Үстіміздегі жылғы күзгі егін орағы барысында облыс диқандары 5,6 миллион тонна алтын дән жинап, әр гектардың берекелігі 17,6 центнерді құраған. Осындай мәліметтер Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихаты барысында айтылды.
Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров жауапты науқан қорытындысын баяндады. Үстіміздегі жылы өңір аграршыларының еңбегінің нәтижесінде 4,4 миллион гектар алқапқа дән сіңірілсе, оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар – 3,2 миллион гектарды, майлы дақылдар 512,1 мың гектарды құраған. Өткен жылмен салыстырғанда, бидай 146,9 мың гектарға көп себілді. Сондай-ақ, бұршақты дақылдар мен күздік дақылдардың да егістік аумағы кеңейген. Әзірге майлы дақылдарды жинау жұмыстары жалғасуда. Көктемгі-күзгі дала жұмыстарына өзге техникамен бірге 8 мыңға жуық комбайн жұмылдырылды.
– Соңғы екі жылдан бері күзгі науқанға өңірімізде құрастырылып жүрген “SAMPO ASIA” комбайндары қатысуда. Бүгінге дейін петропавлдық зауыт 50-ден астам комбайн шығарып үлгерген. Олардың барлығы науқан барысында жақсы қырынан көрінді. Алдағы уақытта өзге ауыл шаруашылығының техникалары да жаңартылатын болады, – деді Қайрат Қайроллаұлы.
Баспасөз мәслихатында азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру мәселесі қозғалды. Жергілікті журналистердің сауалдарына жауап берген қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Азат Омаров бұл мәселе Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің жіті бақылауына алынғанын, сондай-ақ, облыс орталығындағы бес базарда сенбі сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп тұратындығын хабарлады.
Бүгінде ірі сауда желілерінің басшыларымен және азық-түліктерді көтерме бағада өткізетіндермен бағаны 10 пайыздан жоғары көтермеу туралы меморандумға қол қойылған.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.