
Халқымыздың тарихында қасиетті Ұлытаудың орны бөлек. Ұлылар мен даналардың кіндік қаны тамған киелі мекен.
Осы ұлы хандардың алтын бесігі – Ұлытауда туғандар өздерінің бұл құндағын айрықша қадір тұтады. Солардың ішінде Қайрат Райымбеков те бар.
Оның әкесі Ахат Райымбекұлы (1926-2009) – Бабыр бидің ұрпағы. Ол Ұлытау ауданының партия органдарында, халық шаруашылығы салаларында қырық жылдай басшылық қызмет атқарған. Әкесі “Құрмет Белгісі” орденінің иегері болса, анасы Гүлбағира Жәлелова қырық жыл ұстаздық еткен. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.
Алпыс жыл отасып, сүттей ұйыған отбасының ата-анасы 10 бала өсіріп, олардан отыз шақты немере, 15-ке тарта шөбере сүйген.
Шаңырағында шуақты жылы шырай орнаған ата-ана әр баласына жақсы ғибрат дарыта білгені қандай ғанибет еді?! Олар жастайынан бір-біріне қамқор болып, көргенді ұяда мәпеленгенін таныта білді десе, артық емес.
Мұндай отбасылар жайында ел аузында қалған жақсы сөздер, лебіздер көп қой. Соның бірі:
Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тектілердің тұяғы
Таңдайды шың-қияны, –
деп тегін айтылмаған шығар.
Осы әулеттің ортаншы перзенті – Қайрат 1982 жылы Жезқазған облысының Жезді қалашығындағы орта мектепті тамамдаған. Мәскеудің Губкин атындағы мұнай және газ институтының құбыр көлігі факультетінде оқып, жоғары білім алған.
Прикарпатьеде әскери борышын өтегеннен кейін Жезқазғанға оралып, мұнай құбыры басқармасының Қарақойындағы мұнай айдау стансасында еңбек жолын слесарь болып бастайды.
Жылдан-жылға тәжірибе жинақтап, жұмыс дағдыларына машықтана жүріп, Қарақойында, Барсеңгірде, Құмкөлде вахтаны, мұнай айдау стансасын басқарады.
2003 жылы Орал қаласында Қарашығанақ – Үлкен Шаған – Атырау экспорттық-магистральды мұнай құбырына конкурстық негізде мамандарды іріктеу сынағына қатысып, Үлкен Шаған мұнай айдау стансасының механигі болып қабылданады.
2006-2008 жылдар аралығында мұнай саласында түрлі лауазымды қызметтер атқарып, тәжірибесін ұштай түскен Қайрат Ахатұлы біздің өңірімізде де еңбек етіп, Солтүстік Қазақстан мұнай құбыры басқармасының басшылығына тағайындалады. Екі жылдан кейін Павлодар мұнай құбыры басқармасының басшысы қызметін атқарады.
2013 жылдан бері Туймазы – Омбы – Новосибирь-2 мұнай айдау құбырына қарайтын “Петерфельд” желілік-өндірістік диспетчерлік стансасын басқарып келеді.
Еңбегі еленді. “Магистральды құбыр көлігінің құрметті қызметкері” атанды.
Бүгінде жан жары Перизатпен бірге төрт бала өсіріп, тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы.
Тумысынан тиянақты, өзінің атқаратын ісіне жоғары жауапкершілікпен қарайтын Қайрат Ахатұлы ердің жасы – елуге келіп отыр. Осы ғұмырының тең жартысын Қазақстанның мұнай өнеркәсібінде ойдағыдай еңбек етуге арнаған оның бір қасиеті – қайда болса да адамдармен тіл табысуы, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті.
– Он жыл ішінде Қазақстан Республикасының сегіз облысының аумағында жұмыс істеуге тура келді. Бәрі де адамның өзіне, ата-анадан дарыған кісілігіне байланысты. Ата-ана тәрбиесін бойға дарытып, ұлттық салт-дәстүрлерімді қадір тұтып, қастерлеймін. Оны өзімнің азаматтық парызым санаймын, – дейді Қайрат Райымбеков.
Асыл азаматтың өмір және еңбек дағдысы өзінің тұстастарына да, жасы кіші ізбасарларына да ғибратты екенін, жігерлінің жолы даңғыл боларын пайымдаймын.
Ожан ҚАЛИ,
еңбек ардагері.
СУРЕТТЕ: Қ. Райымбеков.