Өткен сенбіде аудандық полиция бөліміне Мамлютка қаласының қарт тұрғыны шағымданды. Ол өзін үш белгісіз адамның алдап, барлық жинаған 199 мың теңге қаржысын алып кеткендерін хабарлады. Кейуананың айтуынша, сол күні ертеңгілік үйіне жақын көшеге шыққан оған жас ер адам мен екі әйел жолығып, түрлі қызметтер ұсына бастайды. Өздерінің зейнеткерлер мен мүгедектер үшін азық-түлік дүкенін ашқандарын сендіре айтып, рубльмен ғана қызмет көрсете алатындарын білдіреді. Олардың әжейді сендіргені сондай – кейуана үйінен 199 мың теңгені алып шығып, әлгілердің қолдарына ұстата салады. Жортуылшылар мәселені оң шешеміз деп, оның жеке басын куәландыратын құжаттарын талап етеді. Аңқау зейнеткер төлқұжатын әкелу үшін үйіне кеткенде “үштік” дайын тұрған көлікке отырып, белгісіз бағытта тайып тұрады.
Полицейлердің жедел іс-қимылы бірер сағаттың ішінде қылмысты ашуға мүмкіндік берді. Олар өтініш түсісімен бірден облыстың жолпатруль полицейлеріне хабарлайды. Соның нәтижесінде ақ түсті “Hyundai” автомашинасы Тайынша ауданының Келлеровка ауылындағы бақылау-өткізу пунктінде тоқтатылды. Ұсталғандар Ташкент қаласының тұрғындары, Өзбекстанның азаматтары болып шықты. Өздерінің Қазақстанға сапарын Бурабайға демалысқа келдік деп түсіндірді. Күтпеген жерден ақшалары таусылып, сосын такси жалдап, Мамлютка қаласында тұратын туысқандарына келген. Бірақ туысқандарына барудың орнына көздеріне бірінші түскен кейуананы үптеп кеткен. Қолды болған ақша олардың бойынан табылды. Қазіргі уақытта ұсталғандардың үшеуі де уақытша ұстау оқшаулағышында отыр.
Юрий КЛЫКОВ,
облыстық Ішкі істер департаменті
баспасөз қызметінің инспекторы.