«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫР ДҮЛДҮЛІ ОРЫНБАЙДЫҢ СОҢҒЫ АЙТЫСЫ

Орынбай Бертағыұлы (1813-1891) Айыртау ауданындағы Дәуқара ауылы маңында дүниеге келіп, Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласының төңірегінде жерленген.

Айтыстың асқан жүйрігі Шөже, Арыстанбай, Кемпірбай, Жанақ, Түбек сынды саңлақтармен сөзсайыстарда шашасына шаң жұқтырмаған.

Ақын қартайған тұста бәйбішесі өмірден озып, жаны күйзелген екен. Осындай шақта «Айтысты қойсам қайтеді…» деп жүреді. Алайда, бір астың үстінде көпшілік, әсіресе, байманаптар қолқалаған соң өзінен әлдеқайда жас, бірақ шалымды Өтеулі деген ақынмен айтысады.

Орынбай:

Көп билер, күмпілдемей қымызыңды іш,

Бозбала, неге отырсың, күбіңді піс!

Қарауылдың ақыны жаңа келді,

Сыбызғышы-сырнайшы артыңды қыс!

Қапыда қартайдым деп қалма, шіркін,

Дүние жолдас емес аңда, шіркін.

Үш жүзден озып жүрген Орын едің,

Азырақ қанатыңды қомда, шіркін!

Сөйлеуге Орын едің, жөн біле гөр,

Өңкей бір ақиыққа кез қыла гөр.

Келгенде шабар жерің қайтушы едің,

Бүгжеңдеп кәрі тарлан жүгіре көр.

Сөйлейді жаман адам жөнін білмей,

Жүреді кейбір жақсы кезі келмей.

Келгенде айтар жерің айтушы едің,

Қимылда төрт аяғың жерге тимей.

Сіздерді бұл ордада көрдім, тақсыр,

Алланың салғанына көндім, тақсыр.

Сіздерді бір көруге құмар болып,

Араға сегіз қонып келдім, тақсыр.

Мен келдім сізге, Мұқан, мұң шағуға,

Атасы секілді едің елдің, тақсыр.

Жасымнан жан серігім бәйбішемді

Мен бердім құшағына жердің, тақсыр.

Сұлтаным, сол себепті болдым дертті,

Жүрекке сөнбейтұғын салды өртті.

Үш тоғызды жеккенде қандай едім,

Орынның биылғы жыл сәні кетті.

Қартайып сол күнімнен танып жүрмін,

Дақ түсіп көңіліме налып жүрмін.

Бірге өскен жас күнімнен жарым қайтып,

Ақырындап осы күні қалып жүрмін.

О, дүние, қызық дәурен өткен жері,

Уайым денені алып біткен жері.

Тағдырға қолдан келер шара бар ма,

Бәйбішем сапарланып кеткен жері.

Шырмап тұр осы күні кәрі шалды,

Тер сіңген жас күнімнен жарымды алды.

Бейне бір жаңа үйреткен тай секілді,

Енді бір тоқал итке күнім қалды.

Жастық шақ шешек атқан гүл секілді,

Күлімдеп нұрын шашқан күн секілді.

Алтында иесіз қалған маңыз бар ма,

Дариға-ай, кәрілік бір түн секілді.

Жарығы бұл дүниенің өтіп кетіп,

Заманға кез боп тұрмын бұл секілді.

Жастықта бірге дәурен сүрмеген соң,

Бір жатып, бірге тұрып, күлмеген соң.

Бөленіп махаббаттың бесігіне,

Мәз болып шаттық құрып жүрмеген соң

Қадірін Орынбайдың қайдан білсін,

Қызығын жас уақытта көрмеген соң.

Мыс болдым осы күні, едім алтын,

Емес пе еді қай уақытта басым жарқын.

Мұң шақтым халық иесі сұлтандарға,

Білмеген қайдан білсін мұның нарқын.

Қатынын топқа айтып зарлады деп

Өсектеп жатқан шығар біздей қартын.

Төренің жас ақыны бар деп еді,

Тастадым соған тіреп сөздің артын.

Өтеулі:

Домбыра қолға ұстадым жастық шақта,

Болған соң сөз өнері тіл мен жақта.

Бас қосқан мәжілістің базары едім,

Тіл сатып жүргенім жоқ мал мен баққа.

Он төртте үйір болдым өлең-жырға,

Серік қып домбыраны алдым қолға.

Құрбымен қатар өскен сауық құрып,

Мен жүрдім серілік қып ой мен қырда.

 

Дабысым төңірекке мәлім болып,

Ақын ғып арғын-қыпшақ алды қолға.

Жерімнен кетіп қалған мені алдырып,

Дүбірге қосқалы тұр қазір мұнда.

Сөзіме хан мен төре ерік бермей,

Болмай тұр осы күні билік қолда.

Хан-қара Орынменен күрес деп тұр,

Бір Құдай, уа, аруақ, өзің қолда.

Ореке, айтар сөзің көп-ақ шығар,

Айтсаң да қалай шалқып жөн-ақ шығар.

Талайдан озып жүрген сен бір жүйрік,

Өзіңнен озған жүйрік жоқ-ақ шығар.

Жасқаншақ, қорғалағыш жас ініңмін,

Торғайдай көрінгеннен қорқып бұғар.

Сіздерге қарсы айтуға бата алмаймын,

Белгілі мен Өтеулі жорғалаймын.

Көңілім бойды бағып, сабыр қылу,

Әсіре, есер сөзді қолдамаймын.

Ореке, төрелігін өзіңіз айт,

Айтыс деп мен ешкімді зорламаймын.

Ертерек өзіңізге аңғартқаным,

Би-бектің қызба сөзін қолдамаймын.

Ореке, сіз бір таусыз, біз – таушыкеш,

Болғанда сіз асқар бел, біз – белшікеш.

Жарды ұрып жағалауы шалқып жатқан

Сіз деген – бір айдын көл, біз – көлшікеш.

Бақ қонып, абыройың қайтпаған соң,

Бәйгеден күнде-күнде келіп жүрсің.

Қаншама шешенсініп келгендердің

Беттетпей «сыбағасын» беріп жүрсің.

Саңлақтар топтан талай кездессе де,

Жаныңа жақындатпай жеңіп жүрсің.

Бәйгеден күнде келген, кәрі тарлан,

Соңыңнан ерген талай құнан-тайың.

Біз-дағы білуші едік жауап жайын.

Ендігі сөз салмағы өзіңізде,

Сөзімнің жөні осылай, Орынбайым!

Орынбай:

Мен саған сөздің жөнін сынатайын,

Бұл топты өз аузыма қаратайын.

Алашқа даңқым кеткен Орынбаймын,

Өзің де білесің ғой менің жайым.

Жол алдым сен секілді ақындардан,

Ат-шапан жетектетті, алдым тайын.

Көрінеді сөзің түбі салмақтылау,

Жұқалап сөйлесең де қарапайым.

Артық деп өнеріңді саспан дейсің

Көрінеді қорықсаң да күшің дайын.

Сөзіңнің екі жағы істік болды,

Болдың ба рас көңіл, балақайым.

Өтеулі:

Билікті беріп едім өзіңізге,

Жырақтап сөзің барады шығып түзге.

Ниетің айтысуға ауған екен,

Кінә ғып болмашыны айттың бізге.

Таласты көп ішінде сүймеуші едім,

Орынсыз сөзді әкеліп салдың тезге.

Сый мен жол беретұғын айыпты емен,

Менің жоқ беретұғын дымым сізге.

Орынбай:

Болмайды, әй, Өтеулі, мұның пайда,

Жөн еді әлің біліп, тұрсаң жайға.

Жол алған Орта жүзден ардагермін,

Тең емес менің басым құнан-тайға.

Шешенмін Жиреншедей топтан асқан,

Жұлдызға көкте тұрған қолың жайма!

Қыранмын көзі түссе ілмей қоймас,

Мерт болма арыстандай шауып айға!

Ұятты көп алдында алғың келсе,

Қозғалма, күресуден сен де тайма!

Болмаса, жайыңды біл, бойыңды бақ,

«Аязым, әліңді біл!» деген қайда?!

Хан-биді сылтауратып, өзіңде ерік,

Кім зорлайды айтыстан тұрсаң жеріп.

«Тоқта!» деп саған, жаным, өтінбеймін,

Ықтияр өзіңе өзің болсаң берік.

Салыстыр ақылыңа өзің, жаным,

Қор болма жеңісіңді қолдан беріп.

Тобыма шырай берген мен сұрқылтай,

Үстем боп келмейтұғын біреу жуық.

Өтеулі:

Әркім де алдын болжап, көзін салар,

Орынсыз тасқан көңіл қайда барар?

Аузыңмен орақ орма, Орын аға,

Даңғойлар өзін артық, асқақ санар.

Өзіңді өзің мақтап, мені үркітпе,

Бала жоқ босқа қорқып, естен танар.

Жақсы менен жаманды жұрт сынайды,

Орынсыз құр мақтану артық болар.

