М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Көкшетау қаласында өткен “Есіл-Көкше – ән мен жырдың мекені” атты аймақтық жас ақындар байқауынан жүлделі оралған жерлестерімізбен кездесу өтті.
Бұл сайысқа қаламыздағы Ерік Асқаров атындағы ақындар орталығы және Көкен Шәкейұлы атындағы Көкшетау ақындар мектебінің өкілдері қатысқан болатын. Байқауда жерлестеріміз мақтануға тұрарлық өнер көрсетті. Атап айтқанда, облыстық ақындар мектебінің тәрбиеленушісі Дәулет Құрмаш айтыста бірінші орынды қанжығасына байлады. Ал Диас Аяған осы жыр додасында арнайы жүлдеге ие болды. Сонымен қатар Жарқанат Қинаухан мен Ермек Жумин ақындар мүшәйрасында екінші және үшінші орындарды иеленді.
– Аймақтық жас ақындар байқауы Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында “Ел бірлігі” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілді. Сайыс қорытындысы бойынша өңіріміздің намысын қорғаған жерлестерімізге төрт жүлде бұйырды. Қарашаның 29-ы күні Көкше өңірінде республикалық ақындар айтысы өтеді. Осы сайыста орталығымыздың екі шәкірті өнер көрсететін болады, – дейді облыстық ақындар орталығының жетекшісі Жарқын Жұпархан.
Аталмыш кездесуде облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Таңат Бейсенбаев Қызылжар өңіріндегі айтыстың тарихы туралы әңгімеледі. Ол сексенінші жылдардағы өңірдің айтыс ақындары Ерік Асқаров, Бүркіт Бекмағанбетов пен Кеңес Тынымбаев туралы айта келе, содан кейінгі уақытта айтыс кенжелеп қалғанын тілге тиек етті.
Шара соңында Көкшетауда өткен сайыстан жүлделі оралған жас ұрпақ өкілдеріне бағалы сыйлықтар табысталды.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.