«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛ КЕЛГЕНДЕ ЖҰМЫСТА

Сағат тілі түнгі он бірден елу бес минут кеткен сәтті көрсетіп тұр. Жаңа жылдың басталуына бес минут қалды. Үй ішіндегі абыр-сабыр бір мезетке тыйылды. Отбасы мүшелері бір адамдай дастарқан басына жиналды. Барлығы сағат тіліне қарап, демдерін ішке тартып, таңғажайыпты күтуде.

Жаңа жыл мерекесін әр адам туған-туысқандарымен, жанына жақын достарымен қарсы алуды қалайды. Бірақ бұл мезетті қызмет орнында қарсы алатындар да бар. Олар мереке күні төтенше оқиға орын алған жағдайда сақадай сай тұрып, көмекке келуді борыш деп біледі.  

Дилмурат ШАВДУНОВ,

облыстық жедел медициналық

көмек орталығының дәрігері.

– Жедел медициналық көмек орталығында қызмет етіп жүргеніме жеті жылдай болды. Жаңа жылды жұмыс орнымда қарсы алып жүргеніме биыл – бес жыл. “Жедел жәрдемнің” дәрігерлері үшін қызмет орны екінші үйіндей. Себебі, өміріміздің көп бөлігі қызмет орнында өтеді. Біз қандай жағдайда болсын сақадай сай тұруымыз тиіс. Әсіресе, мереке күндері. Жаңа жыл күні тамақтан, ішімдіктен улану, петардалардан қолдары мен көздерін жарақаттап алған адамдар медициналық көмекке зәру болады. Отшашулардың қауіпті екендігін біле тұра, пайдаланады. Бір сәттік қуаныш үшін қолдарынан айрылып жатқандар бар. Сондықтан дәл сағат 12-і де “Жедел жәрдемге” хабарласушылар көп болады. Мерекені бригадамен көлікте келе жатып қарсы алған кездеріміз болды. Ондай сәттерде отбасымызды ойлаймыз. Бала-шағамыздың қасында болмасақ та, телефон арқылы бір-бірімізді құттықтаймыз.

Жақия ӘБІЛОВ,

Петропавлдағы №7

аумақтық полиция учаскелік

пунктінің инспекторы,

полиция майоры.

– Мен облыс орталығындағы 19-шы шағынауданның учаскелік инспекторымын. Негізгі міндетім – қоғамдық тәртіпті қадағалау. Менің учаскемде 17 мыңға жуық тұрғын бар. Олардың талап, арыздарын тыңдап, әкімшілік құқық бұзуға қатысты мәселелерін шешу – менің міндетім. Құқық қорғау органдарында қызмет етіп жүргеніме 9 жыл болды. Соның үш жылында Жаңа жыл мерекесін жұмыс орнымда қарсы алдым. Мереке қарсаңы болғандықтан, тәртіп сақшылары күшейтілген жүйеде қызмет етеді. Пунктте отырып, телефон қоңырауларына жауап беріп, тәртіп бұзған азаматтарды сабасына түсіріп, тыныштықты сақтауға шақырамын. Өткен жыл қарсаңында сағат 11-ден 30 минут кеткенде Мир көшесінің бойында тұратын бір әйел қоңырау шалып, ішімдікке сылқия тойып алған ұлы өзінің мазасын алып жатқаны туралы хабарлады. Дереу оның үйіне барып, баласын айықтырғышқа жеткіздік. Осылай Жаңа жылды жолда қарсы алуға тура келді. Бірақ мұндай жағдайлар жиі кездесе бермейді. Әдетте, бұл күні пунктке тұрғындар бізді мерекемен құттықтау үшін хабарласады. Ондай кездерде мұндай қоңырау келер жылы да жиі болсын деп тілейміз.

Талғат БУКУНЕВ,

№3 мамандандырылған

өрт сөндіру

бөлімінің қызметкері.

– Қыста өрт жаз мезгіліне қарағанда екі есе көп болады. Көбінесе жер үйлерде орын алады. Сонымен қатар, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында адамдардың отшашуларды, петарда мен пиротехникаларды қауіпсіздік ережелерін сақтамай қолдануы – “тілсіз жаудың” туындауының бірден-бір себебі. Сол себепті өртсөндірушілер бұл күні күшейтілген қызмет түріне көшеді. Арнайы кезекшілік орнатылады. Өрт-сөндіруші болып қызметке тұрғаныма бір жылдың жүзі болды. Алғашқы өрт сөндіруге барған кезім әлі есімде. Жұмысшы кентіндегі жер үйлердің бірі өртке оранды. Бір-екі сағаттың ішінде өрт ауыздықталды. Үйдің қаңқасы ғана қалған. Мұндай кездері үй иесі тірі қалса екен деп тілейсің. Көп жағдайда өрттің шығуына адамдардың өздері кінәлі болып шығады. Қауіпсіздік ережелеріне селқостық танытады. Бұл – менің қызмет орнымда қарсы алған алғашқы Жаңа жыл мерекесі. Осы жылда ешқандай жазатайым оқиға тіркелмей, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Сауалнаманы

жүргізген

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp