге жеткен жоқ. Ал жылқы саны 2020 жылы 3,2 миллионға жетіп, 1990 жылғы көрсеткіштен екі есе асып түсті. Егер осы өсім сақталса, келер жылы жылқы басы тоқсаныншы жылдан 3 есеге, түйе саны екі есеге артық болады. Ал шошқа үш онжылдықта 8 есеге азайған. Осылайша қазақ мал шаруашылығының өзі «отарсыздану» кезеңінен өтуді бастады. Бұл ретте баба жолын жоғалтпай, дәстүрлі жылқы шаруашылығын қалпына келтіруге үлес қосқан ауылдағы ағайынның еңбегі зор. Осының арқасында Қазақ- стан жылқы саны бойынша әлемде жетінші орын иеленіп, тізімде Моңғолиядан кейін Ресейдің алдында тұр.
Тарихта мыңдап жылқы айдап, сәйгүлік баптап, желіге құлын байлаған байлардың болғаны мәлім. Алайда солақай саясат өңірдегі жылқы шаруашылығын да аянышты күйге түсірді. 1929 жылы Петропавл округінің халық шаруашылығы бойынша баяндамасында бұл жерде 440 мың жылқы болғаны көрсетілген. Алайда 1991 жылы Қызылжарда небәрі 110 мың жылқы ғана қалған. Екі мыңыншы жылдары бұл көрсеткіш 60 мыңға дейін азайды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, бүгінгі таңда өңірде 145 мың жылқы бар. Оның басым бөлігі Уәлиханов, Ақжар, Тайынша аудандарында.
Қолдау бағдарламасы жоқ
Ондаған жылдар бойы бұл өсім мемлекеттік қолдаудың емес, шаруалар мен халықтың күшімен жүргенін ескеруіміз керек. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына сұрау салғанымызда ведомостваның баспасөз хатшысы Александра Рудина: «Өңірде жылқы шаруашылығын қолдайтын ешқандай мемлекеттік бағдарлама жұмыс істемейді. Облыста жылқы өсірумен айналысатын 710 шаруашылық бар», – деп қысқа ғана жауап берді.
Ешқандай бағдарламаның жоқтығына қарамастан өңірдегі жылқы басы айтарлықтай өсіп отыр. Тіпті кей сауда орындарында жылқы етінің құны сиыр етінен де арзанға сатылып жатыр. Бұл аталған шаруашылықтың тиімділігін көрсетеді. Дәстүрлі табынды жылқы шаруашылығы айтарлықтай инвестицияны қажет етпейді. Қамбар ата тұқымына қысқы қоражай салып, тонналап азық дайындап, инфрақұрылым тартып қажет емес. Сондықтан жылқы өсіру өзге түлікке қарағанда арзанға түседі. Өкінішке қарай, жылқы еті бата мен тойда ғана болмаса, жаппай тұтынылып жатыр деп айта алмаймыз. Осы мәселені көтерген халық қалаулысы Аманжол Әлтай Мәжіліс жиынында жылқы етін мемлекеттік сатып алу тізіміне енгізіп, оны балабақша, мектеп балалары мен әскерилердің ас мәзіріне қосу керектігі туралы бастама көтерді. Егер бұл мәселе оң шешілсе, жылқы өсірушілердің жұмысы жанданары анық.
Кең байтақ қазақ даласын табын-табын жылқысыз елестету мүмкін емес. Ақын Олжас Сүлейменовтің «Эй, половецкий край, Ты табунами славен» деп жырлауы да бекер емес. Ботайдың бауырынан басталған жылқы шаруашылығы жоғалмай бүгінге жетті. Қазақ даласының табиғи жағдайы, климаты мен географиясы жылқы өсіруге қолайлы екенін білген бабаларымыз оны дамыту үшін көп тер төкті. Ботай сынды мыңжылдық ескерткіш қалған өңірде Қамбар ата тұқымын өсіруді қолдайтын бір бастаманың болмауы қынжылтады. Қазақстанда жылқы өсіру ауыл шаруашылығы саласының басым бағыты болып келе жатқаны туралы өңірдегі Ботай тақырыбына байланысты өткен конференция қонақтары да айтты. Өңірге келген Қазақстан жылқы өсірушілер одағының төрағасы Мұрат Нұрышевтің ойынша, елдегі жылқы басы әлі де арта бермек.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Қазақ жылқы шаруашылығы институты қалпына келтіріліп, қайта ашылды. Жылқы шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданды. 2020 жылы Қазақстан жылқы өсірушілер одағын құрдық. Біз әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, салаға озық тәжірибелерді енгізіп, жылқы саны мен өнім көлемін арттырғымыз келеді. Жылқы еті, қымыз өндіру мен ат спорты түрлерін дамытуды көздеп отырмыз. Саланы өркендету жоспарын жасау кезінде 2050 жылға дейінгі жылқы санының болжамын жасадық. Алдағы 5 жылда елдегі жылқы басы 4,7 миллионға жетіп, төртінші орынға көтерілуіміз керек, – дейді ғалым.
Ғалымның айтуынша, қазақ елі 2040 жылы 7,6 миллиондық межені бағындырса, үшінші орынға тұрақтайды. 2045 жылы мал басы 9,2 миллионға жеткізілсе екінші орынға табан тіремекпіз. Бұл уақытта көшбасшы АҚШ-та жылқы саны 10,7 млн. болады деп болжанған. Егер 2050 жылы даламызда 10,75 млн. жылқы өргізе алсақ, бұл салада алда тұрған АҚШ, Мексика, Бразилия сияқты елдерді басып озып, әлемдегі ең жылқылы мемлекет атануымыз мүмкін.
«Жылқылы ауыл неге жабырқайды?»
Бүгінгі күні бұл мәселені ашық айтып, еркін көтере алып отырғанымыздың өзі – жетістік. Әйтпесе кеңес заманында мыңғыртып мал айдамақ түгіл бұл мәселені қаузаудың өзіне тыйым салынған еді. Бұл туралы 1986 жылы баспасөзде қызмет еткен жазушы Нұрғали Ораз былай деп жазады: «Целиноградтағы «Есіл» қонақүйінде отырып жазып әкелген «Жылқылы ауыл неге жабырқайды?» атты очеркіме Шер ағаң сол күні қол қойды да, сол аптадағы нөмірге жарқ етіп шыға келді. Одан соң оны тездетіп орыс тіліне аударып, «Известия» газетіне жолдаймыз деп отырғанымызда жоғарғы жақтан «бұл мәселені осымен тоқтатыңдар» деген бұйрық жетті…». Осылайша содыр саясат ұлтты өз жылқысынан да айыруға тырысқан екен. Өкініштісі, өткен ғасырдағы қиын-қыстау жылдары қазақ жылқысының тұқымы азайып кетті.
Есіл ауданындағы Николевка ауылында кәсібін дөңгелетіп отырған Тоқтарбек Алашбек әңгіме барысында тағы бір мәселенің шетін шығарды. Оның сөзінше, жылқы санын көбейтуге жайылымдық жер тапшы.
– Мен бұл шұрайлы мекенге бірнеше жыл бұрын Қытайдан көшіп келдім. Қызылжар – ауыл шаруашылығына қолайлы өлке. Төрт түлік жемшөптен тарықпайды. Ауылда Қытай мен Ираннан келген он шақты отбасы бар. Жергілікті билік өкілдері жағдайымызды біліп, кеңесіп тұрады. Өзім тағы бір қандас азаматпен бірге мал қараймын. Әйелім бие, сиыр сауады. Ауылдағылардың малынан бөлек, өзімнің он шақты жылқым бар. Жаз бойы үйімізден қымыз үзілмейді. Көктем келе жайлауға киіз үй тігеміз. Мұнда келіп, қымыздан дәм татушы қонағымыз көп. Өкінішке қарай, біз мал жаятын жерге соқа салғысы келетіндер бар. Айтуларынша, жайылым олардың меншігінде екен. Көктемде Есіл тасығанда да көп аумақты су алып, жылқыны тек дөңде бағуға мәжбүр болдық, – дейді кәсіпкер.
Жыл сайын өңірімізде мыңдаған басқа арналған сиыр, қой фермалары мен құс фабрикалары салынады. Мемлекеттік қолдаудың қаржысына тұрғызылған бұл фермалардың нарық жағдайындағы тиімділігін уақыт көрсетер. Алайда мыңдаған жылдар бойы өз тиімділігін дәлелдеп, қазақ өмірімен біте қайнасып кеткен жылқы шаруашылығы да мемлекеттік қолдау шарапатынан шет қалмауы керек. Тауықтың санын кеміріп, жылыжайда өскен көкөністі азық еткенше ұл- қыздарымыздың қымызға тойып, жылқы етін жеп өскені жақсы емес пе? Қанымызға сіңген қасиетіміз Ботайдан басталған жылқы бағу өнерін осы күнге аман алып келді. Енді осы шаруашылық ертеңгі күні де өсіп-өркендесе деген тілек қой біздікі.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».