«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖІГЕРЛІ АРУ

Тұла бойы нәзіктіктен жаралса да, бүгінгі таңда арулардың меңгермеген мамандықтары қалмаған сияқты. Қайраттылық пен қайсарлықты қанат еткен қыз-келіншектер ерлермен қатар еңбек етіп, өнерлерімен өрге басып келеді. Темірдің тілін түсініп, ауыр машина жасау саласының ауыртпалығын көпшілікпен бірге көтеріп жүрген асыл жандардың бірі – Шынар Жүкенова.

Жұмысына жауапкершілікпен қарап, ұжымның ілтипатына бөленген Шынар Петропавл қаласындағы “Ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамында еңбек етеді.  

Уәлиханов ауданына қарасты Ақбұлақ деген ауылда туып-өскен қазақ қызы мектепті қатарластарымен бірге тамамдап, қиялдың шамын ұстап, арманына қол жеткізуге ұмтылады. Оқуға зерек бойжеткен жақсы еңбек ету үшін ұдайы білімін толықтыру керек екендігін бір сәт те естен шығармайды. Екі жоғары дипломы бар Шынар зауытта жұмыс істеймін деп ойламапты. Бірақ өрімдей қызды өмірдің өзі осындай қайнаған ортаның табалдырығына алып келеді.

– Осы салада жұмыс істеп жүргеніме екі жылдың жүзі болады. Алғашқыда бақылаушы болып істедім. Арада біраз уақыт өткен соң еңбек сатысымен жоғарылап, бүгінгі таңда №3 техникалық бақылау бюросының басшысымын. Жұмысым өзіме ұнайды. Қиын, бірақ қызықты, – дейді Шынар.

Өзі жас болса да тәжірибелі әріптестеріне қарап, үлгі-өнеге ала білген Шынар қуатты кәсіпорынның қызметкері екенін мақтан тұтады. Бір кездері қорғаныс техникасын шығарумен айналысқан зауыт тәуелсіздік жылдары дамудың жаңа сатысына көтерілді. Бағытын өзгертіп, ірі ұлттық компаниялардың тапсырысын орындай бастады. Қазір бұл кәсіпорында шыққан өнім республикада, одан қала берді, шет- елдерде де сұранысқа ие. Мұндай көрсеткіштің өзі сапалы еңбектің нәтижесі емес пе?

Шынардың қарамағында жеті адам жұмыс істейді. Оның негізгі міндеті – өзіне бекітілген цехта шығарылатын өнімнің сапасын бақылау. Талай тың жобаларды жүзеге асырып, олардың тиімді жақтарын көріп отырған зауыт қызметкерлері техникалық, технологиялық жабдықталуы жағынан жаңашылдығы мол неше түрлі машиналарды құрастырып, ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Осындай қайнаған қазанда ер-азаматтардан қалыспай еңбектеніп жүрген ақылы көркіне сай аруды қалайша мақтан тұтпасқа?! Бүгінде екі қолына бір күрек таба алмай жүрген жігіттер аз емес. Сынықты сылтау еткен “батырлар” осындай өнерлі қыздардан өнеге алса болмай ма?

Жүзінен шаттықтың шуағы шашылған Шынардың мінезі сабырлы. Жұмысының маңыздылығын түсіне білген ол үнемі жинақы жүріп, тиянақты болуды естен шығармайды. Аталмыш зауытта жұмыс істейтін қыз-келіншектер саны көп емес. Мәселен, Шынар қызмет ететін цехта онымен бірге жүзден астам ер-азамат еңбек етуде. Солардың ішіндегі жалғыз қарлығаш – Шынар.

– Ұжымдағы әріптестеріммен қарым-қатынасымыз жақсы. Жасы үлкендер – қызындай, ағаларым қарындасындай сыйлайды , – дейді ол.

Ел игілігі үшін талай жылдар бойы нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан зауытта жедел әрекетті қондырғылар, көтергіш агрегаттар, арнайы техникаға арналған бөлшектер, жылу алмастырғыш және энергетикалық жабдықтар сияқты түрлі техника құрастырылады. Жалпы алғанда, шығарылатын жетпістен астам өнімнің барлығы нарық талабына сай. Тарихы тереңге тамыр жайған ауыр машина жасау саласының ауыртпалығын көппен бірге көтеріп жүрген Шынар өзіннің осындай ұйымшыл ұжымның мүшесі екенін мақтан тұтады.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp