Жыл басынан бері облыста 34 миллион теңгенің залалын келтірген 294 өрт оқиғасы тіркелді. Тілсіз жаудың кесірінен 18 адам мерт болып, 13 адам әртүрлі дене жарақаттарын алды.
Өрттердің 4 пайызы балалардың отпен ойнауынан шығады, бұл онша көп сан емес сияқты, алайда, өкінішке қарай, балалардың оттан мерт болатын кездері аз емес. 2014 жылы облыста балалардың отпен ойнауынан 15 өрт шыққан, олардан келген залал 1,6 миллион теңгеден асады. Жыл басынан, мамыр айында осындай 1 оқиға тіркелді.
Отпен ойнаудың арты жақсылыққа апармайды. Балалар ересектердің қарауынсыз үйде жалғыз қалғанда ойларына не келсе соны істейді. Көбінесе олардың көзіне түскен сіріңке өрттің тұтануына себепші болады.
Өткен жылдың маусым айында Айыртау ауданының Имантау ауылында 8 жасар екі бала қораның ішінде сіріңкемен ойнап, от жаққан. Шаруашылық құрылысы дереу отқа оранды, егер өртсөндірушілер болмағанда от тұрғын үйге де түскен болар еді. Бақыттарына қарай, балалар да, тұрғын үй де зардап шеккен жоқ. 2014 жылдың қазан айында Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоселовка ауылында ата-анасы жұмысқа кеткен кезде, қараусыз қалған 5 және 4 жасар екі бала жатын бөлмедегі диванға от түсірген. Олардың айғайын жақын маңда өтіп бара жатқан ер адам естіп, дереу балаларды құтқарған және жанып жатқан диванға су құйып, сөндіріп алған.
Балалардың отпен ойнауынан туындайтын өрттердің басым көпшілігі көктем-жаз кезеңінде шығады. Бұл жазғы демалыс уақыты, балалар өз беттерімен болып, қу шөпті, терек ұлпасын, алаулар жағады, сіріңкемен ойнайды. Ал, ойыннан от шығады. Отпен ойнау ең аз дегенде материалдық шығын келтіреді, ал кейде оның салдарынан адамдар қайғылы оқиғаға душар болады. Бұл жағдайда балаларын үйде қараусыз қалдырған, сіріңкені тығып қоймаған, олардың ойынын бақыламаған, ал кей кезде олардың еркелігіне жол беріп, сіріңкемен ойнауға, пешті тұтатуға немесе жанып жатқан пешке қарауға рұқсат беретін ата-анасының, әрине, өздері кінәлі.
Сіріңкені балалардың қолы жетпейтін жерлерде сақтап, баланы назардан тыс қалдырмау қажеттілігін ұмытпаған жөн. Балаларды пәтерде қараусыз қамап кетуге болмайды, міне, осының салдарынан қаншама қайғылы оқиғалар орын алып жүр. Жанып тұрған пештерді, розеткаға қосылған электр жылыту құралдарын балаларға бақылатуға, сондай-ақ, жылыту құралдарын, газ плиталарын және тағы басқаларын токқа қосуға рұқсат беруге тіпті болмайды. От ойындарына тыйым салып, өскелең ұрпаққа олардың қауіптілігін түсіндіріп отыру қажет.
Балалардың қараусыз қалуының салдарынан өрт туындап, өзге біреуге материалдық залал келтірілсе, ата-анасы ол үшін әкімшілік тәртіпте жауапкершілікке тартылатынын біле жүргені жөн. Зардап шегушінің арызы бойынша сот балаларын қараусыз қалдырған ата-анадан өрттен келген залал мөлшерін өндіріп алуға құқылы.
Балалар көбінесе ересектерге еліктеп, олардың әрекетін қайталайды. Сондықтан алдымен өзіңіздің отты қалай қолданатыңызға назар аударыңыз. Егер кіші жастағы балаларды оттан қорғаштау қажет болса, ал оқушы балаларға қайғылы оқиғаға жол бермеулері үшін отты қауіпсіз қолдану ережелерін тұрақты түрде түсіндіріп отырған жөн, себебі, тілсіз жау – аяусыз, ал балалардың ойыны мен от екеуін бірге қосуға болмайды.
Жазира ҚОЖАХМЕТОВА,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және алдын алу қызметі басқармасының бас маманы, өртке қарсы қызмет подполковнигі.