«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫҚПАҒАН НАМЫС ТУЫН ЕР МЫҚТЫБАЙ

Тарихи тұрғыдан ұлт үшін маңызы зор, мәні терең іс-әрекетке барған, аса жауапты сәттерде халық тағдырында айрықша орын алған адамға халықтың өзі ұлттық, тұлғалық деңгейге көтеретін баға беріп, асқан ерлік көрсеткен азамат халық батыры атанған. Қа­зақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектен бастау алған батырлық үрдіс өз жалғасын тауып, ұрпақтан ұрпаққа тарады. Қазақ жерінің бір сүйемі де осындай батырлардың арқасында жаудың қолында кетпеді. Болашақ шаңырақ иесінен “Өскенде кім боласың?” – деп сұрағанда, “Батыр болам!” – деп жауап беруі заңдылыққа айналған. Қазақ халқы ел басына күн туғанда бірігіп, қиыншылықтарды жеңіп, үш ғасыр өз мемлекеттігін, ұлан-ғайыр жерін көз тіккен жаулардан өз ісінен елдікті, бірлікті жоғары қойған батырлар күшімен қорғап қалды. Талай жаугершілікті бастан кешіріп, ол шеті мен бұл шетіне құс қанаты талатын казіргі кең-байтақ құтты қоныс, атамекенімізді бізге аманаттап қалдырды.

Халық биікке көтерген, аттары аңызға айналған батырлардың ішінде Абылай ханның ақберендерінің есімдері айрықша жарқырап көрінеді. Өңірде ел қорғаған ерлерге ескерткіш қойып, ерліктерін ел есінде жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Аққайың ауданы Ара­лағаш ауылының маңында Жансүгір батыр кесенесі ашылды. Айыртау ауданы Қоскөл ауылы зиратында Жәпек батыр рухына тағзым етіліп, ескерткіш қойылды. Петропавлда Қарасай мен Ағынтай батырларға, ордабасы Қожаберген жырауға ескерткіш тұрғызылды. Есіл ауданы Бұлақ ауылының оңтүстік беті, бес әулие жерленген “Әулие төбеде” Құлсары бабаға құлпытас орнатылып, кесене салынды. Меңдеке батырға ұрпағы 2007 жылы Сулы стансасынан 5 шақырым жерде кесене салғызды. Сары мен Сүйір батырларға Ти­мирязев ауданында ас беріліп, Докучаев ауылынан 5 шақырымдай жерде үлкен кесене орнатылған. Сексен батырға – Талпын ауылында, Сүйіндік батырға Орталық ауы­лында ескерткіш тас қойылды.

Жас ұрпақты рухани тәр­бие мен қай­сар­лыққа баулуда батыр ба­баларымыз­дың ерлігі мен өрлігін үлгі етуден асқан ғанибет жоқ. Олардың өмір жолдары тарих беттерінде кейінгіге өлмес өнеге болып өрі­ліп жатыр. Олар ел тарихында отаршылдыққа қарсы ұлтазаттық күресті, жер тұтастығы мен ел азаттығы үшін күресті де ұйымдастырып, басшылық жасады. Сондай тарихи тұлғаның бірі – Мықтыбай батыр 1720 жылы қазіргі Жамбыл ауданы Баян ауылы қонысында туған, Қарағанды облысы Нұра өзені бойында соғыста мерт болған. Шежіреге жүгінсек: Керей – Ашамайлы – Тарышы – Ақсары – Нұралы – Өтеген – Қантай – Қалыбек – Қожағұл – Мықтыбай деп жалғасады.

ХVІІІ ғасыр ортасында Қызылжар маңында Қожаберген батырдың сарбаздары жоңғар жасақтарына екі рет есеңгірете соққы берген. Есіл бойындағы бір соғыста Мықты­бай батырмен жекпе-жекте қалмақ батыры жеңіліп, найзаның ұшына ілінерде жалынып, өлтірмеуін өтінеді, байлығын ұсынады. Сонда Мықтыбай: “Қазақ жаугершілік жасаған жоқ, кінә өздеріңде”, – деп өлтіріп тастапты. Сонда қалмақ: “Жеті ұрпағыңның соңынан қалмаспын”, – деп қарғаған екен. Батыр 13 жыл соғысқа қатысқан, отбасын құрмаған. Нұра өзені бойында қаза болған. Қалмақтың сандырағы келіп, жастай мерт болып, туған жердің топырағы бұйырмай, туысқан ұрпақтарының да көп жылдар жолы болмаған екен. Бүгінде 9 ұрпақтан асқан Қожағұл балаларынан бір-екі ұлынан ұрпақ болмай, ауруға шалдығып, өліп отырған. Мұны “қалмақтың сәуегей батыры қалмай келе жатыр” дейді жұрт.

