
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасы бойынша «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы тағайындалды. Волонтер жылы аясында «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын тағайындауға арналған конкурс өтеді.
Байқауға үміткерлер әлемнің түкпір-түкпірінен қатыса алады. Ол үшін qazvolunteer.kz интернет-платформасында өтінім беріп, волонтерлік қызметі туралы деректерді толтыру қажет.
«Өтінімдерді қабылдау 2020 жылғы 26 қазан сағат 09.00-ден басталады және 2020 жылғы 15 қараша сағат 09.00-ге дейін жалғасады. Байқау екі кезеңде өтеді: бірінші — qazvolunteer.kz интернет-платформасында ашық онлайн-дауыс беру, екінші — ең көп дауыс жинаған және екінші кезеңге өткен қатысушыларды конкурстық комиссия бағалайды», — делінген хабарламада.
Нәтижесінде келесі аталымдардың әрқайсысы бойынша үш үміткер жеңімпаз болып танылады:
— Үздік волонтерлік ұйым
— Корпоративтік волонтерлік көшбасшысы
— Коронавирустық инфекциямен күреске қатысқаны үшін
— Тұрақты даму мақсаттарының көшбасшылары
— Үздік әлеуметтік көмекші
— Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін
— Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге белсенді қатысқаны үшін
— Құқық бұзушылық құрбандарына көмек көрсетуге белсенді қатысқаны үшін
— Денсаулық сақтауды дамытуға белсенді қатысқаны үшін
— Салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін
— Білімді дәріптеуге қосқан үлесі үшін
— Қоршаған ортаны сақтауға және қорғауға қосқан үлесі үшін
— Бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін
— Тарихи-мәдени мұраны сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін
— Зоологиялық қорғау мәселелерін шешуге қосқан үлесі үшін
— Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін.
«Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын беру қағидалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурстарында орналастырылған.
Айта кетейік, халықаралық сыйлық әлеуметтік және қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге үлес қосқан волонтерлер мен волонтерлер тобын, отандық және халықаралық волонтерлік ұйымдарды көтермелеуге бағытталған.
https://egemen.kz