«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖЫР ЖАЗАМЫН ЖҮРЕГІММЕН…”

Мен – ішкі сырымды, бала қиялымды ақ қағазға ақтарып жүрген өреннің бірімін. Бұл жолда қазақ өлеңін кемеліне жеткізген ұлы ақындарымыздың шығармашылығын үлгі етемін: данышпан Абай атамыз бен марғасқа Мағжанды оқып толғанамын, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің кестелі ойларының астарына үңілемін.

“Адамға бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек қажет” дегендей, ақындық қабілетіңнің шыңдалуына ұстаздарыңның бағыт бағдары, мектеп қабырғасында өткізілетін әдеби шаралардың маңызы орасан. Өзім білім алып жүрген өңіріміздегі қарашаңырақ – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында жиі ұйымдастырылатын іс-шаралардың, шеберханалардың, үйірме жұмыстарының жас ұрпақтың қанатын қатайтуға, шығармашылығын арттыруға бағытталуы – біз үшін үлкен қуаныш. Жуырда тілдер апталығы аясында өткізілген “Жыр жазамын жүрегіммен…” атты поэзия сағаты жыр жазуға құмар мен сияқты өзге де өрендердің талабын шыңдай түсті. Біздің мектебімізде облысымыздың әр ауданынан келген өлеңге біртабан жақын оқушылар білім алады. Олардың жауқазын жырларын жұртшылыққа таныту үшін өткізілген іс-шара көпшіліктің көңілінен шықты.

Поэзия сағатын жүргізу республикалық байқаулардың жеңімпазы, мектебіміздің мақтанышы Диас Аяған мен маған берілуі біздің сөз өнеріне деген жауапкершілігімізді арттырғандай еді. Жиын барысында жас ақындар өздерінің қазақ тілі, отбасы, туған жер тақырыптарындағы туындыларын оқып, әдебиет туралы ойларымен бөлісті. Бізді білім нәрімен сусындатып, ақындыққа баулып жүрген ұстаздарымыз да қазақ тілінің маңызы туралы тебірене сөйледі.

Болашақта жас ақындар мектебінде алған тәлім-тәрбиесін “іші алтын, сырты күміс”, “тілге жеңіл, жүрекке жылы” тиетін өлеңдерді жазумен дәлелдейтініне сенімім зор.

Дильфуза АБДУКАЮМОВА,

Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 10-сынып оқушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp