Облыстық статистика департаментінің басшысы Марал Нұржауыпова жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізді.
– Бүгінде статистикалық деректер бойынша облыс экономикасы оң қарқынмен дамуда. Республиканың өзге аймақтары арасында облысымыз инвестициялық өсім бойынша 1-ші орында. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, құрылыс және жұмыссыздық деңгейі бойынша 3-ші орында тұр. Ал тұрғын үйді пайдалануға беруде – 4-ші, өнеркәсіп өндірісі бойынша 6-шы орындамыз, – дей келе, Марал Рыскелдіқызы жалпы өңірлік өнім өткен жылдың тоғыз айында 581,2 миллиард теңгені құрағанын айтты. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз 7-ші орында.
Өнеркәсіп саласы – 1,1 пайызға өсіп, былтыр қаңтар-желтоқсан айларында 168,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Ал өңдеу өнеркәсібінде 121,4 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Азық-түлік өнімдері арасында макарон, нан, ұн өнімдері көлемі азайса, үй құсы еті, ұзақ уақыт сақтауға арналған кондитерлік өнімдер мен сүт өнімдерінің едәуір өскені байқалуда.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлт жоспары – 100 нақты қадам” бағдарламасының жүзеге асырылуы барысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабын әртараптандыру бойынша нақты жұмыстар жүргізілді. Осы орайда, өткен жылы облыста 311,1 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі – 107,5 пайызды құрайды. Ет, сүт өнімдерін өндіру көлемі артқан.
Құрылыс саласында да оң өзгерістер бар. Әсіресе, Петропавл қаласы мен Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Тайынша, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда құрылыс қарқынды жүргізілді. Тұрғын үй құрылысы саласында 8,9 миллиард теңге игеріліп, жалпы ауданы 140402 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді.
Халықтың жан басына шаққанда орташа айлық атаулы ақшалай табысы өткен жылдың үшінші тоқсанында алдын ала бағалау бойынша 54372 теңге болса, күнкөрістің ең төменгі деңгейі 18319 теңгені құрады. Былтырғы инфляциялық деңгейге байланысты азық-түлік тауарлары – 11,9 пайызға, ақылы қызмет түрлері 3,3 пайызға қымбаттады.
Өңірдегі демографиялық көрсеткішке келетін болсақ, облысымызда халық саны өткен жылдың желтоқсан айында 569,6 мың адамды құрады. Оның ішінде ауылда тұратын халықтың жалпы үлесі – 56,4 пайыз. Былтыр облысқа 19084 адам көшіп келсе, кеткендердің үлес салмағы 32,1 пайызға көп болып, 22453 адамды құрады.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.