Аяма, жеңілер деп, Орын аға,

Тартынған қу тақырды шоқып қалар.

Бала деп көңілің толмай, қапы қалып,

Аңдаусыз шалыс бассаң, ұят болар.

Қорқытпа, қорқатұғын адамың жоқ,

Жеңіл сөзге желп етіп ұшып-қонар.

Пайданы басыңа қыл ең алдымен,

Ойламай тонды пішу кімге жарар?!

Түйедей бойға сеніп жылдан қалған,

Бос мақтан кім-кімді де орға жығар?!

Артық сөз кімге керек, Орын аға,

Бұл жанды адам алмас, Құдай алар.

Орынбай:

Өтеулі, маған өлең айтар едің,

Мені жеңсең жолың боп қайтар едің.

Орынбайды сен еркін білмейсің ғой,

Болмаса сен де жолдан қайтар едің.

Аңдаусыз торға түспе, алдың байқа,

Ақиық мен бір қыран жайқар едім.

Суда жүзген мен жайын емес пе едім,

Туласам, жарықтығым, қайтер едің?

Өтеулі:

Қартайдың, ол күніңнен танып жүрме,

Қияға көзіңді артық салып жүрме.

Біле алмай жас жеткенін, асыра сілтеп,

Өкініп іс біткен соң қалып жүрме.

Көңіл тозбай, ақыл мен күшің тозып,

Өтпесті құр шарыққа жанып жүрме.

Орынбай:

Өтеулі, рас сөзге қылма тарлық,

Майданға түсіп тұрсың топты жарып.

Тиетін жұртқа пайдаң бір сөз баста,

Үлгі алсын сөз тыңдаған жалпы халық.

Айтайын мен әңгіме көпке ұнар,

Еткендей көп көңілін етіп жарық.

Тамамдап қырық парызды білесің бе,

Болады иман жолдас, дүние қалып.

Өтеулі:

Ореке, бұрын сізді көргенім жоқ,

Кетпейді кімнен өтіп дүние – боқ.

Тәубеге қартайған соң келу керек,

Дүние – алдастырған бір қызыл шоқ.

Тағат ет, иман ізде, өлеңді қой,

Ұстансаң ораза-намаз иманың тоқ,

Дүние үшін ар-ұятты жинап қойып,

Отырсың енді кімнің қайғысын жеп.

Әуелі өзіңе-өзің тию салмай,

Біреуге жөн айтқаның бола ма тек?!

Мұндайда айту керек жүйелі сөз,

Отыр ма дін үйрет деп жиналған көп.

Атағы көптен асқан, Орынбайым,

Келдің бе көпке үйрете иман жайын?

Тәубені тәркі қылған өзің едің,

Айтатын ол жайлы да сөзім дайын.

Орынбай:

Өтеулі, көзіңменен көр дегенім,

Дүние жолдас болмас, сен дегенім.

Аз да болса халықтың көңілін ашып,

Айтуымыз иман жайын жөн дегенім.

Дұрыс сөзді апарып теріс жаққа,

Қалды ма теріс сөзден білмегенің.

Болады қалай артық, жарықтығым,

«Әуелі иман шартын біл!» дегенім.

Өтеулі:

Байқасаң, менің сөзім теріс болмас,

Өз мінін біле алмаған сірә да оңбас.

Жасынан пайғамбардың асқан кезде

Жөн бе екен нәпсіге еріп, болу жолдас.

Алды – жөн адасқанның, арты – тұман,

Білмеген алдым жөн деп және қоймас.

Кінәлап өзгелерді өзін жөн деп,

Ондайға ақыл айтқан сөз де қонбас.

Дініңнен надандықпен жаңыласың,

Жөн көріп бір нәпсіге табынасың.

Бұл күнде дінің – кәпір, орның – тозақ,

Ореке, шариғатты не қыласың?

Орынбай:

Ойласаң өтіп кетер күнің деймін,

Келді ме осы сөзге тілің деймін.

Сөз айттың діннен шығар шамадан тыс,

Жол емес мұсылманға мұның деймін.

Себеп тап күпірлікті айтқаныңа,

Болмаса кетер сенің құның деймін.

Дүниенің төрт бұрышын ұстағандай,

Шығады неге асқақ тілің деймін.

Баласын мұсылманның кәпір дейсің,

Бұған бір орын сайла, інім, деймін.

Өтеулі:

Ореке, ышқындың ба сөзім батып?!

Бұл сөзді айтқаным жоқ бекер шатып.

Егеске басты байлап түскеннен соң,

Жауыңды жеңу керек көздеп атып.

