«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫРЫ БІТПЕЙТІН МӘСЕЛЕ

Бабаларымыз: “Бірінші бай­лық – денсаулық” деп бекер айт­паған, кез келген адам үшін одан асқан игілік, қымбат дүние жоқ. Бүгінгі таңда біз оған тағы бір көз жеткізіп отырмыз. Бүкіл әлем ко­ро­навирус деген бәленің бетін қай­тарамыз деп жанталасуда. Осы күрестің алғы шебінде өз ант­тарына адал дәрігерлердің жүр­ге­ні айтпасақ та түсінікті. Олар қа­зір күні-түні көз ілмей дауасыз дертпен күресуде.

Мен мұны неге айтып отыр­мын: біз дәрігерлерді алақанға са­луымыз, олар үшін барлық жағ­дай­ды жасауымыз ке­рек. Өкініш­ті­сі, осы салада қайда болмасын шешімін таппаған мә­се­лелер әлі де көп. Мысалды алыстан ізде­мей, өзіміз тұрып жат­қан Шал ақын ауданын ала­тын болсақ, біз­де маман дәрігер­лер жетіспейді. Айталық, аудан бо­йынша эндо­кринологтың көме­гі­не мұқтаж 1400 адам есепке алын­са, бізде емдейтін маман жоқ. Оташылар­дың да саны сау­сақ­пен санар­лық­тай ғана. Флю­оро­­гра­фиялық, ультрадыбыстық тек­серістерден өтудің де маша­қаты көп. Қазір елімізде төтенше жағ­дай жария­лан­ған кезеңде осын­дай мәселе­лер бізді қатты алаң­датып отыр.
Шыны сол, бұл әңгіме көтеріл­ге­лі де біраз жылдың жүзі болып қалды. Жылда айтамыз, уәдеге қарқ боламыз. Алайда, жағдай­дың жақсаратын түрі байқал­май­ды. Баяғы жартас, бір жартас.
Қысқа жіп күрмеуге келмей, мүмкіндік болмай жатса, бір сәрі ғой. Құдайға шүкір, қазір өткен ға­сырдың 90-жылдарындағыдай жерге қарап отырған жоқпыз, бәрі бар, әлеуетіміз күшейді. Тұрғын үй құ­рылысы тек облыс орталы­ғын­да ғана емес, аудандарда, ша­ғын елді мекендерде де қарқын алған. Олардың қатарында Сер­геевка қаласын да атауға бола­ды. Биыл мұнда аудандық ауру­ханадан таяқ тастам жерде мем­лекеттік бағ­дарлама бойынша он төрт пә­терлік екі тұрғын үй бой кө­терді. Орталық жылу жүйесіне қо­сыл­ған, сумен, жарықпен қамта­ма­сыз етілген жайлы үйлер. Әкім­­­дер­дің өткен есептік кез­де­су­ле­рін­де жылда айтып жүр­ген сөз­дерімді қайталап, осы екі үй де медицина қызметкерлеріне бө­лін­се, осындай қамқорлықтан ау­дандық аурухананың үшінші қа­батында тұрып жатқан орта буын ма­мандар да шет қалмаса екен де­ген тілегімді жеткізген едім. Оба­лы не керек, ауданымыздың әкі­мі Нұрлан Есімов бұл ұсыны­сым­ды қолдады. Бірақ қазір бай­қап отыр­мын, бірен-саран үйдің кілті ғана дәрігерлердің қолына тиетін сияқты. Осыдан кейін олар өзде­ріне жағдай жасайтын қо­лай­лы жер іздеп кете бастаса, не уәж ай­тамыз?! Қолында билігі бар бас­шыларға әлі де болса ой­ланы­ңыз­дар, мәселенің тереңіне бой­лаңыздар дегім келеді. Ертең кеш болуы мүмкін. Тұрғындар­дың ден­саулығына қауіп төніп тұр­ған бү­гінгі күні, ең алдымен, ме­ди­цина қызметкерлерінің сапалы қызме­тіне мұқтаж екенімізді ес­тен шығармайық.
Әйтеуір, денсаулық сақтау мә­селесін қозғағаннан кейін, аудан­дағы “Жедел жәрдем” қызметінің са­пасы да сын көтермейтінін айта кетейін. Бүгінгі таңда науқас адам­­­­ға “Жедел жәрдем” шақыру үшін алдымен Петропавл қала­сы­на хабарласуға мәжбүрміз. Ау­дандағылар облыстың рұқсаты­мен ғана келеді. Мұның қандай ма­шақат екенін өздеріңіз де түсі­ніп отырған шығарсыздар. Тіпті, “Же­дел жәрдем” деген атына сай емес қой.
Халық үніне құлақ асатын би­лікке айтар осындай назымыз бар. Бұған тиісті орындар не дер екен?

Манабай ҮМІТБАЕВ,
еңбек ардагері, Шал ақын ауданының құрметті азаматы.

Сурет https://newkuban.ru/ сайтынан алынды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp