Алексей Островский… Орыстың ұлы драматургі туралы толғанысқа берілген әйгілі ойшыл, әдебиет сыншысы, бар болғаны ширек ғасыр өмір сүрген Николай Добролюбов: “Островский – орыс драматургиясының Шекспирі” деген лебіз арнап, оның “Найзағай” пьесасына “Қараңғылық патшалығындағы жарық сәуле” атты мақала жазғаны әдебиет тарихынан белгілі.
Қай уақытта болсын, Островскийдің комедиялары мен трагедиялары тереңге жайылған тамырымен ерекшеленіп, адамзат өркениетінің әр кезеңдеріндегі өмір шындығымен астарланып жататындықтан, әлі күнге орыс, әлем театрларының сахнасынан түспей келеді.
Біздің облыстық орыс драма театрының репертуарында да Островский пьесаларының орны бөлек. Биыл оның “Ақылдылардың ақымақтығы” пьесасының негізінде талантты көркемдік жетекші Тимур Кәрібжанов Н. Погодин театрында “Беу, мырзалар, мен сіздерге қажетпін!” деген қойылымды сахнаға шығарды.
Спектакльді тұтастырып тұратын бірнеше тұлғалар бар. Олардың әрқайсысы бір-бір әлем іспетті. Мәселен, жігерлі жас, әрі ақылды, сонымен бірге қумүйіз, жымысқы Егор Глумов (әртіс – Роман Лахтин), оның шешесі Глафира Глумова (Қазақстанның халық әртісі Людмила Ванюкова), ағыл-тегіл байлық жиса да ақымақ Нил Мамаев (әртіс – Алексей Никулин), оның жеңілтек зайыбы Клеопатра Мамаева (әртіс – Ирина Пашкина), даңғой генерал Крутицкий (Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Анатолий Наргеленас), есер гусар Егор Курчаев (әртіс – Виталий Алфимов), байлықтан басы айналған жесір әйел Софья Турусина (Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Надежда Косыгина) бейнелері арқылы көрермен он тоғызыншы ғасырдағы тоғышарлардың күйкі тірлігін, ой-өрісі тар жатыпішерлердің өміріне көз сала алады.
Пьесаның премьерасы қойылып жатқан 1868 жылғы 1 қарашада Мәскеудің Александр театрында бір бай көпес: байшікеш Нил Мамаевты “Ойбай-ау, мынау маған ұқсайды екен!” деп абайсызда айғайлап жіберіпті. Сасқаны сондай, көзәйнегі жерге түсіп кетіп, өз бейнесін көріп, ол да абдырап отырған өзге біреудің аяғының астында қалыпты.
Осы ақымақтардың бәрінен қумүйіз Егор Глумов айла асырады. Өзінің бір туысын танып, екіншісін танымайтын, даңғаза, кеудемсоқ Мамаевтың бауырына кіріп алған алаяқ Егор өзін: “Мен сіздің немере ініңіз боламын!” десе, мақтауға бөккен Мамаев, әсіресе, оның шошақай, жеңіл жүріске бейім зайыбы Клеопатра Егор Глумовтың уысына түседі. Зымиян оның басын айналдырып, күйеуінен ажырастырмақ, сөйтіп, байлығын иемденгісі келеді.
Ал әумесер, жанына балгерлер мен тәуіптерді үйіріп жүретін, бай, алайда ақымақ Турусина да ақылды зымиянның дегенінен шыға алмайды. Осы орайда А. Островский Глумовтың бейнесіне ұлы француз драматургі Жан-Батист Мольердің “Скапеннің айла-шарғысы” пьесасынан Скапенді үлгі етіп алғанға ұқсайды.
Погодиндіктердің ойын-өнерін бағамдап отырған көрермендер бес актілі спектакльдің әр көрінісінен соң ризашылықпен қол соққаны, қойылымның сәтті шыққанын айғақтайды.
Өздерін ақылды, патша Александр екіншінің тұсындағы алдыңғы қатарлы орыс қоғамының өкілдері санайтын ал, анығында, ақымақ, қалталы байшікештердің осы осалдығын алаяқ Глумов жақсы пайдалана біледі. Қолынан жазу өнері келетін ол бұрын эпиграммалармен шұғылданса, кейін пасквильдер (тәлкектер) шығарып, өшіккен адамдарын қоғамдық мазаққа айналдырады. Ал, Мамаев пен гусар Курчаев, генерал Крутицкий оның сол пасквильдерін сатып алады.
Николай Гогольдің әйгілі “Ревизорындағы” Хлестаковтың тұрмыс-тірлігі Островский шығармасындағы Мамаев бейнесінде қайталанады. Тіпті, екеуінің тұтынған заттары (мысалы, қолындағы таяқшасы), киген киімдері (басындағы цилиндр қалпағы, фрагы) өте ұқсас.
Жалпы, спектакльді қоюшы-суретші, Мәдениет саласының үздігі Николай Корякин мен осындай атақтың иегері, киім-кешектер шебері Светлана Танигина декорация мен бутафория арқылы осы оқиғалар өткен кездің көріністерін жақсы бейнелегенін айту керек.
Қойылымның шарықтау шегінде ақылды ақымақтардың алданғаны аңғарылады. Алайда, олардың түзеліп кетуіне сана-сезімдерінің олқылығы мұрсат бермейді. Бірақ олар Глумовты орталарынан аластағысы келеді. Өзінің осындай артықшылығын аңғаратын мансапқор Глумовтың: “Беу, мырзалар, мен сіздерге қажетпін!” деп жар салуы орынды деп айту керек. Ол өзінің бүкіл зымияндық әрекеттерін жазып, тіркеп отырған күнделігін өмірінің басты байлығына балайды. Соған орай Островскийдің бұл пьесасы 1957 жылы Нью-Йоркте қойылғанда “Жымысқының күнделігі” деген атаумен сахналанған екен.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.