Облыстық білім беру жүйесінің спорт мекемелері үстіміздегі жылды қорытындылады. “Жыл қорытындысы – 2014” атты шараға үстіміздегі жылы облыстық және республикалық сайыстарда жеңіске жетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінген құрама командалар, олардың жаттықтырушылары, қалалық және аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің басшылығы қатысты.
Облыстың білім саласындағы спорт мекемелерінің, өңір спортшыларының жетістіктерін өңірлік дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери дайындық орталығының директоры Қанат Садуақас таныстырды.
Қанат Бақытжанұлының айтуынша, облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 1426 спорт секциясы жұмыс істесе, оларда спортпен шұғылданушылар саны 22452 адамға жеткен. Балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру дайындығы клубтары мен аулалық клубтардағы 437 секцияға 7108 оқушы қатысады. Ал өңірдегі барлық 1863 спорттық секцияда 29560 оқушы, яғни жалпы мектеп оқушыларының 41,9%-ы шұғылданады.
– Жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің оқушыларының саламатты өмір салтын қалыптастыру, оларды спортпен шұғылдануға тарту мақсатында облыстық білім басқармасы жыл сайын мектеп оқушылары арасында қысқы спорт түрлерінен “Ақша қар”, жазғы спорт түрлерінен “Жастар”, екінші деңгейлі колледждер арасында кешенді “Сұңқар” спартакиадасын, бірінші деңгейлі колледждер арасында кешенді “Жас сұңқар” спартакиадасын, баскетбол, волейбол, шағын футболдан өткізілетін мектеп лигасын, әскерилендірілген “Ұлан”, 10-сынып оқушылары арасында “Батыр” спартакиадаларын, 7-8-сынып оқушылары арасында “Алау” әскери ойынын, барлығы қала және облыстық деңгейде 125 спорттық-бұқаралық іс-шараларын өткізген. Аталған спорт шараларына қатысушылардың саны 70 мыңға жетті, – деді Қанат Бақытжанұлы.
Жыл қорытындысындағы жаңалықтардың ішінен Қазақстан Республикасының мектеп және колледж оқушыларының жетінші жазғы спартакиадасында солтүстікқазақстандықтардың жеткен жетістігін ерекше атап өтуге болады. Спорттың 46 түрі бойынша өткізілген додада жерлес спортшылар спорттың 28 түрінен қатысып, оның 18 түрінен жүлделі орын алған. Атап айтқанда, қоржынын 36 алтын, 43 күміс және 35 қола медальмен толықтырған солтүстікқазақстандықтар жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады.
Салтанатты шараның ресми бөлімінде облысымыздың 2014 жылғы үздік спортшылары марапатталды.
Екі сағатқа созылған шара барысында акробатика, дартс, гимнастика (көркем, спорттық), гір спорты, қол күресі, күрес (грек-рим, еркін), велоспорт, футбол (қыздар), жағажай волейболы, жеңіл атлетика, спорттық бағдарлау, президенттік көпсайыс командаларының мүшелерімен қатар, оларды бәсі биік жарыстарға баптаған бір топ жаттықтырушылар да марапатқа ие болды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.