«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫР АЛЫБЫ

Сәкен Сейфуллин кезінде: “Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз”, – деп көрегендікпен айтып кеткен екен.

Бүгінгі білім беру мазмұнын жаңарту аясында оқушылардың тілдік мәдениетін: айтылым, жазылым, сөйлеу, тыңдау дағдыларын қалыптастыруда Жамбыл шығармаларын кеңінен насихаттау талап етілуде. Осыған орай 3-4-сынып оқушыларымен “Жамбылтану” курстарын қосымша оқыту көзделген.

Оқушылардың ұлы жыршы туралы білімдерін кеңейту мақсатында берілген ақынның XX ғасырдың басына дейінгі шығармашылық өмірбаяны туралы деректер аз. Жыр алыбы Жамбылдың ұшан-теңіз жыртолғау, айтыстары да түгел сақталмаған. Ерте кездегі жазылған еңбектерінен Жамбыл атамыздың әділетсіздікке мүлде қарсы болғаны және керек жағдайда әзілді де орынды қолданғанын байқауға болады. Мәселен, “Шағым”, “Айкүміспен айтысы”, “Құрбылық наз”, “Кедей күйі”, “Пұшықтың ұрыға айтқаны”, “Әділдік керек халыққа”, “Кәрібайдың төбеті” және тағы басқа да өлеңдері соның дәлелі.

Жыршы бозбала кезінен іштегі мұңын, көңіліндегі сырын шуақты көркем жырлары арқылы жеткізе білген. Оның “Әкеме”, “Менің пірім Сүйінбай” жырларынан осы шеберлікті анық аңғаруға болады. Жамбыл Жабаевтың “Шәкірт балаларға”, “Алатау”, “Балама хат” шығармалары бастауыш сынып оқушыларының бойында табиғатқа деген сүйіспеншілік пен кішіге ізет көрсету, қамқорлық, отансүйгіштік, азаматтық, төзімділік, уәдеге берік болу сынды адамгершілік қасиеттерді қалыптастырады.

Бастауыш сынып оқушыларымен өткізілетін “Жамбылтану” қосымша сабақтары: “Ақынның туған жері, балалық шағы”, “Ерте кезде жазылған өлеңдері”, “Жамбыл және Сүйінбай”, “Жыршының шығармаларындағы табиғат бейнесі”, “Жамбыл – әділетсіздіктің қас жауы”, “Жамбыл – әзілді құптаушы”, “Жамбыл және Ұлы Отан соғысы”, “Ақынның образы атақты суретшілердің өнерінде” тақырыптарын қамтыса, құба-құп.

Кезінде Сүйінбай Аронұлы жас ақынның талантын көріп: “ …Балам, өз өлеңіңді шығар, бірақ оның жұрт жаттап алатын, ешкім ұмытпайтын өлең болсын… Көмекейің емес, жүрегің сөйлейтін болсын. Шындықты айт, әділдікті жырла, төңірегіңде не болып жатыр, соны аңғар, соны біл”, – деген өсиет сөздерін Жамбыл атамыз мүлтіксіз орындап, артына бай рухани қазына қалдырды. Оны жас ұрпақтың бойына сіңіру – біздің парызымыз.

Қарашаш ЖАМАНТАЕВА,

“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалының аға оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp