Елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға оң бетбұрыс жасалғаннан бері мал өсіруге ден қойғандар қатары өсті. Мұның барлығы ауылда атакәсіппен айналысам деушілер үшін зор мүмкіндік екені сөзсіз. Біз де осы мүмкіндікті бос жібермей, 2000 жылы шаруа қожалығын ашқан едік. Кейін 2004 жылы “Гончаровка” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ретінде қайта құрдық.
Бүгіндері біз егіншілікпен және жылқы өсірумен айналысамыз. Нақты айтсам 3000 гектар жерге бидай, арпа, рапс егіп пайда тауып отырмыз. Ал төрт түліктің ішінде жылқы малын өсіруге бел будық. “Ат – ердің қанаты” деп аталарымыз қастерлеген жылқыны өсіру табиғатымызға жақын. Бүгінде иелігімізде 180 бас жылқы бар. Олардың барлығы – қазақ жылқысы. Жабы тұқымдас қазақы жылқы жыл бойы тебінде жүреді, суыққа төзімді, ірілігімен ерекшеленеді. Көктем мен күзде жайылымда жүріп семіретін жылқының қоң алу қабілеті жоғары. Биелер тәулігіне орташа есеппен 10-15 литрге дейін сүт береді. Алдағы уақытта бие сауып, қымыз өндірумен айналысамыз деген ойымыз бар. Себебі, табында жүрген жылқының дені – биелер.
Үстіміздегі жылы “Құлан” бағдарламасы бойынша 26 млн. теңгеге 90 бие, 10 айғыр алдым. Бүгінгі таңда Гончаровка ауылының 15 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Олардың орташа еңбекақысы – 80 мың теңге.
Ауылдарда осындай агроқұрылымдар болған кезде тұрғындардың әлеуеті жақсарады. Себебі, бір шаруашылық ұжымы – бір ауылдың тірегі. Біздің ісіміз өнімді болса, тірнектеп болса да ел экономикасының нығаюына, тәуелсіздігіміздің баянды болуына үлесімізді қосамыз ғой деп ойлаймын.
Науан ДӘУРЕНБЕКОВ,
“Гончаровка” ЖШС-нің директоры.