«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫР ЖҰЛДЫЗЫ

Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған кезекті шара М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өтті. “Мағжанға тағзым” атты шығармашылық байқауды журналистика кафедрасы жанынан ашылған студенттердің “Жас қалам” шығармашылық орталығы ұйымдастырды.

Құттықтау сөз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Зарқын Тайшыбайға беріліп, ол студенттерге ақынның мерейтойына орай Түркиядағы Кастамону қаласынан бастау алып, Әзірбайжан, Өзбекстан, Франция, тағы басқа елдерде жалғасын тапқан іс-шаралар жайлы әңгімеледі.

– Мағжан жай ғана ақын емес, үлкен жүректі қазақ. Оның ақындығы да, сыршылдығы да сол жүрегінің әмірін орындаудан бастау алады. Композитор махаббатын әуенмен, суретші еліне деген сүйіспеншілігін қылқалам құдіретімен жеткізеді, ал ақын өлеңмен жеткізеді. Биыл бүкіл түркі елдерінде “Мағжан жылы” болып жарияланып, әртүрлі мәдени іс-шаралар өтіп жатыр, – деп студенттерге ақын құдіретінің сырын ашты.

Байқауға халықаралық “Шабыт” шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері Аманжол Зағыпар, университет мұражайының жетекшісі Ботагөз Қожабекова, облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетінің тілшісі Орынбасар Төлепбергенқызы қазылық етті. Жыр сайысы “Мағжан сенген жастар” және “Ақынға арнау” аталымдарынан тұрды. Онда университеттің отызға жуық өнерлі өрені бақ сынап, ақынның патриоттық рухтағы өлеңдерін нақышына келтіре оқып, Мағжанға арнап жазған жүрекжарды туындыларын ұсынды. Екінші аталымға қатысушылар “Мағжан Жұма баев – қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы”, “Мағжан өлеңіндегі азаматтық рух, патриоттық сарын” және “Алты алаштың адуынды азаматы” тақырыптары бойынша эссе жазды. Термешілер де өзара сынға түсті.

Студенттердің арасында ақындық өнерімен көзге түсіп, көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасын алған Абылайхан Әшімхан жүзден жүйрік атанса, “Монолог” оқу бөлімінде Милана Құрманова бірінші орын алды. Мағжанның “Сағындым” өлеңін нақышына келтіріп оқыған Дәулет Құрмаш та үздік атанды. Эссе жазуда Ажар Ақжігіт, терме орындауда Нұрпатшайым Әділбекова алдына жан салмады.

Алина НҰРТАЗИНА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp