
“Бүкіл адамзаттың келешегі – жас жеткіншектердің қандай идеал негізінде тәрбиеленіп, қалай өсуіне, кемелденуіне байланысты”, – деп жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, жастардың назарын білімге, рухани және тарихи құндылықтарды бағалауға аударып, отансүйгіштікке тәрбиелеу қажет-ақ. Мұндай қасиеттерге ие ұрпақ жігерлі болады. Үстіміздегі жылдың “Жастар жылы” болып жариялануы да еліміздегі төрт миллионға жуық жасты қуанышқа бөледі десек, артық айтқандық емес.
“Елдің ертеңін көргің келсе, жастарына қара” демекші, кейінгі буынның білім алуына, кәсіби, ғылыми және шығармашылық жағынан өсуіне жағдай жасау – қоғамды жаңғыртуға бағытталған сенімді инвестиция. Жастар жылының ресми ашылу салтанатында кейінгі толқынды қолдау шаралары жоспарланып, елдің ертеңі – бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған міндеттер анықталды. Тұңғыш Президент Үкіметке негізгі төрт бағытты назарда ұстауды тапсырды. Атап айтқанда, алдағы уақытта сапалы әрі қолжетімді білім, тұрақты жұмыс, баспана және отбасын құруға мүмкіндік жасау. Елбасы жастардың биік арман-мақсаттарына тек еңбек арқылы жететінін айтып, Үкіметке “Жас кәсіпкер” бағдарламасын әзірлеуді, “Жас сарбаз” әскери патриоттық қозғалысын дамытуды, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасын кеңейтуді, жас стартапшыларды қолдау мақсатында қор құруды тапсырды. Сондай-ақ, еріктілік қызметпен айналысатын студенттердің шәкіртақысын 30 пайызға өсіру міндеті жүктелді. Мұны жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған нақты шешім және қамқорлық деп білеміз.
Шынымен де, жастық шақ – ізденістің бастауы, жаңа озық идеялармен қаруланып, еліміздің көркейіп, өркендеуіне үлес қосу кезеңі. Адам жас кезінде ғана өзінің күшіне сеніп, тауды да қопаруға дайын тұрады. Бұл – ерік-жігердің, бойда қайнап тұрған жастық жалынның көрінісі. Жас буынның спорт, саясат және бизнес салаларында көшбасшылық қабілет танытуы – заңдылық. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ел ағасы.
Жастар жылы, біріншіден, қыз-жігіттердің әлеуметтік, білім және ғылым, денсаулық сақтау салаларындағы түйткілді мәселелері шешімін табатын жыл болса, екінші жағынан, жас ұрпақтың мемлекеттің дамуына өз үлесін қосуына мүмкіндік береді. Әрбір жас мойнында үлкен жүктің бар екенін сезінуі қажет. Мен де мемлекеттік қызметтің жас өкілі ретінде алдағы бағыт-бағдарымды айқындап алдым. Мақсатым – мемлекеттік қызметтің имиджі үшін ерінбей еңбек ету. Жалпы, жастар жылында атқаратын іс көп. Ендігі кезекте бізге сенім үдесінен шығу – парыз.
Айбек БӘШЕНОВ, Петропавл қалалық әкімдігінің бас маманы.