«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫР БОЛЫП ӨРІЛГЕН ТАРИХ

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ауылындағы Мәдениет үйінде аймақтық ақындар айтысы өтті. Жыр додасына өңіріміздің ақындарынан өзге, көршілес Көкше өңірінің жүйріктері де қатысты. Доданың дүбірлеп өтуіне аталмыш аудан әкімдігінің демеушілік еткендігін айта кеткен жөн.

Төрт жұп болып айтысып, сахнаның сәніне айналған, көрермендердің көңілін баураған сегіз ақын Қазақ хандығының 550 жылдығын кестелі жырларына арқау етіп, қалың қазақтың тағылым мен теперішке толы, тасқа қашап жазылған арғы-бергі терең тарихынан ой өрбітті. Облысымыздың бүгінгі әлеуметтік, рухани өмірі де, күрделі жөндеуден өтіп, жаңа түрге енген жолдары да, қоғам өміріндегі көлеңкелі жайлар да, парақорлық, жемқорлық тақырыптары да ақындардың назарынан тыс қалмады.  

Әдебиет алыптарын өмірге әкелген қызырлы Қызылжардың кешегі мен бүгінгісі де өлең болып өріліп, жыр болып төгілді. Орынды айтылған әзілдер тыңдармандардың көңілін серпілтті. Нәтижесінде Айыртаудың намысын арқалап келген Мұхамед Қоңқаев бірінші орынды қанжығасына байласа, көкшетаулық Еркін Советхан екінші орынды иеленді. Қызылжарлық Жарқын Жұпархан үшінші орынға жайғасты. Жүлдегерлер мен қатысушылардың барлығына ақшалай сыйлықтар тапсырылды.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp