«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖІГЕРЛІ ЖАС

Сәлімхан Сәбитов сияқты өмірге құштар, алдына қойған мақсаты айқын жастарды көргенде көңіл қуанады. Ол жақында жаңа жобаны қолға алып, облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автомектеп ашты.

“Равная дорога” жобасын Алматыда сәтті қорғаған Сәлімхан Сәбитов өзі қатарлас құрбы-құрдастарының арман-мақсатын жүзеге асыруға құлшына кірісті. Елімізде алғаш рет іске қосылған жобаның арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар енді көлік тізгіндей алатын болып отыр. Оны сәтті жүзеге асыруға қолдау білдірген жомарт жандар да жоқ емес. Мәселен, “Металл пром групп” компаниясы тарапынан 2 миллион теңге бөлініп, “Лада гранта” автокөлігі сатып алынған. “Темір тұлпар” Ресейдің Челябі қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайланып өзгертілген.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен 2018 жылы Алматы қаласында өткен стартап-жобалар байқауына қатыстым. Одан кейін Астанада өткен жастардың республикалық форумында “Алтын қыран” қайырымдылық қорынан 4 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға Өскеменде құрастырылған тағы бір көлікке қол жеткіздім. Бірегей жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің де ерекше қолдауын атап өткенім жөн. Бірінші топқа он үш адам өтініш білдірді. Бірақ қазір тек алтауы көлік жүргізуді үйренуде, – деген Сәлімхан Сәбитов оның себебін дәрігерлердің кейбір мүгедектерге көлік жүргізуге рұқсат бермеуімен түсіндірді. Сондай-ақ, ол қамкөңіл жандардың өмірге толыққанды араласулары үшін барлық жағдайды жасау керектігін айтты.
Бүгінде көлік тізгіндеуге өтініш білдірушілердің қатары аз емес. Қазір екінші топ жасақталды. Мүмкіндігі шектеулі адамдар қысқамерзімді оқу курсы үшін он бес мың теңге төлейді. Сондай-ақ, дені сау азаматтардың да бұл курсқа қатыса алатынын атап өткен жөн.
Өзін ғана емес, тағы екі адамды жұмыспен қамтып, болашақта жобаның ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырған жас кәсіпкердің таудай талабына жан сүйсінеді. Ол алдағы уақытта Көкшетау, Астана, Қостанай, Ақтау қалаларында автомектеп ашуды көздеп отыр. Өйткені, бұл қызметке аталмыш өңірлерде де сұраныс жоғары.
Мақсаты айқын, өзіне сенімді, жігерлі жастың оң ісі көпшіліктің көңілінен шығуда. Петропавлдық Сайран Бекмағамбетовтің өзінің көлік тізгіндесем деген арманын жүзеге асырған жоба авторына ризашылығы зор.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp