Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің бастан кешкен небір қиямет-қайым оқиғаларын естіп отырғанда жаның түршігіп, тұла бойыңды бір аяушылық сезім билегендей болады. Әйтсе де, ел үшін кеудесін оққа да, отқа да тосып, қасқиып қарсы тұрып, жаумен шайқасқан олардың қаһармандық ерліктеріне сүйсінесің, өр тұлғаларын мақтаныш тұтасың. Тыңдаушысын сондай сезімге бөлеген ардагерлердің бірі – әкеміз Сыздықбай Әубәкіров.
Ол 1919 жылдың бесінші мамырында Есіл ауданындағы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Әлі сәбилік сезімі бойынан тарқай қоймаған шағында әке-шешесі қайтыс болып, ерте жетім қалады. Әубәкір атамыздың інісі Қозыбай атамыз сол кездегі тұрмыстың ауыртпалығына байланысты Сыздықбайды Петропавл қаласындағы жетім балалар үйіне тапсырады.
– Алғашқы кезде Балалар үйіне көндігіп кете алмай, жетімдікті сезіне бастадым. Әке-шешемнің мейірімін сағындым. Сондай сәтте бірқабатты қызыл үйдің шатырына шығып, жаныма ере шыққан екі-үш баламен шатыр саңылауынан ел жаққа телміре қарайтынбыз. Қара жолда келе жатқан қара көзімізге ілінбесе де, ұзақ отыратынбыз. Сөйтіп жүріп, жетімдер үйінің тіршілігіне де көндігіп кеттік, – дейтін әкеміз кейде өткен өмірін есіне алғанда.
Әйтеуір, жетім балалар үйі мемлекеттің қамқорлығында болғандықтан, ондағы тәрбиеленушілер де білімсіз қалған жоқ. Орта білім алып шығады. Оқуды әрі жалғастыратын кезінде Ұлы Отан соғысы басталады. Сол жылдың аяқ кезінде әскерге алынып, Ақтөбеде жасақталған әскери құрамалардың қатарында жауынгерлік жаттығудан өтеді. 1942 жылдың бас кезінде алдымен 83-ші таулы құрылыстар дивизиясының, кейін 91-ші гвардиялық дивизиясының құрамындағы саперлер батальонында аға сержант шенімен взвод командирінің көмекшісі ретінде соғысқа жіберіледі. Жаумен бетпе-бет шайқасты Калинин, Ленинград майдандарында қарсы алады. Бұл кезде неміс басқыншылары аз уақыттың ішінде Ленинградты басып аламыз деген дақпыртпен осы бағытқа таңдаулы күштерін тоғыстырып, қиян-кескі ұрыс жүргізіп жатқан болатын. Тоғыз жүз күн қаланы бірнеше құрсаумен қоршауда ұстаған жау ақыры дегендеріне жете алмай, орасан зор шығынмен жеңіліс тауып, кейін шегінгендері белгілі ғой. Құрамында әкеміз бар саперлер батальоны да осы бағытта жаумен талай қоян-қолтық ұрыс жүргізді. Жаудың ұрыс даласында құрып қойған миналарын тазартып, жауынгерлеріміздің шабуылға шығуына мүмкіндік туғызып отырды.
Великие Луки қаласының маңындағы ұрыста әкеміз сол аяғынан ауыр жараланады. Жақын түскен снарядтың жарықшақтары аяғының сүйектерін тізесіне дейін сындырып жіберген екен. Блиндажға жаралыларды жинаған бірі орыс, бірі қазақ санитар қыздар әкеміздің жарасын әлсін-әлсін таңып, қолдан келген көмектерін көрсетеді. Ақыры қан тыйылмай жатқан соң орыс қызы: “Аға, айнала соғыс жүріп жатыр, жаралыларды госпитальға әкететін машина қашан келетіні белгісіз. Аяғыңызды кеспесек, гангренаға ұласып, өміріңізге қауіп төнгелі тұр”, – дейді. Мұны естіген қазақ қызы аяушылық білдірді ме екен: “Аға, аяғыңызды кестірмеңіз, – деп шыр-шыр етеді. Әкеміз шыбын жаны үшін аяғын кестіруге келісімін береді. Орыс қызы батылдық танытып, сол жерде қоларамен әкеміздің аяғын кесіп, қалың қылып орап тастайды. Әкеміз үш күннен кейін госпитальға жеткізіледі. Мұндағы хирург санитар қыздың өжеттілігі мен тапқырлығына, әкеміздің шыдамдылығы мен қайсарлығына риза болып: “Дұрыс істеген екен, әйтпесе бізге аман жетуіңіз екіталай болатын еді”, – дейді. Госпитальда бес айдай емделген әкеміз 1944 жылдың аяғында елге бірінші топтағы мүгедек болып оралады. Соғыста көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін бірінші дәрежелі Отан соғысы, “Қызыл Жұлдыз” ордендерімен, “Жауынгерлік ерлігі үшін” медалімен марапатталады.
Елге келісімен мүгедектігіне қарамай, бірден еңбекке араласады. Жекекөл бастауыш мектебінде директор, Октябрь орта мектебінде интернат меңгерушісі қызметтерін атқарады. Тың игеру жылдарында жаңадан құрылған “Амангелді” кеңшарында 1959 жылы ауылдық кеңестің төрағалығына сайланады. Бұл қызметті 1975 жылға дейін атқарып, шаруашылықтың экономикалық, әлеуметтік дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қосады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де үйде қарап отырмай, шаруашылықтың техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженері болып қызмет істейді. Бұл міндетті жеті жыл бойы атқарады. Бейбіт өмірдегі жемісті еңбегі үшін бірнеше медальмен, аудандық, облыстық партия комитеттерінің, атқару комитеттерінің Құрмет грамоталарымен марапатталады.
Әке-шешеміз Сыздықбай мен Жамал тату-тәтті өмір сүріп, іргелі отбасының ұйытқылары болып, жеті бала тәрбиелеп өсірді. Олардың бәріне жоғары, арнаулы орта білім әперді. Әке-шешеміз соғыстан кейінгі жылдары тіренері жоқ кемпір-шалды қолдарына алып күтті. Біраз баланы үйлерінде тұрғызып, орта мектепті бітіргенше оқытты. Бүгінде олар әке-шешеміздің сол бір қиын жылдардағы қамқорлығы мен қайырымдылықтарын еске алып, алғыс сезімдерін білдіріп отырады. Әкеміз 1991 жылы 23 мамырда дүниеден өтті. Артында қалған шешеміз, ұл-қыздары мен немере-шөберелері ол кісінің есімін әрдайым еске алып, рухына бас иіп отырамыз.
Марат ӘУБӘКІРОВ.