Мықтыбайдың қалмақтармен соғыстағы ерлігін ауыл ақсақалдары аңызға айналдырып айтып жүретін.

“Майданда алдаспанға ерік беріп,

Дұшпанның азын-көбін тексермедім.

Сауыт киіп, ту ұстап, тұлпар мініп,

Жорыққа сан аттандым сескенбедім.

Жүйрікпен желдей жүйткіп ескен едім,

Сынаққа қамал бұзып түскен едім,

Көп шығып қан майданда жекпе-жекке

Найзамен жау өкпесін тескен едім.

Қаймығып қалмақтардан кем қалам ба?” – деген өлең жолдарын “Баян” ауылының тұрғыны Қабдол Ердәулетұлы айтып отырушы еді.

Баян колхозы орналасқан жер коллективтендіруге дейін Мықтыбай, Шағырай, Дүйсе, Жәдігер аталатын 4 ауылдың жайлауы еді. Қазақтар туыстық жағынан ауылға бөлініп, қыс болса кіндік кескен жерім, атамекенім деп әр ағаштың бауырын қыстаса, жаз шыға жайлауға көшетін. Баян ауылынан шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде Мықтыбай қыстауы болған, зират бар. 1928 жылдан бастап Баян ауылының бір көшесі Мықтыбай батыр атында. Батырдың қыстауы Маса көлінің жағасында орналасқан екен. Оның өлімі туралы туысқандары 13 жылдан кейін хабар алған. Семейлік Қалибек Нұхұлы “Найза ұшына жау мінгізген Мықтыбай” атты өлеңінде:

“Етуге жаудан азат қазақ жерін,

Майданға Мықтыбай да аттанады.

Астында күрең төбел атыменен

Жекпе-жекке шығады жолын алып.

Қалмақтың бір алпауыт батырымен,

Қалмақты жалғыз қолмен көтереді.

Ұшына көк найзаның іліп алып,

Қарамай қас жауының қарғысына

Найзасын өндіршектен салып алды.

Зардабын сұм қарғыстың сезе тұра,

Ел тағдырын жоғары бағалады.

Қалмақты жардан төмен лақтырады,

Мықтыбай алған беттен тоқтамады.

Жаудың талай қонысын отқа орады,

Қалмақтың кеуде соққан сан батыры

Қолынан Мықтыбайдың болған қаза.

Жиырма тоғыз жасында жанын қиып,

Еліне сыйлап кеткен өмір гүлін.

Жықпаған намыс туын ер Мықтыбай,

Өзі де бір шайқаста мерт болады”, – деп жырға қосқан.

1902 жылы Дала губернаторы Н.Сухотиннен Мықтыбай ата қыстауына құжат алған Жайлыбай бабамыз Мықтыбайдың Сары, Жабай батырлармен кезінде үзенгілес болғанын естіген екен. Батыр туралы ел аузында аңыз-жырлар өте көп. Соның бірінде:

“Қазақтың намысы үшін басын тіккен

Шайқалып кетпесін деп керегесі.

Аңсаған азаттықты халық үшін,

Қалғанша қасық қаны жері үшін

Соғысып Ертіс, Есіл өзенінде

Қызылжар, Баянауыл маңайында”, – деп келеді. Бұл шумақтарды қағазға түсірген Қабдол Ердәулетұлы.

Алматылық ақын Анарбек Бердібаев “Мықтыбай батырды еске алғанда” арнау поэмасында:

“Баян бастап желбіреген байрағы,

Атқа қонды бар Қызылжар аймағы,

“Жекпе-жек” деп Есіл өзен бойында,

Атойлаған естен кетпес ойраны.

Сары батыр, Есет батыр, Күлеке,

Көшекұлы Шақшақ батыр, Итеке,

Жанай батыр, Жантай батыр, Мықтыбай,

Жорықтарда қол бастаған Толыбай.

Шықты талай жоңғарлармен шайқасқа,

“Жекпе-жек” деп талай батыр ойқастап.

Руы Қантай – Бекайдарұлы Мықтыбай,

Ол да шықты “жекпе-жекке” айқай сап.

Жау батырын түйреп салды найзамен,

“Өлтірме” деп жалынғанды тыңдай ма!

Сол жоңғардың өлерде айтқан қарғысы,

Жеті ұрпаққа жалғасып бір қалмайды.

Аңыз емес, оқиға бұл сенгісіз,

Ер елінің шыққан емес есінен,

Замандардың қалған емес көшінен.

Ауыл, көше, қорым, қыстау атауы,

Аталады “Ер Мықтыбай” есімімен”, – деп келтірген.

Тәуелсіздіктің бағасын таразылағанда қазақ батырлары жасаған тарихи ерліктің құнын терең қадірлеуіміз қажет. Білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған қасиетті, кең-байтақ қазақ жері – бізге, бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалған басты игілік. Олардың қаны тамған киелі жеріміздің қойнауындағы бар байлығымыз бізге аманат, тапсырған қазынасын көздің қарашығындай қадіріне жетіп, сақтай білуіміз – парыз. Олардың ел тағдырындағы тарихи орны, туған жерді қорғау, сақтау, келер ұрпаққа аманаттау, ел бірлігі, ел ынтымағы идеясы – бізге жеткен барлық тарихи мұралардың алтын арқауы.

2019 жылы 9 желтоқсанда “Egemen Qazaqstan” газетінде: “Батыр – бәріне ортақ байтақ қазақ жерін қорғаған. Ел басына күн туғанда алты Алаштың баласы осылай тізе қоспаса, мына өлке ұрпаққа мұра болып қалар ма еді?! Бабалардың ірілігі, намыстылығы, бауырмалдығы бүгін­гі ұрпаққа үлгі болуға тиіс. Бө­лін­бей Қазақстан деген бір тілеу­мен өмір сүретін ке­зең қай­та бас­талды. Бұл – елдігіміздің белгісі. Жырақта жатқан бабасына белгі орнату батыр бар қазаққа ортақ екенін білдіреді және қазақ жерінің біртұтас екенін дәлелдейді. Ағынтай мен Қарасай ба­тыр­лардың сүйектері Айыр­таудағы Құлшынбай төбесінде жерленген. Батыр Баян бейіті Қарағанды облысы Қар­қаралы ауданы Шеке­лек зиратында. Батыр Баянның серік­тесі, теріскейлік Мықтыбай Бе­кайдар­ұлы да осы жерде қо­ныс тап­қан. Жақ­сыны ардақтау, оған қарап бой тү­зеу, кісілік қалыптастыру – дәс­түр талабы”, – деп жазған Нұрлан Ердәулетұлы есімді автор.

Мықтыбай батыр жайлы басқа да деректер Қазақстан ғылым академиясының тарих және этнография институтында, Орталық кітапхананың қолжазбалар қорында Ж.Әлібаев, Н.Бегалинов, Ш.Есмағамбетов, С.Жұмадиев және т.б. адамдардан жазып алынған мәліметтерде, “Есімдері ел есінде” (А.Тасболатов, 2012 жыл), “Тағзым” (Н.Мұхаметқалиев, 2013 жыл) кітаптарында, “Президент және халық”, “Қазақ елі” (2015 жыл), “Қазақстан заман” (2016 жыл), Алматы облыстық “Жетісу” және Петропавл қалалық “Қызылжар нұры” газеттерінде жарық көрген.

Мықтыбай батырдың туғанына биыл 300 жыл толды, артында қалған тікелей ұрпақ болмаған соң оның ерліктері мен еңбегі уақтылы дұрыс бағаланбай келгені өкінішті. Бұл олқылықтың орнын толтыратын уақыт жетті. Батырға арналып Баян ауылы Мықтыбай қыстауындағы қорымда ескерткіш орнатылып, баба рухына дұға бағышталды.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

күйші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp