Жаз мезгілінде ювеналдық полицейлердің жұмысы қыза түседі. Әсіресе, қазіргі қалыптасқан жағдайға орай індет жұқтыру қаупіне байланысты жазғы демалыс лагерьлері мен балалардың бос уақытын өткізу орындары жұмысын тоқтатқан. Сол себепті жасөспірімдер қадағалаусыз қалып отыр. Осыған орай Петропавл қалалық полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері мұғалімдермен бірлесіп, үй-үйді аралауда. Басты міндет – жасөспірімдер тарапынан құқық бұзушылықтардың жасалуына жол бермеу. Мәселен, 16 жасар петропавлдық жасөспірім полицейлердің назарына бірнеше рет іліккен. Оның анасы баласының тәрбиесіне тиісті көңіл бөлмей, міндетін орындамағаны үшін, үш рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі кезде жасөспірім ювеналдық полицейлердің ерекше бақылауында. Егер ол кезекті рет тәртіп бұзса, отбасына қатысты материал Петропавл қалалық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қарауына тапсырылады.
«Тұрмысы төмен отбасылар және есепте тұрған жасөспірімдер басты назарда. Білім мекемелері, прокуратура органдары, еріктілер және қоғамдық ұйым өкілдерімен бірлескен рейдтер тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Мүдделі ведомстволар мен қоғамдық ұйымдар қолдау көрсетсе құба-құп. Өйткені, әсіресе қазіргі қиын жағдайда ата-аналардың балаларының бос уақытын ұйымдастыруға мүмкіндіктері жоқ», – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Александр Розбах.
Жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің түнде қыдыруының 52 дерегі анықталды. Кейде ата-аналары балаларын заңды өкілдері болып табылмайтын ересек туыстарына ертіп жібереді. Сағат 23-тен кейін балалар тек ата-аналарымен не заңды өкілдерімен ғана жүруі керек. Жеті баланың ішімдік ішкені үшін ата-аналарының жауап беруіне тура келді. Бұған қоса, бір ай ішінде 21 жасөспірім жоғалғаны тіркелді. Жеткіншектерді өз бетінше үйінен кетіп қалуға өзінің еркіндігін және тәуелсіздігін көрсетуге деген ниеті итермейлейді.