«Шығыстың Аристотелі» атанған ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Оқушылар сарайында «әл-Фараби мұрасы – асыл мұра, рухани қазына» атты облыстық жыр мүшайрасы өтті. Облыстық «Soltústik Qazaqstan» газеті мен әл-Фараби атындағы мектеп-лицей ұйымдастырған шарада қала және аудандар мектептерінен келген өрендер ұлы философ және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жайындағы жүрекжарды өлеңдерін оқып, жүлделі орындарды сарапқа салды.
Мүшайраға облысымыздың әр аудандары мен облыс орталығынан барлығы 16 жас ақын қатысты. Ережеге сәйкес әр қатысушы екі өлеңнен оқып, қазылар алқасы олардың өнерін бағалау кезінде туындыларының мазмұнына, мәнерлеп оқу қабілетіне және сахналық жүріс-тұрысына ерекше мән берді. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың оқушысы Диас Аяған, бірінші орынды Жамбыл ауданы Айымжан жалпы білім беру мектебінің оқушысы Әсем Раисова иеленді. Кәмшат Аюпова, Айнұр Тлеген, Темірлан Сералиев, Ерсұлтан Серік пен Дарина Қуаныш екінші және үшінші орындарға жайғасты. Жүлдегерлер грамоталармен қатар ақшалай сыйлықтарға ие болды. Қалған қатысушылардың барлығына арнайы сертификаттар мен кітаптар табыс етілді.
Толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.