Күпірлік, жолдан тайған ісіңіз бар,

Алғандай жаман ғадет пұлға сатып.

Дүние-шайтан, лағын азғындайды,

Ібіліс шәрбатының дәмін татып.

Өзге емес, өтірікпен Құдайды алдап,

Сонымен тауып жүрсің көже-қатық.

Жас келсе де сабырға салауат жоқ,

Қу дүние барады азғындатып.

Мал үшін иман-ардың бәрін аттап,

Жолына ғазазілдің түстің батып.

Өкініп, тәубе қылып өткен іске,

Райдан қайтсаң еді үйде жатып.

Жанасар мұсылманға ісің тапшы,

Әлі де нәпсі жолын қуып бақшы.

Тәубені бір бұзғанда үш бұзғансың,

Бұл күнде сізден, сірә, кәпір жақсы.

Орынбай:

Жиналған бар азамат нөкер шығар,

Аузыңнан шыққан сөзің шекер шығар.

Байқап айт, өтірікті медеу қылма,

Білмеген сырттан өсек етет шығар.

Рас деп өтірікке болма әуре,

Жабыспай жала сөзің кетет шығар.

Байқап бас аяғыңды, жүйрік інім,

Бұзғаным менің тәубе бекер шығар.

Өтеулі:

Ореке, бәрін жөнмен барлағайсың,

Құдай – бір, пайғамбар – хақ, аңдағайсың.

Бұл сөздің расына жеткем мен де,

Жаңсаққа рас сөзді салмағайсың.

Болған іс шындығына жетпей қоймас,

Бір істен екі ұятқа қалмағайсың.

Алланың өтірікші досы емес-ті,

Өзің де шындыққа көн, танбағайсың!

Орынбай:

Зарланба, айтқызам деп айтпағанды,

Жабыспа, болдырам деп болмағанды.

Өнбесті өспес жігіт даулар деген,

Бойыңа үйір қылма оңбағанды.

Белгілі аты шыққан би Наурызбай,

Қатардан туғаннан-ақ қалмаған-ды.

Сол кісі бір жас артық құрдасым ед,

Сондай бір әзілқойым ойнаған да.

Жала көп жаба берсе, тіл де ұзын,

Жаратқан жалғыз Алла түрлі жанды.

Анықтап шындығына жетпей тұрып,

Бос сөзбен жәбірлеме үлкен шалды.

Баласын мұсылманның кәпір дейсің,

Кездестің сен күнәға өшпес мәңгі.

Жармастың сасқаныңнан жала жауып,

Айтылмай тағы қандай пәлең қалды?

Өтеулі:

Аяқты би Науанға қия баспа,

Дін күтсең иманыңды биік ұста.

Тоқтайды кім де болса ақиқатқа,

Алланың өзі шындық, жолы нұсқа.

Өз мінін мойындаған айып болмас,

Жөнге кел, дұрыстығын өзің қоста.

Мойныңа қоятұғын куәм дайын,

Белді бу, берік болсаң мықтап ұста.

Бұл халық бос сөз айтар өсекші емес,

Қор болып көп алдында ұят баспа.

Жалтарып, мұз басқандай тайғақтама,

Саған айтар айғақтың жөні басқа.

.

Орынбай:

Шамадан айтқан сөзің барады асып,

Жаланы жапсырам деп көп таласып.

Ауыздан айтылған сөз тез тарайды,

Елестеп сағымға ұқсап, сырғып қашып.

Өлеңді қойсам қайтет деуім рас,

Жұрт соны жүргені ғой алып-қашып.

Әншейін айта салған сөзім еді,

Жөнімді айтайын мен сырымды ашып.

Тәубем жоқ жұрт алдында шартты қылған,

Білсеңіз сөз мәнісін жақындасып.

Көргендей өз көзіңмен, жарқын інім,

Қадалдың шыныңды айт деп тура басып.

Шындығым осы, менің жалғаным жоқ,

Қоспа сөз, илансаңыз, айтқаным жоқ.

Өлеңді қойсам қайтет деген сөз ғой,

Тәубесін насуханың қылғаным жоқ.

Өтеулі:

Байқамай сөз айтасың надан, Орын,

Өтірік қай жерде де жаман, Орын.

Қолымда тиянақты куә жоқта,

Бос сөзбен жармаспас ем саған, Орын.

Сөзіңнің өтірігі көрініп тұр,

Айғақты бұлтартпайтын табам, Орын.

Байқашы, өзіңізді өзің сынап,

Түсінер болса егерде санаң, Орын.

Тәубем жоқ, жай сөзім деп өзің айттың,

Сөздерің неше алуан, тарам, Орын.

Құран ұстап сөз айтсаң иланамын,

Болмаса ауыз сөзің арам, Орын.

Орынбай:

Орынбай қоямын деп қойған жоқ-ты,

Кетпейді кімнен өтіп дүние боқтық.

Ауыздан шыққан лебіз бейне бір жел,

Болмайды адам ұстап атқан оқты.

Басады аңдаусызда дүние-қақпан,

Қапияда бастырды қызыл шоқты.

Бір қойдым деп аузыма алып едім,

Қайтейін, төре-қара болған жоқ-ты.

Өтеулі:

Орынбай, осы сөзді жөн дейсің бе,

Алладан бұййрық жетсе өлмейсің бе?

Ақ кірген сақал-шашың қырауланып,

Келгенін кәріліктің білмейсің бе?

Тәркі етіп хаққа берген уәдеңді,

Мойныңа ауыр күнә теңдейсің бе?

Азғындап ібілістің тіліне еріп,

Алланың бірлігіне сенбейсің бе?

Мұншама дүние құмар болдың неге,

Ішіне тар лақаттың енбейсің бе?

Бұздырған төрелер деп бас амандап,

Құдайға осылай деп сермейсің бе?

Төрелерден қорыққаннан тәубе бұздың,

Құдайды төрелерден кем дейсің бе.

Орынбай:

Біз кірдік көп ішінде бұл кеңеске,

Кетеді тартысқан соң сөз егеске.

Бастайық халық тыңдар бір әңгіме,

Бос сөзбен айналдырмай күнді кешке.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген екен,

Нақылын үлкендердің алып еске.

Айталық халық аузында бір сөз қалсын,

Осындай ұлы жиын мәжілісте.

Сұрайын Нұрнаманың әңгімесін,

Түсініп, білмегенін халық білсін.

Сұраққа жауап қайтар кідірместен,

Мәз болып үлкен-кіші көзі көрсін.

Өтеулі:

Орынбай, сөзді салма қисық жаққа,

Айтатын одан өзге қисын жоқ па?

Бұлтарма жәрдем күтіп жан-жағыңнан,

Басыңа босанбайтын кидің ноқта.

«Бір тойда екі жар жоқ» деген мақал,

Сөзіміз аяқталсын салған топқа.

Қайталап берген антты өзің бұздың,

Не дейсің барған шақта жалғыз хаққа?

Белгілі Орта жүзге Орынбайым,

Торғайша неге қондың әр бұтаққа.

Тәубені бұзғандықтың себебін айт,

Болмаса, сөзді ұзартпай енді тоқта.

 

Орынбай:

Кімнің кім екеніне иланған соң,

Қанеки, Орынбайға қол жалғансын.

Мұқаннан үш тоғызды алып кеткем,

Сен біздің Шыңғысханнан неше алғансың?

Өтеулі:

Бұл Мұқан ойға алғанын орындаған,

Көңілі еш нәрседен қорынбаған.

Атасы Ғайып, Жәңгір, Төрехандар

Бәрі де қырдағы елді жарылқаған.

Желбіреп алтын туы босағада

Уызы жеті атадан арылмаған.

Мал берген қой сұраған мұқтаждарға,

Тауы бір келген жанның шағылмаған.

Кезінде Атымтайдай жомарт болған,

Қайыры тасқын судай ағындаған.

Тең басқан төрт аяғын ол бір жорға,

Бойынан ерсі мінез табылмаған.

Көрмесем бекзаданы сағынамын,

Сөйлесем бұлақ болып ағыламын.

Бұл кісі айдын көлім, асқар белім,

Жылда келіп ала бер, не қыламын.

Орынбай:

Орынбай былтырғы жыл Семей барған,

Семейден мың сом ақша санап алған.

Аралап «бәйбішені» жүз жылқымен,

Үйіне он түйені алып барған.

Бәйгеден келіп жүрген, жүйрік інім,

Көз жібер біздің бақыт қайда барған!

Өтеулі:

Рас, былтыр Орекең Семей барған,

Семейден мың сом ақша санап алған.

Аралап «бәйбішені» жүз жылқымен,

Үйіне он түйені алып барған.

Қаңғырсаң-ит, мақтансаң – шайтан болдың,

Әзәзіл мақтанам деп қайда барған?

Азбайды ақыл-иман басшы болса,

Тәубесіз адамда иман тапшы болса.

Несібеңді үй емес, түзден іздеп,

 Елді кезіп жүре бер, жақсы болса!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp