«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІ

Облыстық ішкі істер департаментінің жақында болып өткен аппарат отырысында департамент бастығы Берік Біләлов “Мамандығы бойынша 2014 жыл үздігі” конкурсының жеңімпаздарын марапаттады.

Департамент бөлімшелерінің 14 қызметкері конкурс жеңімпаздары болып танылды.

Үздіктерді таңдауда жұмыс нәтижесі, ашылған қылмыстардың саны ғана емес, полиция ведомстволарының мәдени-көпшілік шараларына қатысуы да есепке алынды. Жылдың соңында 23 қызметкер іріктеліп, соның қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды.

Криминалдық полиция басқармасы бойынша аға жедел уәкіл, полиция майоры Шалқар Рахматуллин топ жарды. Ол қызмет атқарған 9 жылдың ішінде жүздеген қылмыстарды – ұрлықтарды, алаяқтық, көлік мініп кету оқиғаларын ашты.

Әкімшілік полициясы басқармасында – Мамлют аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы Рустам Валиев, ақпарат-сараптама бөлімшесінде – Аққайың аудандық ішкі істер бөлімінің инспекторы Гүлмира Мұстафина, тергеу басқармасында – аға тергеуші Қайрат Қасенов (Аққайың ауданы), анықтау басқармасында – аға анықтаушы Амангелді Әбділманов (Мамлют ауданы) және басқалар марапатталды.

Конкурс қорытындысы бойынша үздік қызметтер де белгілі болды. Бұл қатарда Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның шұғыл-криминалистік қызметі, Айыртау аудандық әкімшілік полициясы қызметі, Жамбыл аудандық тергеу және анықтау қызметі, Аққайың аудандық криминалдық полиция қызметі бар.

Аппарат отырысында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған жарыста хоккейден үздік болған Уәлиханов, Тайынша және Мағжан Жұмабаев аудандары командаларының капитандарына кубоктар мен марапаттар тапсырылды.

Мұрат Байменов (Уәлиханов ауданы), Александр Бажмин (Есіл ауданы) және Виктор Соколов (Мағжан Жұмабаев ауданы) үздік ойыншылар ретінде құрметке бөленді.

Ольга ШИЯН,

облыстық ішкі істер департаменті

 баспасөз қызметінің инспекторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp