«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫРҒА ҚҰМАР ЖАСТАР

Тәуелсіздік күніне орай Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта “Тәуелсіздік – тұғырым” атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті.

Жыр додасына М.Қозыбаев атындағы СҚМУ, Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық колледж бен мектептерден барлығы 21 жас қатысып, өзара бақ сынады. Өрендердің өнерін Қазақстанның құрметті журналисі, ақын Болат Қожахметов бастаған қазылар алқасы бағалады. Мүшәйра қатысушылары бірінші кезеңде Тәуелсіздікке арнаған өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыпта жырдан шашу шашты. Соңғы кезеңде өрендер қазылар алқасы берген тақырыпқа қалам тербеді.

Мүшәйра қорытындысы бойынша мектеп оқушылары арасында Ермек Жұмин қатарынан озып, бірінші орынға табан тіреді. Диас Аяған екінші, Аңсаған Нұрәлі үшінші орындарды еншіледі. Студенттер арасындағы тартыста М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің бірінші курс студенті Жарқанат Хинаухан жүзден жүйрік деп танылды. СҚМУ-дің 1-курс студенті Мирасбек Нұрбол жүлделі екінші орынды қанағат тұтса, Абылайхан Әшімхан үшінші орынды иеленді. Сайысқа қатысқандардың барлығына дипломдар мен арнайы бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Өлең жазуға әуес жастардың талаптарын ұштау мақсатында ұйымдастырылған жыр сайысына есімі өңірімізге белгілі кәсіпкер, тіл жанашыры Жомарт Омаровтың демеушілік еткенін айта кеткен жөн.

Алина НҰРТАЗИНА, “Soltústіk Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp