«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖІГЕРІ ЖАЛЫН АТҚАН ЖАС

“Айтар ойымды жүйелі жеткізе алсам екен. Маған зор жауапкершілік жүктелді ғой. Сөзімді ұмытып қалмасам екен. Түу, мәтін қолымда болады екен ғой. Енді қорықпаймын! Онға дейін санайыншы, 1, 2, 3…”. Ойын жинай алмай, қобалжыған сайын жұдырықтай жүрегі дүрс-дүрс соғып, кеудесінен шығып кетердей. Жанында отырғандарға көз тастаса, олар да өздерін-өздері сабырға шақырып, онға дейін санап отырғандай. Осылай бір уақытта бірнеше сезімнің шырмауында қалған бойжеткен әр қадамын нық басып, жиналған қауымға жылылығын сездірте өткен Елбасын көргенде манадан бері қыспаққа алған қорқыныштың қайда кеткенін де сезбей қалды. Бір сәтте-ақ жаны жайланған Ирина енді өз кезегін асыға күтті.

Аты аталып, сөз сөйлеуге шақырған кезде орнынан ұшып тұрып, аяғын жеңіл басып мінберге жетті. Бұла көңілден шыққан әр сөзі көкейін күмбірлетті: “Нұрсұлтан Әбішұлы, біз Сізбен әріптеспіз. Себебі, Сіз – біздің басты ұстазымызсыз. Біздің жүрегімізде жасырулы тұрған сәуленің нұрын айналамызға шашуға көмектесесіз. Сіздің бүкіл әлемге беріп жатқан сабақтарыңыз өте құнды. Мен өз оқушыларыма Президентпен кездесуге бара жатырмын дегенде олар маған сенбеді. Ал біреуі: “Президент ешқашан қарапайым мұғаліммен кездеспейді”, – деді. Сонда мен: “Президент өз халқын сүйеді және халыққа ұстаздан жақын адам жоқ” деген болатынмын”, – деп облыс орталығындағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің тарих пәнінің мұғалімі Ирина Тухватулина өз лебізін білдіргенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орнынан тұрып, қарапайым мұғалімнің жанына келіп, қолын алып, ілтипатын білдіргенде қуанышпен қатар мақтаныш сезімге де бөленгенін жасырмады.

– Жапонияда мұғалімнің мәртебесін көтеру мемлекеттік деңгейде қарастырылатындығын айтқан Елбасы маған осындай құрмет көрсете отыра, еліміздегі барлық ұстаздарға өзінің зор ықыласын танытты. Осы күннен бастап мұғалімдік мамандықты таңдағаныма қуандым, – дейді Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясына барған Ирина Наилевна.

Петропавл қаласында туып-өскен оның саясаттану және тарих ғылымдарына деген ынтызарлығы ерекше. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де тарих мамандығы бойынша білім алған Ирина Тухватулина №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде бес жылдан бері еңбек етіп келеді. Аталмыш білім ордасының өзгелерден ерекше және еліміз бойынша ондай мектептер санаулы екендігі белгілі. Бұл онда еңбек ететін мұғалімдерге зор жауапкершілік жүктейді.

– Мектебімізге оқушылар қаланың әр ауданынан келеді. Бұл жерде біз балаларға ана тілін, ұлттық ділі мен салт-дәстүрін, тарихын оқытып, үйретумен шектелмейміз. Оның барлығын бала үйінде де үйрене алады. Біздің басты міндетіміз – балалардың бойына мейірімділік, татулық, достық, төзімділік сияқты асыл қасиеттерді сіңіру. Жаңадан қалыптасып жатқан балалардың ой-өрісіне бірлік, ынтымақ сияқты әдемі мінездерді қалыптастырсақ, ол өмір бойы аталмыш ізгі қасиеттерді өзімен алып жүретін болады. Кейін оны өзінің ұрпағына үйретеді. Осылай ұрпақ сабақтастығы пайда болады, – деген Ирина осы жылдың басында 10-сынып оқушыларымен бірге Ресейдің Екатеринбург қаласына экскурсияға барғанын баяндады.

Түрі де, ділі де түрлі балалардың бір-бірімен ашық-жарқын араласып, әзілдері жарасып жүргенін көрген ресейліктер таңғала қараған. Тіпті, жандарына келіп, әрқайсысынан: “Сен де қазақсың ба?”, – деп сұраған көрінеді. “Иә, қазақпыз. Қазақстаннан келдік”, – деген бұларға алғашында сынай қараған жергілікті тұрғындар бір-біріне деген сыйластығын, бауырмалдылығына көз жеткізген соң қызығушылық білдіріпті.

“Оқушыларымыздың бір-бірімен осылай тату-тәтті болуында біздің де үлесіміз бар ғой”, – деген Иринаның анасы жасы 50-ден асса да, қазақ тілін үйреніп жүрген көрінеді.

– Мемлекеттік тілді үйренуге ынта танытқан анама сөйлейтін қаламы бар қазақ тіліндегі ауызша сөйлеу кітабын сыйлаған едім. Анам қазақ тілін оқыту курстарына барып, үйге келгенде сөздерді дұрыс айтып үйрену үшін сол кітапты қолына алады. Өзім де қазақ тілін үйреніп жүрмін. Осы орайда мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берген мұғалімім Алма Жақтаеваға зор алғысымды білдіргім келеді. Мен қазақ тілін түсінемін. Ал еркін сөйлеу үшін қазақ тілі сабағына барып жүрмін. Менің ойымша, Қазақстанды өзінің Отаны санаған әр азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті, – деген Иринаның аялап жүрген бір арманы бар. Ол – елімізді танымал ету. Әлеуметтік желілерде шетелдік жастармен сөйлескен кезде олардың Қазақстан жайлы біле қоймайтынына намыстанған патриот қыз оқушыларымен бірге елінің әсем табиғатын танытатын жарнамалық мәндегі бейнеролик түсіруді жоспарлап жүр.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp