
Спорт – денсаулық кепілі. Оның адам өміріндегі алатын орны ерекше. Себебі, спортпен жүйелі шұғылданатын адамның денсаулығы мықты болады. Жыл басынан бері атқарылған жұмысымызға баға беріп, үздіктерді марапаттайтын сәт туды. Жуырда біздің орталық жыл қорытындысын шығарып, сала үздіктерін анықтады.
2019 жыл өңіріміз үшін жетістіктерге толы болды. Атап айтқанда, облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 1420 спорт секциясы жұмыс істесе, шұғылданушылар саны 23,1 мың адамға жетті. Балалар мен жасөспірімдердің аулалық клубтарындағы 470 секцияға 8 мыңға жуық оқушы қатысады. Ал өңірдегі барлық секцияларға мектеп оқушыларының 45 пайызы жүйелі түрде барып жүр.
Биылғы оқу жылында жергілікті білім беру мекемелерінде 890 дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жұмыс істесе, олардың 85 пайызы – жоғары білімді мамандар. Олардың тікелей қатысуымен облыс көлемінде жүзден астам жарыс ұйымдастырылды. Жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары оқушыларының саламатты өмір салтын қалыптастыру, оларды спортпен шұғылдануға тарту мақсатында қысқы және жазғы спорт түрлерінен “Ақшақар”, “Жастар”, “Сұңқар”, “Жас сұңқар”, мүмкіндігі шектеулі балалар арасында “Special Olympics” спартакиадаларын, баскетбол, волейбол, шағын футболдан мектеп лигасын өткіздік. Әскерилендірілген “Ұлан”, 10-сынып оқушылары арасында “Батыр” спартакиадаларын, 7-8-сынып оқушылары арасында “Алау” әскери ойындарын да ұйымдастырдық. Қала және облыстық деңгейде жыл бойы жалау желбіреткен бұл спорттық-бұқаралық шараларға қатысушылардың саны 70 мыңға жетті.
Биыл жерлестеріміз отызға жуық республикалық және халықаралық сайысқа қатысты. Қазақстан Республикасының мектеп және колледж оқушыларының ІХ қысқы спартакиадасында солтүстікқазақстандықтардың жеткен жетістігін ерекше атап өтуге болады. Спорттың 46 түрі бойынша өткізілген додаға жерлес спортшылар спорттың 11 түрінен қатысып, жүлделі орын алды. Атап айтқанда, қоржынын 10 алтын, 32 күміс және 36 қола медальмен толықтырған жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады. Өңір спортшылары президенттік көпсайыстан үздік болса, қыздар конькимен сырғанауда және шаңғы жарысында – екінші, ерлер конькимен жүгіру, шаңғы жарысында, спорттық бағдарлауда және футзал ойындарында үшінші орынды иеленді.
Жуырда облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында үстіміздегі жылы облыстық және республикалық сайыстарда жеңіске жетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінген командалардың мүшелері, олардың жаттықтырушылары, қалалық және аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің өкілдерінің басын қостық. Шара барысында жыл үздіктері марапатталды. Мысалы, қалалық білім бөлімінің құрама командасы “Жастар” және “Ақшақар” облыстық жазғы-қысқы спартакиадаларының жеңімпазы атанды. Облыстық мектеп лигасында Тайынша ауданының құрамасы топ жарды. Сондай-ақ, 2019 жылдың айшықты сайыстарының бірі – “Жас сұңқар” облыстық спартакиадасының бас жүлдесі Қызылжар агротехникалық колледжі құрама командасына бұйырды. Ал жеңістің бірінші сатысына көтерілген Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттері “Сұңқар” облыстық спартакиадасының жеңімпазы атанды.
Биыл Бурабайда “Jastar Sport Fest” әлеуметтік жобасы аясында “Бірінші жастар ойындары” өткен болатын. Бұл сайыста өңір намысын қорғаған Адиля Ғалымжанова ұзындыққа секіруден екінші болса, Илья Храбрых пен Николай Ворон 100 метрге жүгіру және әскери-қолданбалы спорт түрінен үздік үштікті түйіндеді.
Еліміздің болашағы – дені сау ұрпақ. Сондықтан біз спорттық сайыстардан қалыс қалмай, үздіктер қатарынан көріну жолындағы жұмысымызды жалғастыратын боламыз.
Қанат СӘДУАҚАС,
дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери даярлық өңірлік оқу-әдістемелік
орталығының директоры.